/әңгіме/
Есік алдындағы кіре берісте «Мистер мен Миссис Артур Льюиске, Нью-Йорк, 10016, Нью-Йорк, отыз жетінші көше, 217 Е» деп сыртындағы картон қорапқа олардың аты-жөні мен мекен-жайы қолмен жазылған, таспамен мөрленген бума жатыр екен. Норма буманы алып, есікті ашып үйге кірді. Ымырт түсе бастаған еді.
Ол қойдың жаншылған етін қуырғыш пешке салды да, өзі буманы ашуға отырды.
Қораптың ішінде кішкене ағаш жәшікке бекітілген батырмалы блок екен. Батырманы күмбез тәрізді дөңес әйнек жауып тұр. Норма ашуға тырысып еді, тым қатты жабылған екен. Оны төңкергенде қораптың түбіне желімді таспамен жапсырылған бүктеулі қағазды көрді. Қағазда «Кешкі сағат 8:00-де Стюард мырза сізге хабарласады» деп жазылыпты.
Норма түймелі қорапты қасына қойды да, жазбаны күлімсірей қайта оқып шықты.
Сәлден соң салат жасауға ас үйге кірді. Есік қоңырауы дәл сегізде соғылды. «Мен ашамын!» – деп Норма ас үйден дауыстады. Артур қонақ бөлмеде кітап оқып отырған.
Дәлізде аласа бойлы ер адам тұр екен. Норма есік ашқанда ол бас киімін алып, ізет білдірді.
– Льюис ханым ба екен? – деп сыпайы сұрады.
– Иә.
– Мен Стюард мырзамын.
– Аа, иә…
Норма езуін жия қойды. Оның саудагерлік ұсыныспен келгеніне күмәнданбады.
– Кіруге бола ма? – деп сұрады Стюард мырза.
– Мен қазір бос емеспін. Кешіріңіз, мен сіздің ана затыңызды әкеліп берейін, – деп ол бұрыла берді.
– Оның не нәрсе екенін білгіңіз келмей ме?
Стюард мырзаның үні мұны кекегендей болып естілді. Норма қайта бұрылды.
– Жоқ. Мен қажет деп ойламаймын.
– Бұл өте тиімді болуы мүмкін…
– Ақша жағынан ба? – деп әдейі сұрады бұл. Стюард мырза басын изеді.
– Иә.
Норма қабағын түйді. Стюардтың бұл қылығы оған ұнамады.
– Не сатпақшысыз?
– Мен ештеңе сатпаймын.
Осы кезде қонақ бөлмеден Артур шықты.
– Бірдеңе болып қалды ма?
Стюард мырза өзін таныстырды.
– А, мынау ма… Бұл қандай құрылғы?
Артур Стюардқа қонақ бөлме жақты нұсқап жымиды.
– Мен қысқаша түсіндірейін, – деді Стюард мырза. – Кіруге бола ма?
– Егер бірнәрсе сатып жүрсеңіз…
– Жоқ, – деп Стюард мырза басын шайқады. Артур сұраулы жүзбен Нормаға қарады. «Қалауың білсін», – деді Норма. Ол сәл аңтарылып, «Неге көрмеске?» – деді.
***
Олар қонақ бөлмеге кірді. Стюард мырза Норманың орындығына жайғасты. Ол пальтосының төс қалтасына қолын салып, желімдеулі шағын конвертті суырып алды.
– Мұнда батырма қақпағының кілті бар. Оның қоңырауы біздің кеңсеге жалғанған, – деп конвертті орындықтың жанындағы үстелдің үстіне қойды.
– Бұл не үшін? – деп сұрады Артур.
– Егер сіз батырманы бассаңыз, әлемнің бір бұрышында сіз танымайтын бір адам өледі. Оның орнына сіз 50 000 доллар сыйақы аласыз, – деді Стюард мырза.
Норма оған қадала қарап қалды, ал ол болса жымиып отыр еді.
– Сіз не айтып тұрсыз? – деді Артур.
Стюард мырза оған таңырқай қарап:
– Мен жай ғана түсіндірдім, – деді.
– Бұл не, әзіл ме?
– Жоқ, мүлдем олай емес. Бұл шынайы нақты ұсыныс.
– Сөзіңіздің еш мәні жоқ, біз сізге сенеді деп ойлап отырсыз ба? – деді Артур.
