Сенбі, 25 Наурыз, 2023
  • Біз туралы
  • Сайт тәртібі
  • PDF нұсқа
  • Байланыс
Jaraina.kz
  • Басты бет
  • Саясат айнасы
  • Өңір айнасы
  • Тарих айнасы
  • Қоғам айнасы
  • Мәдениет айнасы
No Result
View All Result
Jaraina.kz
No Result
View All Result
Басты бет Қоғам айнасы

Батыр бабаларымыз қайда жатыр?

Жерұйық аттанған Жетісу өлкесімен, Батыс пен Шығысты қосып тұрған Ұлы Жібек жолымен кімдер жүріп өтпеді дейсіз. Жалпақ дүниеге тыныштық іздеп, жұмақты аңсап Асанқайғы бабамыз да, елдің мұңын, жүректің шерін тарқатып, күмбірлеген қобызынан күй төгіп Қорқыт атамыз да, алтын мен күміс артып сауда шеруін, керуен тізбегін жосылтқан саудагерлер де, елі мен жерінің тыныштығын қорғағандар құлағы жастыққа тимей, беліне қылыш байланып, айбалта, найза сайланып, тоқымын төсек, ерін жастық еткен ержүрек батырлар да осы қасиетті туған жеріміздің суын ішіп, топырағын басып, тарих бетінде өшпес те өлмес із-бедер қалдырған.

27 Наурыз, 2022
Батыр бабаларымыз қайда жатыр?
7
БӨЛІСУ
88
ҚАРАЛЫМ
FacebookTwitterTelegram

Жер жаннаты, тұнып жатқан байлық пен берекені көргенде іштеріне қыл сыймай қызғаныштың қызыл итін үргізіп, жемтік көрген құмайдай қанаттарын қомдап, ел мен жердің тыныштығын бұзып, береке – бірлігіне іріткі салушы ұры-қары, қарақшы келімсек – кетімсектер де болды. Біз алысқа бармай-ақ сонау 1720 жылмен 1740 жыл арасында Ұлы жүзге хан болған Жолбарыс ханнан бері зер салып байқап, қазақ тарихы мен Қазақ совет энциклопедиясына сүйенетін болсақ Ұлы жүз тайпалары мекен еткен Іле, Талас, Шу, Сырдария өңірін Жоңғарлар 1723 жылғы жойқын-жорықтары нәтижесінде басып алған. Дәл осы қантөгіс қырғын шайқасты «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» деп атайды.

Жетісудың Ілеге дейінгі бөлігі 18 ғасырдың Жоңғар феодалдарының билігінде болғандықтан Жолбарысханның қол астында Ташкент төңірегіндегі шағын ғана аймақ қалған. 1723 – 1733 жылдар арасында ұлы жүз тайпаларын тұтасымен Жоңғар хандығы биледі. Дәл осы тұста Жолбарыс хан ұлы жүздің атақты билері Төле би, Қодар би және Сатай, Бөлек, Хангелді батырлар өздерін Россия азаматтығына қабылдау жөнінде император Анна Ивановнаға Аралбай мен Оразкелді батырды елшілікке жібереді. 1734 жылы 20 көкекте Анна Ивановна Жолбарысханның атына арнайы грамота жолдайды. Ұлы жүз бен Россия арасында қарым-қатынас дамымағандықтан Жолбарысханның саясаты іске аспаған. (ҚСЭ ІІ том 373-374 беттер).

Ұлы жүздің тайпаларының мекендеген Жетісу жерінің көптеген бөліктері Жоңғар билігінде үнемі қырқысумен болғандықтан бұл Ұлы Жүздің Россияға қосылуына бөгет жасайды. Ұлы жүздің ханы Жолбарыс 1739 жылы Ұлы жүз қазақтарының басын қосып Абылай сұлтанмен біріге отырып, Жоңғарларға қарсы күрес ашады. Бұл кезде Абылай хандық тәжін кимеген. Абылай 1771 жылы үш жүзге хан болып сайланған.

