Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Заң факультеті еліміздегі құқық саласы бойынша жоғары білікті мамандар даярлайтын жетекші білім ордаларының бірі. Заң факультеті көп жылдық тәжірибесі мен қалыптасқан ғылыми мектебі арқылы қоғам сұранысына сай, кәсіби деңгейі жоғары заңгерлерді тәрбиелеп келеді. Бұл бағыттағы негізгі басымдықтардың бірі сапалы білім беруді қамтамасыз ету, яғни тұрақты дамудың төртінші мақсатына (ТДМ4) сәйкес білім беру жүйесін жетілдіру.
Қазіргі қоғамда заңгер мамандығына қойылатын талап күн санап артып келеді. Тек заң нормаларын білу жеткіліксіз, болашақ маман құқықтық талдау жасай алатын, дәлелді шешім қабылдайтын және азаматтардың құқықтарын қорғауда жауапкершілік таныта алатын болуы тиіс. Осы тұрғыдан алғанда, заң факультетінде білім беру үдерісі жан жақты дамуға бағытталған.Бұл жетістіктердің негізінде студенттерге сапалы білім мен тәжірибе беруге бағытталған жүйелі жұмыс жатыр. ТДМ 4 қағидаттарына сәйкес оқу процесінде қолжетімділік, инклюзивтілік және үздіксіз білім алу мүмкіндіктеріне ерекше мән беріледі. Студенттерге тең мүмкіндік жасалып, олардың қабілетін ашуға бағытталған орта қалыптастырылған.Факультетте теориялық білім мен практикалық дағдылар ұштастырылып, студенттердің кәсіби қалыптасуына ерекше көңіл бөлінеді. Әсіресе кафедралардың үйлесімді жұмысы, оның ішінде азаматтық құқық, қылмыстық құқық бағыттағы пәндер болашақ заңгерлердің іргетасын қалайды. Оқу барысында студенттер тек дәріс тыңдап қана қоймай, нақты құқықтық жағдайларды талдайды, сот процестерінің үлгісін қарастырады, пікірталастарға қатысады. Мұндай тәсіл олардың құқықтық ойлау қабілетін дамытып, теорияны тәжірибемен ұштастыруға мүмкіндік береді.
Заң факультетінің маңызды бағыттарының бірі студенттердің практикалық тәжірибесін арттыру. Осы мақсатта заң клиникалары белсенді жұмыс істейді. Студенттер тәжірибелі оқытушылардың жетекшілігімен азаматтарға тегін құқықтық көмек көрсетіп, нақты істермен жұмыс істеу дағдыларын меңгереді. Аталған жұмыстар олардың кәсіби жауапкершілігін арттырып, болашақ қызметіне дайын болуына ықпал етеді. Сонымен қатар, студенттер түрлі ғылыми жобаларға, конференцияларға және пікірталастарға белсенді қатысады. Факультет түлектері бүгінгі таңда сот жүйесінде, прокуратура органдарында, мемлекеттік қызметте, адвокатура мен нотариат саласында, сондай ақ жеке құқықтық практикада табысты еңбек етуде. Олардың басты ерекшелігікәсіби білімінің тереңдігі, жауапкершілігі және әділдік қағидаттарына адалдығы. Құқық саласы-тек мамандық емес, үлкен жауапкершілік жүктейтін бағыт. Сондықтан болашақ заңгерлердің бойында адалдық, әділдік, адам құқықтарына құрмет сияқты құндылықтарды қалыптастыру маңызды. Бұл құндылықтар оқу процесінде де, тәрбие жұмысында да басты назарда ұсталады.
Бүгінгі таңда заң факультеті заманауи талаптарға сай дамып, білім беру сапасын арттыру бағытында жүйелі жұмыстар жүргізуде. ТДМ 4 аясында оқу бағдарламалары жаңартылып, цифрлық технологиялар енгізіліп, халықаралық тәжірибе ескерілуде. Оқу орадамыз тек білім беретін орын ғана емес, ол сапалы білім беру арқылы қоғамда құқықтық мәдениетті қалыптастыратын маңызды орта. Ал оның түлектері әділдік пен заң үстемдігін қамтамасыз ететін, ел дамуына үлес қосатын кәсіби мамандар.
Сулейменова С.Ж.,
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың заң факультеті
азаматтық құқық, азаматтық іс жүргізу және
еңбек құқығы кафедрасының оқытушысы,
заң ғылымдарының докторы, профессор