– Сіз кімнің өкілісіз? – деп Норма сөзге қосылды.
Стюард мырза ұялған сыңай танытты.
– Мен мұны сіздерге айта алмаймын ба деп қорқамын. Дегенмен де, сіздерді бұл ұйымның халықаралық көлемде әрекет ететініне сендіремін, – деді.
– Меніңше, сіздің кеткеніңіз жөн, – деді Артур.
Стюард мырза орнынан тұрды.
– Әрине.
– Құрылғыңызды өзіңізбен бірге алып кетіңіз.
– Сіз бұл туралы біраз уақыт ойланбайтыныңызға сенімдісіз бе?
Артур құрылғы мен конвертті алып, Стюард мырзаның қолына ұстатты. Ол холлға шығып, есікті ашты.
– Мен визиткамды қалдырамын. Стюард мырза оны есіктің жанындағы үстелдің үстіне қойды.
Ол шығысымен, Артур оны екіге бөліп лақтырып жіберді. Норма диванда отырып қалды. Әлден соң «Бұл не болды деп ойлайсың?» – деп сұрады.
– Білгім де келмейді, – деп Артур ықылассыз жауап берді.
Норма күлуге тырысқанымен, езу тарта алмады.
– Сені бұл мүлдем қызықтырмай ма?
– Жоқ. Ол басын шайқады.
Артур кітабын оқуға кірісті де, ал Норма ас үйге қайтып келіп, ыдыс-аяқтарын жуып бітірді.
– Жаңағы мәселе жөнінде неге сөйлескің келмейді? – деп сұрады Норма.
Артур жуынатын бөлмеде тісін тазалап тұрған еді, көзі айнадағы өз бейнесіне түсті.
– Бұл сені қызықтырмай ма?
– Бұл мені қапаландырады, – деді Артур.
– Білемін, бірақ… сені де қызықтырады, солай емес пе? – деді Норма шашына тағы бір бұйралағышты салып жатып.
Олар жатын бөлмеге кіріп бара жатқанда,
– Сен мұны әзіл деп ойлайсың ба? – деп сұрады Норма.
– Егер ол әзіл болса да, кеселді әзіл, – деп жауап берді күйеуі.
Норма төсегіне отырып, аяғындағы сүйретпесін шешті.
– Кім білсін, бұл психологиялық зерттеудің бір түрі шығар…
– Мүмкін, – деп Артур иығын көтерді.
– Бәлкім, бұл бір еріккен миллионердің ісі шығар.
– Солай болар.
– Білгің келмей ме?
Артур басын шайқады.
– Неге?
– Өйткені бұл азғындық.
– Меніңше, бұл адамды қызықтыратын нәрсе, – деп Норма көрпесінің астына кіріп кетті. Артур шамды сөндіріп, оны сүюге еңкейді.
– Қайырлы түн!
– Қайырлы түн!
Норма оның арқасынан қақты. Көзін жұмып жатып, «Елу мың доллар» – деп ойлады ол.
***
Таңертең үйден шығып бара жатып Норма үстел үстіндегі жыртылған визитканы көрді. Ол визитканы жинап, жылдамдата әмиянына салып, есікті құлыптап, лифтте Артурды қуып жетті.
Ол кофе-брейк кезінде әмиянынан визитканың бөліктерін алып, жыртылған шеттерін бір-біріне қосты. Онда тек Стюард мырзаның аты-жөні мен телефоны ғана жазылған екен.
Түскі астан кейін ол әмиянынан визитканың бөліктерін алып, шеттерін тағы біріктірді. «Мен неге бұлай істеп отырмын?» деп ойлады ол. Сағат беске жетпей сол нөмірге телефон соқты.
– Қайырлы күн! – деген Стюард мырзаның дауысы шықты.
Норма трубканы қоя жаздап барып, өзін-өзі тежеп қалды. Ол тамағын кенеді.
– Бұл Льюис ханым.
– Иә, Льюис ханым, – деді Стюард мырза риза үнмен.
– Менің білгім кеп тұрғаны…
– Иә, бұл табиғи нәрсе.
– Сіздің бізге айтқан сөздеріңізге сенгендіктен емес.
– О, бұл таза шындық.