Абылай сұлтанмен Жолбарысханның тізе қосып 1739 жылғы Жоңғарға ашқан қантөгіс шапқыншылығында ерекше ерлік көрсеткен батырлар тобында мына бабаларымыздың аттары аталады. Қабанбай, Бөгенбай, Жәнібек, Наурызбай, Байғазы, Сатай, Бөлек, Хангелді, Аралбай, Оразкелді, Тұрсынбай, Оразымбет, Райымбек, Рүстем, Шақантай (Жауқашыр). Осы батырлардың ерен ерліктерінің арқасында 1758 жылы Жоңғар хандығы жойылды. Тарих ғылымының докторы, профессор, Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген халық ағарту қызметкері Жанұзақ Қасымбаевтың «Абылай хан» деген зерттеу еңбегінде «XVIII ғасырдың 40-жылдарында Жоңғар хандығын төмпештеуде көзге түскен Абылайдың төмендегі серіктері бар еді. Қосай, Байбарақ, Құттымбет, Айтбай, Ертіс, Дүйсенбай, Мырзакелді, Дәулет, Өрікбай» тағы басқалар дейді. Осындай айбарлы адуынды, ержүрек батыр бабаларымыздың санатында, бүгінгі таңда Жаркент өңірінде өсіп-өркендеп келе жатқан Ұлы жүздің бір бұтағы Суан әулетінен шыққан Сатай, Үмбетей, Мырзакелді, Оразкелді, Аралбай есімдерін естігенде оларға ұрпақ болып жаратылғаның үшін батыр-бабаларымыздың аруағы мен қасиетіне еріксіз бас иесің. Осы ардақты есімдер қазақ тарихында, қазақ энциклопедиясының беттерінде өшпес әріптермен жазылған.

Біздің қасиетті топырағымызды аттары тасқа басылмаған, сырлары ашылмаған, ел аузында аңыз болып ұрпақтан-ұрпаққа жеткен халық батырлары қаншама. Оларға: Кебенек батыр (Үмбет), Туматай (Тентек Матай) батыр, Ұзақ батыр, Шойнақ батыр, Қара Биғаш батыр, Әтікей батыр, Нұржеке батыр жатады. Көкірегі ашық, көзі қырағы оқушы қауымды толғандырып, олардың жүрегін жаралап, қап әттеген-ай дегізер сұрақтар сол батыр бабаларымыздың өмір сүрген, қай жыл, қай күні өмірімен қоштасқандығы, қай төбеде, қай жердің топырағын торқа етіп оранып жатқандығы ешқандай тарихта сақталмаған. Тек ел аузында ғана аракідік сақталған. Ұлы жүздің ханы Жолбарыстың 1723 жылы жоңғарлардың жойқын соғысында Сатай, Ханкелді, Бөлек, Мырзакелді, Аралбай, Оразкелді батырлар белсене қатысқан. Осыған қарағанда бұл батырлардың туған жылдары бір-бірінен алшақ емес.

Қазақтың «Отызда орда бұзбасаң, қырқыңда қыр аспайсың» деген мақалы бар емес пе. Осыған қарағанда 1695 жылдар, кішісі 1700 жылдар өмірге келген болуы керек. Себебі, 20 жаспен 35 жастың арасында күш-қуаттың, намысқойлықтың қазаны қайнап тұрған кез. Осы аты аталған батырлардың 17-ғасырдың алғашқы бес жылдығында өмірге келгендігін, замандас, құрдас, үзеңгілес екендігін суан шежіресінен де айқын байқауға болады. Мысалы: Сатай батырдың әкесі Алдияр, Алдиярдың әкесі Жылкелді, Жылкелдінің әкесі Байтүгей, Байтүгейдің әкесі Суан. Сонда Сатай бесінші ата, енді Мырзакелді мен Жылкелдінің әкесі Егізек (Орыс), Орыстың әкесі Мұрат, Мұраттың әкесі Тоқарыстан, Тоқарыстанның әкесі Суан, міне Мырзакелдінің Хангелді де бесінші ата, Бөлек батырдың әкесі Киікбай, Киікбайдың әкесі Бөргелтай, Бөргелтайдың әкесі Тұрдымбек, Тұрдымбектің әкесі Тоғарыстан, Тоғарыстанның әкесі Суан, Сонда Бөлек батыр алтыншы ата. Бұған қарағанда Бөлек атамыз батырлардан кіші болуы керек.

Қаракерей Қабанбай батыр 1691 жылы туған болса, біздің Суанның батырларымен жас айырмашылығы 5-10 жас қана болуы ықтимал. Абылай сұлтан 1771 жылы үш жүздің басын қосып Абылай хан атанды. Дәл осы мерзімде Суан батырлары Абылай ханның ең сенімді серіктері, белді батырлары болған.

