Топты ұйымдастырушы, негізгі идеяны ұсынып бәрімізге ой тастаған — жас та болса, бас болып жүрген республикаға танымал жазушы ініміз – Дархан Бейсенбекұлы. Бұл ұсынысты қолдаушылар мен (осы мақала авторы) және өзі ақын, тарихшы Молот Мұсаұлы, белгілі журналист Нұрәділ Бегімбет, сондай-ақ, Садыр орта мектебінің директоры Рахметолла Қорғасбеков, жеке кәсіпкерлер Еркін Қасымбеков пен Серік Сманов және көлік жүргізуші көкталдық Марат ініміз.
Міне, аталған шағын тобымыз таңғы сағат 7-ден 30 минут кеткенде Лесновка мен Сарыбел тас жолының қиылысында бір кісідей жиылып, амандық – саулық сұрасқан соң тездетіп үш көліке бөлініп мініп Лесновка ауылына қарай жолға шықтық. Жол талғамайтын жеңіл көліктерімізбен көзді ашып жұмғанша Лесновка ауылының үстіндегі Бабелян каналындағы көпірден өткен жердегі жолайырыққа келіп тоқтадық. Аялдап таңғы оразамызды ашқан соң, баратын бағытымызды анықтап бір-бірімізге «Сәт сапар» тілеп, Еркін ағаны жолбасшылыққа сайлап алдық.
Көтеріңкі көңіл күй, дабыр-дұбыр қалжыңмен көліктерімізге мініп, тұрған жерімізден біздер үшін ыңғайлы деп шешкен жолмен шығысқа қарай қиялай жүріп барып, Қарағаштың сайының үстіне жеткенде «Сарытау қайдасың» деп тіке солтүстікке бұрылып алып қара жолмен тауға қарай тартып кеттік. Негізгі мақсат — Бұрхан, Мойынши, Ниязақын сазы мен Сарытаудағы Сақ обаларын, таңбалы тастарды суретке түсіріп, аңыз әңгімелер мен жер атауларына қатысты мәліметтерді жинап қағазға түсіру. Жеңіл көліктер бірімен-бірі жарысып жүйіткіп келеді, кенет Қарағаштан өте бергенімізде шығыс тарапымыздағы «Полевой станның» көне үйі көзіме оттай басылды.
Иә, мен мектепке бармай тұрған бала кезімде біз осы үйде тұрған едік, шамамен 4 – 5 жастамын-ау деймін. Әкемнің не жұмыс істегені есімде жоқ, анам жұмысшыларға аспаз болатын және неге екенін білмеймін, анамның сол Қарағаштың сайынан екі шелекпен су алып шығып келе жатқаны, содан кейін арғы беттегі биік беткейдің шығысқа қарай тұмсық болып айналған жерінде көкпар тартқан бір топ аттылардың бейнелері елестеді. Себебі, бұл бейнелер менің сонау бала кезімнен жадымда сақталып қалған-ды, неге екенін өзім де білмеймін.
Сол тұмсықтан жоғары қарай Суанның Құдайберді руының Арыстан – Қабыланнан (екеуі егіз) тараған ұрпақтарының бейіті бар. Сәл жоғарыда назарым батысқа ауды, иә бұл Талдыкесік сонау көз ұшындағы Қожбанбет би кесенесі. Сонау, Кеңес заманында мектеп қабырғасында оқып жүргенде жылда осы Қарағашта жатып күзді күндері екі ай жүгері жинайтынбыз. Менің де бұл жаққа келмегеніме ширек ғасырдан асыпты. Зымыраған уақыт. Қарадала, Қарағаштың сайы, Талдыкесік менің бала күнімдегіден мүлде басқа, өзгеріп кетіпті.