– Қалай болғанда да… – деп Норма жұтынып қойды. – Сіз әлемде біреу дүниеден өтеді дегенде, не айтқыңыз келді?
– Дәл солай. Бұл кез келген адам болуы мүмкін, – деп жауап берді Стюард мырза. – Біз тек сіздердің оларды танымайтындарыңызға кепілдік береміз және олардың өлгенін көрудің қажеті де жоқ.
– 50 мың долларға?
– Дәл солай.
– Бұл ессіздік, – деді ол шеней сөйлеп.
– Дегенмен, бұл ұсыныс. Батырмалы блокты қайтаруымды қалайсыз ба? – деді Стюард мырза. Норма қалшиып тұрып қалды.
– Әрине жоқ, – деп ашуланып телефонды қоя салды.
Бума кіре берістегі есіктің түбінде жатты. Норма оны лифттен шыға салысымен көрді. «Не деген арсыздық». Ол есікті ашқанда қорапқа жек көре қарап, «мен оны алмаймын» деп ойлады. Үйге кіріп, кешкі астың қамына кірісті.
Біраздан кейін сыртқа шығып, кіре берістегі буманы алып, ас үйге апарып үстелдің үстіне қойды.
Өзі қонақ бөлмеде терезеге қарап біраз отырды. Сәлден соң пештегі котлеттерді аударыстыру үшін ас үйге қайта кірді. Буманы шкафтың төмен жағына түсірді. Оны таңертең лақтырып жіберуге бекінді.
– Мүмкін бір еріккен миллионер адамдармен ойнап жүрген шығар, – деді Норма.
Артур ішіп отырған тамағынан басын көтеріп:
– Мен сені түсінбеймін, – деді.
– Жалпы, бұл нені білдіреді?
– Ол мәселе туралы ойлауды қой.
Норма үндемей отырып тамағын ішті. Кенет шанышқысын қойды да:
– Егер бұл шын ұсыныс болса ше?– деді.
Артур оған қадала қарап қалды.
– Шын ұсыныс болса ше?
– Жарайды, солай делік? – деді ол Нормаға сенбестікпен қарап.
– Сонда не істегің келеді? Құрылғыны кері қайтарып алып, батырманы басқың келе ме? Біреуді өлтіргің келе ме?
Оған Норма жиіркенішті болып көрінді. «Кісі өлтіру…».
– Оны қайдан білесің? Сен ол адамды тіптен танымайсың да ғой, – деді Норма. Артур оған таңырқай қарады.
– Мен сен туралы ойлағанымдай болып шықтың ғой…
Норма сол кезде:
– Егер ол он мың миль қашықтықтағы әлдебір кедей қытай шаруасы болса ше? Конгоның аурушаң тұрғыны болса ше? – дегенде:
– Пенсильваниядағы кішкентай сәби болса ше? Көрші үйде тұратын әдемі кішкентай қыз болса ше? – деп Артур қарсыласты.
– Енді қазір сен мұны әдейі күрделендіріп отырсың.
– Әңгіменің түйіні мынада, Норма, сен кімді өлтірсең де бәрібір. Бұл – кісі өлтіру, – деп сөзін жалғастырды Артур.
– Әңгіме мынада, егер ол өміріңде ешқашан көрмеген және ешқашан көрмейтін адам болса, оның өлімі туралы білуге де тиіс болмасаң, сонда да түймені баспайсың ба? – деді Норма оның сөзін бөліп. Артур оған үрейлене қарады.
– Ал, сен басар ма едің?
– Елу мың доллар, Артур.
– Қандай сома болса да…
– Елу мың доллар, Артур, – деп сөзін бөлді Норма. Бұл деген біз үнемі айтатын Еуропаға саяхатқа бару мүмкіндігі.
– Норма, жоқ.
– Аралдан коттедж сатып алу мүмкіндігі.
– Норма, жоқ.
Артурдың жүзі қуқыл тартып кетті. Оны байқаған Норма дір ете қалды.
– Жарайды, сабыр ет, – деді ол. – Неге сонша көңіл-күйің бұзылып кетті? Бұл жай әңгіме ғой.
Кешкі астан кейін Артур қонақ бөлмеге кетті. Ол үстелден тұрарда «Егер қарсы болмасаң, бұл мәселені енді қозғамағанымыз жөн» – деді.
Норма иығын көтерді. «Мен келісемін».