Бұл менің батырлар жөніндегі аз-кем деректерге сүйеніп жасаған болжамым. Кімде болсын халық батырларының өміріне көз жіберіп, өз ой болжамын ортаға салғанда ұлтшылдыққа, рушылдыққа жол ашты деп ойламау керек. Біздің батыр бабаларымыз қаншалықты қиын-қыстақта өмір сүрсе, халық та сол өмірдің қайнаған қазанынан дәм татты. Батырлар тарихы – халық тарихы. Оның өшпес шежіресі. Ең бір өкінішті, орны толмайтын олқылық жерлес, қандас, тіпті аталас, бауырлас батырларымыздың қайда жатқанының белгісіз болуы біз үшін ғана емес, бізден кейінгі ұрпақтар үшін де орны толмайтын өкініш.

Сонау 1959 жылдан бастап батыр бабаларымыз туралы, оқыған, оқымаған, ел арасы, халық ортасынан шыққан сұңғыла зейін, зердесі ашық, ел тарихына жаны ашып, оны көкірек көңілдеріне сақтап жүрген Нұрғали, Құрманжан, Қажаназар, Зейнел, Ыдырыс, Қожағұл, Бералиев Әмет, Кәрімжан сияқты көпті көрген, көзі ашық әкелерімізбен сөйлесе келіп, суыртпақтап сыр тартқанда, нақты мына төбеде жатыр деп дәл басып көрсете алмаса да өзі естіп білгендерін жасырмай, мекен-жай тұрақтарына қарай жоба-жасақтарын айтқан еді.

Осы ақсақалдардың айтуынша Сатай батыр сол өзінің атамекен Сарыбел мен Тышқан өзенінің маңында (кей деректерде Алакөл маңайында шайқас үстінде қайтыс болып, сол жақта жерленген делінеді), ал Хангелді батыр Малдыбайдың белі мен Қоңырөлең арқылы өтетін Көктерек өзендерінің сағасында, ал Мырзакелді батыр Өсек өзенінің өрлей шыққандығы Қойтастымен Ақдала алаңқайында, Бөлек батыр Ортатауға жақын, «Қарамола» деген жерде болуы керек деген болжам айтады. Осы үлкен әкелеріміздің осындай болжам айтуына қандай куәлік керек десек, әрбір елдің атақты хандары, сұлтандары, батырлары, би, болыстары қаншалықты төтенше жағдайда да өз сүйектерін жат топыраққа тастамауы, ұлттық намысқа саясатқа айналған. Тіпті жаугершілікте жат елде өлсе де, өз топырағына сүйектерін әкеп, жерлеу ел мен жұрттың, әлейім халықтың ең соңғы борышы болған. Дәл осындай иманжүзділікке жүгінсек, Сатай батырдың бабасы Байтүгей ұрпағы қазіргі мезгілде сол Сарыбел, Тышқанды мекендейді. Ал Мырзакелді батырдың жеті баласынан тараған ұрпақтың дерлік көпшілігі осы Өсек өзенінің айналасында өмір көштерін жалғастыруда.

Хангелді батырдан тараған ұрпақтар Ақша, Солтанқұлдың өскен, өркендеген жерлері Қоңырөлең, Көктерек, Қостал, Ақжазық, дәл айтсақ Долаңқара тауының батыс оңтүстік сағасы. 1928 жылдардын бастап солтанқұлдар Әшірарықтың төменгі тұс жағына көшіп келіп қоныс тепкен. Бұл Бексұлтан Нұржекеұлының «Жау жағадан алғанда» атты кітабында толық баяндалған.

1875 жылы осы өңірде дүниеге келген Хасен Жиеншарұлы 1945 жылы қайтыс болған. Хасен өзінің Қожағұлға айтқанына қарағанда Бөлек батырдың бейіті осы Қарамолада екендігін айтып 14-15 жасында Қожағұлды ертіп келіп, осы Қарамолаға зиратқа бірнеше рет дұға жасап, тағзым еткен. Қасеннің баласы Қожағұл 1930 жылы туған, зейнеткер, Абай мектебінде қызмет еткен. Қожекеңнің айтуы бойынша Қарамоланың қасында соғыс жылдары қырман болған. Қазір оның барлығы жыртылып, бейіт орны жасырылған.