Одан әрі өзіміз жағалап келе жатқан Бұрхан каналынан батысқа қарай көпірден өтіп, біршама жүріп барып Құрашының сайына түстік. Құрашының сайымен өрлеп Бұрханның аузына дейінгі жолда байқағаным, Кеңес үкіметі кезіндегі қыстаулардың бұзылып, қирандылары мал көлеңкелейтін жерге айналып, ал, Тәуелсіздіктен кейінгі жер алып шаруа қожалықтарын құрғандар осы заманға лайықты қора – жайларын келістіріп салып алыпты, айналасы жасыл желек. Жайылып жүрген малда есеп жоқ, үй алдында бір – бір автокөлік, трактор тұр. Еңбектің арқасында жағдайларын да біраз көтеріп, шаруаларын тіктеп, жайланып, қор жинап алғанға ұқсайды. Аталарымыздың «бейнет түбі – зейнет» дегені рас-ау…
Сөйтіп, сайды өрлей Бұрханның аузына келгенде бірден көзге түскені жартылай құлаған еңселі кесене мен көне бейіттер. Бәріміз бірден еңселі кесенеге бет түзедік, міне керемет сырты құран аяттары жазылған және әсем ою – өрнектермен нақышталған күйген қыш плитамен қапталыпты. Қыш плиталардың көлемі шамамен 20х60, ені 5 см болады. Енді байқадық кесененің негізгі қабырғалары шикі кірпіштен күмбезімен қоса тұрғызылып, сыланып, әкпен сырланған соң сыртын біз айтып отырған оюлы өрнегі мен арабша жазуы бар керамикалық қыш плиталармен қаланып шығыпты. Есігі оңтүстік – батысқа қараған күмбездің ішкі жағы да әсем кірпішпен көмкерілген, ортан белінде тағы да арабша жазулары бар. Жалпы безендіріуде төртбұрыш, ромб, шеңбер, жұлдызша, толқын, крестик тәрізді геометриялық фигуралар кеңінен қолданылып, өте әдемі үйлесім тапқан. Амал қанша, арабша хат танымағандықтан құран аяттарын да, маңдайшадағы жазудың да не туралы жазылғанын оқи алмадық.
Одан әрі, аталмыш кесенеден сәл жоғары шығыс жағында қазіргі заман құрылысшылары цементтелген іргетасқа отырғызған, төбесінде айы бар үлкен тас ескерткішті көрдік. Тастың екі жағына біздің қазіргі қолданып жүрген кириллицамен бұл бейітте кімдер жерленгені жазылыпты. Оқи отырып «бұл жерде Суанның әр руынан — Молақ, Дуан және басым бөлігі Құдайберді руының Бәйден, Тәсібек атасынан тарайтын біраз адамдардың жерленгенін білдік». Және бір білгеніміз бұл қорымның 1800 – 1970 жылдары аралығында қайтыс болған адамдардың мәңгілік мекеніне айналғандығы. Кесененің іші – сыртын суретке түсіріп, өзіміз де естелік үшін суретке түстік те, жиналып батысты бетке алып Мойыншиге қарай жылжыдық.
Жолда тағы бір жартылай құлаған, сол құлаған жерлерін темірмен қайта қалпына келтірілген күмбезге жолықтық. Басына қойылған ескерткіш жазбадан Қошқар руының адамы Қанайұлы Сүгірбектің бейіті екендігін білдік (1851 – 1885ж.ж) яғни, ІХ ғасырдың соңына жатады. Ары қарай Мойыншиге табан тіреп ежелгі Сақ обаларын көріп аралап шықтық. Орталары ойылып түсіп кеткен соған қарағанда ертеректе тоналып кеткенге ұқсайды. Беткі қабатты майда тастар көмкеріп жатыр, арасында түр – түсі өзгеше, беткі қабаты оймышталған, екінші жағы теп тегіс, адам қолымен әлде табиғаттың кереметі ме, таңбалары бар тастарды көріп таңырқап суретке де түсіріп алдық.