***
Артурдың таңғы асына құймақ, жұмыртқа және бекон жасау үшін Норма әдеттегіден ерте тұрды.
– Бұл ненің құрметіне? – деп күлімсірей сұрады Артур.
– Жай, әншейін, – деді Норма өкпелегендей, – мен дайындағым келгесін, істедім.
– Жақсы, – деді ол, – мен қуаныштымын.
Норма оның кесесін толтырды.
– Мен өзімнің ондай емес екенімді көрсеткім келді…
Артур иығын көтеріп:
– Түсінбедім, қандай емес екеніңді?
– Өзімшіл.
– Мен сені өзімшіл дедім бе?
– Жақсы, кеше кешкілік … деп ол түсініксіз қолын сілтеді.
Артур үндеген жоқ.
– Кешегі құрылғы туралы әңгімеміз ше, сен мені дұрыс түсінбедің, – деді Норма.
– Қалайша? – деген оның дауысы тіксіне шықты.
– Меніңше, сен мені тек өзімді ғана ойлайтындай сезіндің, – деп ол тағы да қолын сілтеді.
– Солай ма?
– Шындығында мәселе олай емес.
– Норма…
– Иә, олай емес. Еуропа туралы айтқанда, аралдағы коттедж…
– Норма, бізге бұның не қатысы бар?
– Мүлдем қатысы жоқ. Мен жай соны сенің есіңе салғым кеп… – деді ол деміне діріл араласып.
– Сонда не дейсің?
– Мен Еуропаға баруды армандаймын. Аралда коттеджіміз болғанын қалаймын. Мәселен, маған жайлы пәтер, жақсы жиһаз, әдемі киім, көлік болғаны керек. Түптеп келгенде, балалы болғанымызды қалаймын.
– Норма, біз бәрін жасаймыз.
– Қашан?
Артур оған үрейлене қарады. Норма…
– Қашан?!
– Сен.. сен шын айтасың ба? – деді Артур сәл шеттегендей.
– Мен мұны қандай да бір зерттеу жобасы үшін жасап жатқан шығар деп айтып отырмын! – деп ол Артурдың сөзін бөліп тастады. – Олар мұндай жағдайда қарапайым адамдардың не істейтінін білгісі келеді! Кінәлі болу, мазасыздық бар ма, жоқ па, тағы басқа әрекеттерін зерттеу үшін біреуді өледі деп жай ғана айтып жатыр! Сен олар біреуді өлтіреді деп ойламайсың ғой, солай ма?!
Артур жауап бермеді. Жұбайы оның қолдарының дірілдеп тұрғанын көрді. Сәлден соң ол орнынан тұрып кетіп қалды.
Ол жұмысқа кеткенде, Норма үстел үстіндегі кофесіне тесірейе қарап отырып қалды. «Жұмысқа кешігетін болдым» – деп ойлады. «Онда тұрған не бар» – деп иығын көтерді. Ол кеңседе жұмыс істемей, үйде болуы керек.
Норма ыдыстарды жинап жатып, кенет бұрылды да, қолын сүртіп, астыңғы шкафтан буманы алды. Ашып, үстелге батырмалы құрылғыны қойды. Содан соң конверттен кілтті алып, әйнек қақпақты алып тастамас бұрын оған ұзақ қарады. Батырмаға қарап біраз тұрды. «Қандай күлкілі» – деп өз қылығын ойлады. Әлектің бәрі осы бір мәнсіз батырма үшін болуда.
Қолын созып, батырманы басты. «Біз үшін» – деді ренішті кейіппен. Денесі дірілдеп кетті. Шындығында болып жатыр ма? Тұла бойын қорқыныш билеп алды. Сәлден соң басылды. Ол жиренішті үн шығарып, «күлкілі» деп қойды. Ұсақ-түйекке алаңдамау үшін ширығып алды. Батырманы, қақпағы мен кілтті қоқыс жәшігіне лақтырып, жұмысқа киінуге асықты.
Ол кешкі стейктерді аударыстыра бастағанда телефон безілдей жөнелді. Ол тұтқаны көтерді.
– Сәлеметсіз бе?
– Льюис ханым ба екен?
– Иә?
– Бұл Ленокс Хилл ауруханасы.