Біз батыр бабаларымыздың қай жылы өліп, қай жылы туғанын, қай төбеде жатқанын білмегеніміз үшін кінәлі емес те шығармыз. Оған заманның аумалы-төкпелі болуы, ол кезде тарихи архивтің жоқтығы да себеп болған шығар. Біздің кейінгі ұрпақтың борышымыз бен атқарар міндетіміз олардың аруағына бас иіп, қадір-қасиетін қастерлеп, ғасырдан ғасырға батыр деген құдіретті аттарын өшірмей қалдыру. Ұрпаққа үлгі, халыққа мұра ету. «Атаңа не істесең, алдыңа сол келеді» деген. Менің қалам алудағы мақсатым осы батыр бабаларымыз туралы ел арасында дуалы аңыздарға сақталған тарихи анықтамалар, естелік, шежіре, дастандар болса, аруақтар үшін жиып-теріп жарыққа шығару. Ауылға, мектепке, көшелерге, туған елі мен жеріне батырлардың есімін беру арқылы олардың ерлігін мәңгі сақтау.

Әдепхан ТӨРЕХАНҰЛЫ,

ҚР Мәдениет және Білім беру

ісінің озық қызметкері.

Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі

Алдыңғы мақала

Ат мінгенімізге – бес мың жыл

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ...

Талды, Бұрхан ауылдарынан 1937 жылы қуғынға ұшыраған отбасылар

Добавить комментарий Отменить ответ

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

КӨП ОҚЫЛҒАНДАР

Депутат мемлекетті 5G құрылысын бақылауға шақырды

Депутат мемлекетті 5G құрылысын бақылауға шақырды

15 Желтоқсан, 2022
1k
Топыраққа тұншыққан тарих

Топыраққа тұншыққан тарих

4 Қараша, 2022
688
Қытай жеріндегі «Шейіт сай» туралы не білеміз?

Қытай жеріндегі «Шейіт сай» туралы не білеміз?

19 Қараша, 2022
677
Жаркент қаласына 140 жыл емес, 1400 жыл

Жаркент қаласына 140 жыл емес, 1400 жыл

22 Қазан, 2022
483
Тоқбай ИСАБЕК: Ластанған адамдарға қас жаным

Тоқбай ИСАБЕК: Ластанған адамдарға қас жаным

20 Сәуір, 2022
464
Қорғас қырғыны

Қорғас қырғыны

19 Сәуір, 2022
365
Өзен аты Өсек пе, Үсек пе?

Өзен аты Өсек пе, Үсек пе?

28 Қазан, 2022
365
Қазаққа қорған болған Жұмабек мерген

Қазаққа қорған болған Жұмабек мерген

26 Қараша, 2022
276
Алмас ТОҚСАНБАЙ, PhD доктор, тарихшы ғалым: Біз өзгелер үлгі алатын ұлтқа айналуымыз керек

Алмас ТОҚСАНБАЙ, PhD доктор, тарихшы ғалым: Біз өзгелер үлгі алатын ұлтқа айналуымыз керек

22 Қазан, 2022
267
Суан Назар батыр қайда жерленген?

Суан Назар батыр қайда жерленген?

21 Наурыз, 2023
232

БІЗ ТУРАЛЫ

Jaraina.kz

Газет Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінде 13.09.2018 ж. тіркеліп, №17270-Г куәлігі берілген.

ПОРТАЛ ТӘРТІБІ

Материалдар мен ақпараттарды портал брендін көрсетіп, гиперсілтеме жасаған жағдайда ғана қолдануға рұқсат етіледі. Ақпараттан мәтін, мәтін бөлігі немесе дәйексөз алынғанда міндетті түрде тиісті сілтеме көрсетілуі керек.

БАЙЛАНЫС

E-mail: jar-aina@mail.ru
Телефон: +7 (777) 971 57 67
Мекен-жайымыз: ҚР, Жетісу облысы, Жаркент қаласы, Е.Сыпатаев көшесі, 242 үй, 14-пәтер

РЕДАКЦИЯ

  • Біз туралы
  • Сайт тәртібі
  • PDF нұсқа
  • Байланыс

© 2022 / Jaraina.kz - қоғамдық-саяси, ақпараттық-экономикалық, тарихи-танымдық газетінің сайты / Барлық құқықтар қорғалған.

No Result
View All Result
  • Басты бет
  • Саясат айнасы
  • Өңір айнасы
  • Тарих айнасы
  • Қоғам айнасы
  • Мәдениет айнасы

© 2022 / Jaraina.kz - қоғамдық-саяси, ақпараттық-экономикалық, тарихи-танымдық газетінің сайты / Барлық құқықтар қорғалған.