Әбен ДӘУРЕНБЕКОВ – 1939 жылы Шығыс Түркістан (ҚХР) өлкесінің Жарсу деген жерінде дүниеге келген. 1967 жылы Абай атындағы Қазақ педагогика институтын бітірген. Талдықорған облыстық «Жерұйық» (бұрынғы «Октябрь туы») газетінде тілші, мектептерде мұғалім болып қызмет істеген. «Таң», «Мөлдір тамшы», «Тамшыбұлақ», «Балконнан ұшқан көгершін», «Мамыр айы» атты жыр жинақтарының авторы. Алматы облысы, Панфилов ауданының Құрметті азаматы. 2011 жылы өмірден өткен.
АУЫЛҒА БАРҒАНДА
Жапырақ жасыл пердесі
Саздағы қаздай сәнді үйлер.
Ата-анам өткен жерде осы
Ән-күй көп мені әлдилер.
Жақынға, досқа, бауырға
Сағынышым бар арайлы.
Бас қосып осы ауылда
Жан-жаққа жолдар тарайды.
Шуақ боп жеткен күлкің көп,
Ұлыңның сенде құлағы.
Өзіңе қарсы бүлкілдеп,
Бүйрегім бұрып тұрады.
Өңімде және түсімде
Шомылып жүрем Өсекке.
Қуаныштарыңның ішінде
Мені де бар деп есепте.
Базарлы жолдың нысаны,
Баяндар жерім тек менің.
Дегбірімді алып ұшады
Өзіңе қарай кептерім.
Ұшырдым тағы құсымды,
Сырымды айтып ел білген.
Қанат қып сағынышымды,
Көктеміңді алып келдім мен.
Жыл құсын көрген тоғай да
Көктем боп күліп ән салды.
Көңілдің күйі оңай ма,
Көктемдей көрдім баршаңды.
Іргесін жайған тілеулі ел,
Қуандым солар үшін мен.
Ұзатып қызын біреулер,
Біреулер келін түсірген.
Уақыт жылжып тартты алға,
Жабырқайтын да жайым бар.
Селдіреп қапты қарттар да,
Селдіреп қапты қайыңдар.
Ауыл деп өлеңдетем кеп,
Көңілді қобалжытамын.
Кеспесе балта екен деп
Мезгілсіз бір де бұтағын.
***
Әулиеата жеріне келіп едің, Мәдина,
Екі өзенді тел емген елік едің, Мәдина.
Көлде жүзген мамырлап ақ қаз едің, Мәдина,
Жамалың да, жаның да тап-таза едің, Мәдина.
Саусағыңды саусағым сипап еді, Мәдина,
Саусақтарың не деген шипалы еді, Мәдина!
Күлімдеген көзіңнен күн көрінген, Мәдина,
Көре алмайды ол күнді кім көрінген, Мәдина.
Ақ тамақтың астында мең бар еді, Мәдина,
Сол бір меңге қадалып нем бар еді, Мәдина!
Қайда жүрсең мен көрген қалпыңдасың, Мәдина,
Аман болсын аялулы, алтын басың, Мәдина!
***
ЖАҚЫНЫҢДЫ ЖАТТАЙ СЫЙЛА
Қатар жүрсең қадірің – қас-қабағың,
Араласар ауыл үй ас-табағың.
Жан қысылған кезіңде жақыныңа,
Жүгіресің (қалмайды басқа амалың).
Бұйырғаны дәм татар нәсіп-құтқа,
Ауыл үйге айтуға асықтық па?
Азаматтың арманын тоғыстырар,
Жақындықтан басталған қашықтық та.
Алыс кетсең сағынған жолға қарап,
Түңілмейтін түссең де он домалап.
Жанашырың жар болсын жаратқаннан,
Сен де қонақ өмірге, ол да қонақ.
Жақыныңнан жай тауып саялаған,
Қатарына қанатын жаяды адам.
Кісі бетін қайтеді дал-дұл етпей,
Өз бетінің қызылын аямаған.
Табыссаң да табыңмен бөтен елде,
Қарызыңды мәз болма өтегенге.
Түссін десең жарығың жан-жағыңа,
Жақыныңа жат болып кете көрме.
***
Мың күн «бала» атанып, бір күн «дана»,
Шыңға шықтым, Құладым құрдымға да.
Жалғаса бер тәтті жыр, ащы өмірім,
Мәпелеме, Сағымды сындырма да.
Құрағы – гүл, тынбайтын бұлағы – жыр,
Сындырмасын сағымды мына ғұмыр.
Өкінгенмен не пайда өткен күнге,
Мың күн сынбас шөлмек те сынады бір…
Мұңдасам да қартпенен, жігітпенен,
Мұңаям да, Беталды күліп келем…
Қарамаппын жолдарға күдікпенен,
Әлі де көп нәрседен үміттенем.
Аласұрып бұлданба текке көңіл,
Жыл дегенің – беймаза өткен өмір.
Өткен күнді елжіреп есіңе алсаң,
Кеткен күнге мәнісіз кектене біл!
Қуандың ба, күтесің нені көктен,
Басқа әлемнен дәп бүгін келіп пе ең?
Туған айдай тураулы ет – жыл дегенің,
Желмаядай бір өмір желіп өткен.
Өткен күнім түсіме жиі енеді,
Сан көсілді көлігім, үйеледі.
Көңіліңді, көгерткен көсегеңді,
Жыл дегенің не деген киелі еді!
Қуанышты қолпашқа құлай күлсін,
Күлмегендер өмірге былай жүрсін.
Дүниені жасартып жыл келмесе,
Не боларын жалғанның Құдай білсін.
Бір даладан кездескен, бір қаладан,
Қайран жылдар – тәтті өмір сырғанаған.
Қош болыңдар, хош келдің, келе бергін,
Дидарыңды әйбәттап нұрға малам.