Біз тұрған жотаның төменгі жағындағы қыстаудан бізге қарай келе жатқан адам қарасы көрінді. Күттік, келгенде бірен таныдым менің ауылдасым (Лесновка) менен бір сынып жоғары оқыған Мұрат Қайролдаұлы. Амандық – саулық сұрасқанннан кейін осы маңайда «таңбалы тастар, көне оба, қорғандар бар ма?» деп сұрақтарды жаудырдық. Сәл ойланған Мұрат бауырым сөзін осы өзіміз тұрған жердің «Мойынши» аталуының себебі мен төменгі сайда тұрған мұсылманның бейітінен бастады. Батысқа қолын сермеп Өсек өзенінің арғы бетіндегі Қойтастан, солтүстіктегі тауды нұсқап – Ақдала, Әріпжан тоғайы туралы айтып, бетін шығысқа бұрып – Сарықырқа, Күркілдек, жоғарыдағы биік таудың етегінің Сарытау аталатындығын айта келе, шығыстағы көз ұшында тұрған Ниязақын сазын, ары қарай Тастыбұлақ, Мәнжу жерлері екендігін айтып таныстырып өтті. Бала күнінен малда өскен емес па, жер жағдайын жақсы білетіндігі бірден – ақ көрініп тұр. Біраз тізе бүгіп, шөл басып алған соң, Мұратқа алғысымызды айтып кері қайттық. Ендігі меже Ниязақын сазы, ондағы Сақ обаларын көріп суретке түсіру. Жайбрақат келе жатып Күркілдекке келгенде жолбасшымыз Ерекең отырған көлік кілт оңға бұрылып еңселі, қора жайы келісті салынған үйді бетке алды. Үй артындағы арық бойына тоқтап көліктен түсіп жатқан бізді «Қымызды ауылдан дәм татайық жігіттер! Тауға келіп тұрып қымыз ішпей кеткеніміз ұят болар» — деді, Ерекең көңілді қалпы. Біз де қуана қоштап жатырымыз…
Ашық қабақпен қарсы алған орта жастағы жігіт ағасының руы Алдияр, есімі Жұмабай екенін білдік. Өзі Ерекеңе жиен болып келетінін, бұрыннан аралас – құралас екендігін сөз арасында байқап біліп отырдық. Жеңгеміз бірдемде дастархан жайып балқымыз да ортаға келді. Дәмі тіл үйіреді, шөлдеп келген біздер бір – екі кеседен тастап – тастап жібердік. Әзіл – қалжыңның серкесі Молот ағамыз күлдіргі әңгімелер мен қағытпа өлеңнің бір екеуін айтып жіберіп бәрімізді күлкіге қарық қылды. Өз кезегінде Нұрәділ аға, Дархан, Рахметолла, Серік ағалар да күлдіріп әзіл – қалжыңды бірінен кейін бірі іліп әкетіп отырды. Қымызбен шөл басып, күлкімен бір желпініп алған соң, үй иесіне алғысымызды жаудырып қайта жолға шықтық. Әй, қазағымның пейілі де, ниеті де даласындай дархан ғой!
Жолбасшымыз Ерекеңнің көрсетуімен Ниязақын сазына да келіп жеттік. Иә, мүмкін кезінде көз сүріндірер жасыл желек болған шығар, бірақ өкінішке орай дәл қазір біз көз тоқтатар сазды көрмедік. Айнала толған тас обалар, жорамалым жаңылдырмаса Сақтардікі-ау шамасы. Осы сәт Рахметолла аға қызық әңгіме бастады, «…бұрындары осында келгенін сәл жоғарырақта жерге тастан тізіліп жазылған жазу болғандығын» айтты, дереу іздеуге кірістік. Таптық. Расында екі обалар арасындағы тіз қатар тізілген тастарды қанша рет аралап, жобалап, тұспалдап көрсек те, не суретке, не жазуға ұқсата алмадық. Тек, менің байқағаным бұл тізілген тастардан көктегі шоқжұлдыздардың жердегі бейнесін көргендей болдым. Кім біледі..?! Бұл тастар сонау бағзы замандарда Күнге, айға, жұлдызға табынған ата – бабаларымыздың тіршілігінде жасаған салттарының жұқанасы болар, сол дәуірлерден бері жалғасып келе жатқан, киелі саналатын өлген бабаларының басына келіп мінәжәт етудегі, әруақтардың рухына арналып орындалған діни рәсімдерінің белгісі болар –деген ой түйдім. Себебі, тастар тізбегінің кейбірі аспан көгінде кезегімен көрініп тұратын 12 шоқжұлдыздардың (зодиак) сұлбасына ұқсайды екен…
