Қазақ еліне жақсы таныс көршілес Ресей мен Украина арасындағы жойдасыз соғыс әлем елдерінің естерін ерте жиюына әсер етіп, әскері мен техникалық мүмкіндіктерін қайта бір саралап көруге түрткі болса, біздің әскеріміз әлсіздерге күш көрсетіп, өз бауырын қорлау әдетінен әлі жаңылмаған секілді…
Кез-келген мемлекеттің тарихы, болашағы сол елдің әлеуетті әскерімен тығыз байланысты. Әскери әлеуеті мықты елдің өзгелерден шоқтығы биік, абройы қашанда асқақ. Ол үшін әріге бармай-ақ, өткен ғасырда өткен І және ІІ Дүниежүзілік соғыстарды есімізге алсақ та жетіп жатыр. Мысалы, ІІ-ші Дүниежүзілік соғыста жеңіске жеткен Қызыл армияның арқасында КСРО-ның азуын айға білеп, үстемдік саясат жүргізіп, әлемдік аренада ойып тұрып орын алғанын мектеп оқулығынан бәріміз де таныспыз.
Бала күнімізде сарбаз көрсек қолды шекеге қойып, кеудені тіктеп, сымдай тартылып тұра қалатынбыз. Себебі, әскери адамдар біздер үшін ең қасиетті, ең айбарлы, Отан қорғаушы екенін санадағы түйсік арқылы сезінетінбіз. Олар да сондай атаққа лайықты, адами қасиеттері басым, рухани-саяси жағынан да сауатты, кішіпейіл жандар болып келетін. Әскерден келген ағаларымыздың киімін киіп суретке түсу, бесжұлдызды значоктарын алып кеудеге, белдігін белге тағудың өзі жанымызды жадыратып, көңілімізді өсіріп, ерлік пен жеңімпаздыққа апаратын, алыс қиялға жетелейтін. Әр адам ешбір құндылыққа тең келмес қасиетті санайтын Отан үшін, туған ел үшін қандай қиындық пен қасірет болса да кеудені тік ұстап көтеруге іштей дайын болатынбыз.
Міне, кез-келген сардар, жауынгер, сарбаздардың өзі қарапайым ересек адамдар мен ес білетін баланың түсінігінде ерліктің, өрліктің, мызғымас қорғаныстың айшықты белгісі болып танылатын. Олардың жандүниесін жағымды әсерге бөлеп, үлгі-өнегеге баулитын, батырлықты дәріптейтін асқақ та мейірбан кейіпкерлері еді.
Жоғарыда жазылған «Қызыл армия», біздің кезде Кеңес армиясы болып аталды. Өткен ХХ ғасырдың екінші ширегінде бізде азаматтық борышымызды сол Кеңес әскері қатарында атқардық. Біздің кезде ер-азамат үшін әскерге бармау деген, үлкен ұятты жағдай болатын. Яғни, әскер қатарында болмасаң, өзің қатарлас құрбыларың мен замандастарыңның алдында бір саты төмен тұратындай сезінетінсің. Сол үшін әскерден қалу деген ол уақыттарда өте сирек кездесетін құбылыс еді.
Ал, әскер қатарында болып келген жігітердің бәрі де, мейлі тентек болсын, мейлі болбыр жуас болса да ел көріп, жер көріп ысылған, тек жақсы жағынан ғана өзгеріп келетін. Жүріс-тұрыстағы ширақтық, киім киістегі тазалық, жинақылық, тамақтану режимі көпке дейін сақталатын. Сөз сөйлеу мәнері де жақсы, мінездегі сыпайылық, ағайынға деген мейірім, үлкенге құрмет, кішіге ізет деген асыл қасиеттерді бойына дарытқан, ақылына көркі сай азаматтар болып оралатын. Өйткені Кеңес әскерінің идеологиясы мен әскери доктринасы өте жоғары деңгейде болды. Темірдей тәртіп жоғары басшылық пен қатардағы жауынгерге дейін қатаң сақталатын. Әскери бөлім басшылары мен саяси жетекшілері талапшыл және өте өз істеріне, антына тастай берік, адамгершілікті ту еткен адал жандардан саналды. Қатал тәртіп пен адамгершіікке бағытталған тәрбие мен әскери жарғы жұмыс жасаған жерде ешбір жемқорлық, бармақ басты, көз қысты сыбайластыққа жол жоқ-екендігіне сол Кеңес армиясының ғұмырлық шежіресі дәлел.