Оған метродағы апат туралы хабар берді. Перрондағы топырлаған халықтың итеруімен Артурдың пойыздың астына түсіп кеткендігін естігенде өзін өң мен түстің ортасында қалғандай сезінді. Есін жиғанда басын ұзақ шайқап отырғанын ұққанымен, өзін тоқтата алмады.
Телефон тұтқасын қойғанда, Артурдың қайғылы жағдайға ұшырағанда өтемақысы екі еселеніп төленетін 25 000 долларлық өмірін сақтандыру полисі есіне түсті.
«Жоқ». Ол тұншығып бара жатқандай болды. Орнынан әзер тұрып, ес-түссіз ас үйге кірді. Қоқыс жәшігінен батырмалы құрылғыны алып жатқанда оның шекесіне сұп-суық бірдеңе тиді. Онда ешқандай шеге де, бұранда да көрінбеді. Норма оның қалай құрастырылғанын түсіне алмады. Кенет құрылғыны ала салып, бар күшімен қол жуғыштың шетіне быт-шыты шыққанша соққылай берді.
Саусақтарының тілініп кеткеніне де қарамай, құрылғының бүйірлерін жұлып алды. Қораптың ішінде транзисторлар да, сым мен түтіктер де жоқ, бос екен.
Телефон шырылдаған кезде ол қинала тыныстап, шыр айналды. Қонақ бөлмеге сүріне кіріп, телефон тұтқасын көтерді.
– Льюис ханым ба? – деп сұрады Стюард мырза.
– Сіз өлетін адамды білмейсіз деп едіңіз ғой! – Оның жанұшыра шыңғырған дауысы мүлдем өзінікі емес сияқты болып көрінді.
– Қымбатты ханым, – деді Стюард мырза. – Сіз шындығында күйеуіңізді білетінмін деп ойлайсыз ба?
Ричард МЭТИСОН
фэнтези, хоррор және ғылыми фантастика жанрларындағы америка жазушысы, сценарист. «Эдгар», «Хьюго», Брэм Стокер, Жазушылар Гильдиясы, Әлемдік фэнтези сыйлықтарының иегері.
Ағылшын тілінен аударған Салтанат МОЛОТҚЫЗЫ,
Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің аға оқытушысы.
Оқып жатып,батырманы баспаса екен деп
ойлап ем.
Ұнады, қоғамға ой салатын әңгіме екен.
Салтанат Молотқызы қаламыңыз ұштала берсін.
Әлем әдебиеттерін қазақ тілінде оқыған қандай керемет! Еңбегіңіздің жемісін көріңіз
Жеңіл оқылады, ана тілімізге бейімделіп аударылыпты.
Батырма әңгімесін оқуға кеңес беремін. Маған қатты ұнады. Қазақ тілінде оқу ерекше әсер қалдырды.
Фэнтези жанрындағы кітіптарды көп оқимын. Бұл оқиға мені басынан бастап оқи бастағанда қызықтырып, бір деммен оқып шықтым. Өте керемет. Салтанат Молотовна, Сізге рахмет!
Оқуға кеңес беремін. Тамаша әңгіме, оқу барысында ерекше әсерге бөленедім. Әңгімені қазақ тілінде оқу әңгімені жете түсінуге мүмкіндік берді. Сапалы аударма үшін рахмет.
Керемет аударма! Бөлісуге тұрарлық дүние екен!
Заманауи үлгідегі хиқаятты әңгіме екен. Бүгінгі қоғамға қажет дүние екен. Жарайсыз! Салтанат Молотовна. Шығармашылық ұшқыр қиялыңыз шарықтай берсін
Керемет әңгіме!
Керемет????
Бір деммен оқып шықтым, өте қызықты әрі жаңаша маған қатты ұнады
Адамдардың имандылығы мен қанағатшыл болуының маңыздылығына тағы бір мысал екен. Ерлі зайыптылардың арасында жиі кездесетін бірін — бірі тыңдамаудың кесірі осындай қайғылы жағдайға әкеледі. Артур жақсы адам екені басынан білінді, әттең Норма тілін алмады.
Жаксы аударылған, тілі жатық және түсінікті.
Керемет
Өте қызықты шытырман оқиғалы әңгіме,оқуға кеңес беремін!
Өте керемет!
Керемет
Оте керемет
Қу дүние ай! Батырманы бастырған!