Міне, осындай қалың ойда тұрған мені, «..анау жердегі тастарда суреттер бар» деген дауыс селт еткізді. Тез бойымды жия қойып, амандасуға қолын созып келе жатқан Қанат құрдасқа қарсы жүрдім, амандастық. Жөн сұрасқан қалпы Қанат екеуміз төбені керлеп «таңбалы тасқа» қарай беттедік. «Міне мынада сурет» деп, жалпақ қоңырқай тасты нұсқады. Төбесінен қарағанда ештеңе де жоқ, құрдасқа қарап «қане!» дегендей иек қақтым, «қара, анықтап қара» деді, енді байқадым күнге шағылысып көрінбей тұр екен ғой, бір жақ қырынан қарағанда көрінген тастағы суретке сүйсіне қарадым. Тамаша көрініс! Тастың беткі қабатын кертіп салған белгісіз суретші «алаңсыз келе жатқан арқар мен оның кішкентай екі лағының бейнесін» айнытпай бедерлепті. Суретке түсіріп айналаның біраз жерін қарап шықтым, басқа таңбалы тасты көрмедім, көңілім толмай Қанатқа бұрылып «осы – ақ па?» дедім. Күлімсіреген қалпы қарап тұрған құрдасым сәл ойланып «анау төбенің арғы жағында тағы бар» деді біз келген жақты нұсқап. «Жүр кеттік, онда» дедім менде жолға ыңғайланып. Тобымыз осы жерде екіге бөліндік. Молот аға бастаған Еркін, Рахметолла, Серік, Дархандар сай табанындағы бұрқырап ағып жатқан Бұрхан өзенінің бойындағы Қанаттың үйіне апаратын жолға түсіп, біздер Қанат екеуміз Мараттың «Нивасына» отырып таңбалы тастарға беттедік.
Діттеген жерімізге келіп таңбалы тастарды көріп қуанып қалдым: денесі жануар басында күн бейнеленген, арқарлар, тәутекелер, бұғы, жануарлардың төлдерін, атты адам бейнелерін бір – бірлеп суретке түсірдім. Сурет сапалы болу үшін құрдасым сырт киімін шешіп таңбалы тастарды күннен көлеңкелеп тұрды. Сурет түсіре жүріп түрлі сұрақтар қоюдамын, әңгіме арасында Қанаттан сәл төменде көрініп тұрған үйдің жанында мешіт болғандығын білдім. Бұрындары ғұмыр кешкен аталарымыз жан – жақтан жиналып сол мешітте жұма намаздарын оқыған екен демесі бар ма..?! Осынау тау арасында мешіт салып, намазын қаза қылмаған, салт – дәстүрін көздің қарашығындай сақтай білген, көкірек көзі ашық, өте сауатты болған ата – бабаларымыздың дініне беріктігі мені таң — тамаша қалдырды. Сонымен, Күркілдек аталатын осы аймақтағы жұрнағы ғана қалған көне мешіттің де орнын суретке түсіріп алдым. Одан әрі төменде топ ағашпен бірнеше үйлер тұрған жерді қолымен нұсқаған Қанат құрдасымның айтуынша: «…ертеректе ол жерде Жамбыл атындағы колхоз болыпты, екі қатар көше толы үйлер мен орта мектептің болғандығын, кейін Кеңес үкіметі өткен ХХ ғасырдың 60 – 70 жылдары ауылды жауып, халқын Лесновка, Нағарашы т.б. аудандағы ауылдарға таратып көшірткен екен». Біршама суреттер жинап, туған жер, ел жайлы қызықты ақпараттар алып, құрдасыма рахметімді айтып, көтеріңкі көңіл – күймен үйге апарар жолға түстік. Көлік терезесінен шығысқа көз тіктім, біз Бұрхан каналын жағалап келеміз, одан әрі қарай Тастыбастау, Мәнжу т.с.