Ал енді Қазақстан өз алдына жеке ел болып, тәуелсіздік туын тіктеген тұста осы әскери тәртіп пен патриоттық тәрбие бұрынғыдан да сапалы болуы тиіс еді. Өйткені заман озған сайын әскери техникалар жаңарып, ұрыс тактикалары да өзгере түскен болатын. Алайда бізде бәрі кері кеткен секілді. Неге біздің балалар әскерге барғысы келмейді? Неге олар өз отанын қорғаудан қашады? Өйткені соңғы отыз жыл бойы «…Пәленшенің әскерге кеткен ұлы қайтыс болыпты, жындыханаға түсіпті, мүгедек болыпты, ұрыпты, соғыпты» деген жайсыз хабарларды ақпарат құралдарынан апта сайын, ай сайын еститін болғанбыз. Айдың-күннің аманында, бейбіт заманда әскеріміз неге қырылып жатыр? Неге? Бұл сұрақтың жауабын қайдан, кімнен аламыз?
Жақын күндері Azattyq Ruhy сайтынан «Таразда асылып өлген сарбаздың аузынан, іш киімінен бірнеше адамның шәуеті анықталды» деген мақаланы оқып жаным түршікті. Әскерде жүріп осындай азғындыққа бару деген сұмдық қой. Елімді, жерімді қорғаймын деп барған жас өренге осыншама айуандық жасау… айтудың өзі ауыр. Сонда жауапты жандар қайда қарап отыр? Ол аз десеңіз, ата-анасы тапсырып отырған өрімдей жас өрендерді тәртіпке салып шыңдап, Отан деген қастерлі ұғымды бойына сіңіріп, елінің патриотын баулиды деген әскери қорғаныс саласының басшылары туралы Антикордың баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып Egemen.kz cайты «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет Қорғаныс министрлігінің құрылымдық бөлімшесінің басшысына қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастады» деген хабарлама таратты.
Темірдей тәртіп пен патриоттық өнегенің ордасы деп саналатын әскери бөлімде бұндай бассыздық әркеттердің орын алуы біздің елдің әскери саласының әбден былыққа батып, тұралағанын байқатады. Демек, бұл салада да жан-жақты реформа жасап, жауаптыларды қатаң жазаға тарту арқылы ғана әскердегі әлімжеттік пен айтуға адам ауызы бармайтын айнуандық әрекеттерді тоқтата аламыз деп ойлаймын.
Ата-бабаларымыз әлем бойынша тоғызыншы орында тұрған осы ұлан-ғайыр атырапты бір-біріне әлімжеттік жасап, күш көрсетіп жүріп емес, қайта бір-бірін бауыр көріп, бірлік танытуларының арқасында аман алып қалды. Олардың арасында керемет туыстық, ағайындық, бауырлық байланыс орнады. Қайда жүрсе де қаруласым деп еске алып, батырым деп қадірлеп еске алуға құқылы болды. Ал қазіргі әскердегі жігіттер бір-бірін ұрып-соғып, қорлап жатып, ертеңгі күні қалай бір қатарда тұрғанбыз, қаруласпыз деп айтар екен…
Көнеден келе жатқан «Өз әскерің болмаса, бөтеннің әскерін асырайсың!» деген ғибратты сөзді Отанымыздың, еліміздің амандығы мен мемлекетіміздің тәуелсіздігі үшін бір сәтке болса да естен шығармағанымыз абзал.
Қали ИБРАЙЫМЖАНОВ