с. Міне қызық, бұл қазақтың ағартушы ғалымы, саяхатшысы Ш. Уәлиханов (1856ж.) Құлжаға сапары кезінде күнделігіне жазып кеткен Бұрхансу, осы маңай болар деп шамаладым. Ағартушы, саяхатшы қазақтың біртуар ұлы Шоқанның күнделігінен үзінді келтіре кетейік, ендеше: «2 август. …Біз үйеңкі бұтасының түбінде уақыт өткізіп, жорық тағамымызды ауызға алып отырған шағымызда түйелер де өзеннен өтіп болып, жері отты, суы мол Бұрқансу өзеніне қарай беттеді. Ақыры біздің де атқамінер шағымыз жетті. Шай ішіп, шөліміз қанған соң серги түсіп,атқа міндік те қатты жүріп кеттік. …Топырақ Үсектің арғы бетіндегі өзіміз өткен меңіреу даланың топырағындай болса да, асылы, мұнда өсімдіктер әлемінің анағұрлым қалың екендігі байқалады. Бидай мен тары, қонақ және жүгері егілген ұшы –қиыры жоқ егістіктері бұл жерлердің көркін онан сайын түрлендіріп, құбылтып тұрды. Жайнаған жасыл жапырақты, майысып иілген биік жүгерінің масақтары әсіресе көрікті» деп суреттеп кеткен қасиетті Бұрхан жері ғой бұл.(Ш.Уәлиханов, Тәңірі. Халықаралық Абай клубы, Жидебай 2013 Шилі Өзек. 188 – бет.) Қытаймен шекараға дейін қаншама жер жатыр, қазақтың тауы мен даласының кеңдігінде шек жоқ….
Әне – міне дегенше үйге де жетіп келдік, Бұрханның жағасындағы еңселі ағаштың саясына жайылған дастархан басы ду – ду әңгіме, Ерекең домбыра тартып отыр. «Қали, Қали бар…» дегенге кім екен десем, өзіміздің Қақаң екен ғой – деп, бізден бірер жас үлкендігі бар ауылдасым Алдан арқа – жарқа болып қуана қарсы алды, құшақтасып амандастық. Дастархан басында арғы – бергі тарихтан біраз әңгіме қозғалды, арада игі тілектер де айтылып түскі асымызды ішіп, шайға да қанып алдық.
Түскі үзілістен кейін ағалар буырқанған Бұрханның тастай суына түсіп бойларын сергітті. Дархан, Қанат, Марат үшеуі атпен, Ерекең жаяулатып шығыс жақтағы төбені асып түсіп, Тастыбастаудағы таңбалы тастарды суретке түсіріп келді. Жиналып үй иесі Қанат Баясыловқа, ауылдасым Алданға, ас – суын ұсынған келіндерге рахметімізді айтып, ризашылықпен қоштасып қалаға бет түзедік. Содан тоқтамаған күйі бірталай қыстауларды басып өтіп, көлікпен жарысып ауыл сыртына дейін абалап шығарып салған иттерді артқа тастап Молақ мешіттің маңындағы Мұхаметжан бастауына келіп бірақ тоқтадық. Жолбасшы Ерекең бұл бастаудың суын ауыл адамдарының осы жерден арнайы емдікке алғызып ішетінін, бастаудың иесі ақбас жылан екендігін айтып, қасқаша сипаттама беріп өтті. Домбыраны қолға алған Молот аға өзі шығарған жанға жағымды бір өлеңді шырқады, қайырмасының әуеніне ішінара бізде қосылып айтып отырдық.
Күн ұясына батып барады, біраз шарашап та қалыптық. Жүрек жалғап демімізді алған соң, бәрімізде бүгінгі саяхатымызға риза көңілмен қайта жиналып көлікке беттедік. Иә, қасиетіңнен айналайын туған жер, алтын бесік — әлемде саған тең келер ештеңе де жоқ-ау…
Туған жер төсінде көлікпен бірге тербеліп біз де келеміз, осындай жеріміз бар, еліміз бар дүниеде сірә бізден бақытты адамдар жоқ шығар…?! Керемет бір тәтті сезім бойымды билеп, ұшқыр қиял көкке алып ұшса, көлік терезесінің сыртында дөңгеленген дүние қалып барады…
08.08.2018
Қали ИБРАЙЫМЖАНОВ,
тарихшы,
Қазақстан Журналистер
Одағының мүшесі.