Әп-сәтте-ақ, жақын сыйласымыз Айтқазы Қалпақбаев пен Дәнеш аға жолыға кетті, амандық — саулық сұрасқан соң Дәкең жұбайы Күлсім, қызы Салима, әкесі Рақыш пен шешесі Ақманардың да осында екендігін айтып үлгермей-ақ Рақыш кәрия да келе қалды. Олардың бұнда келіп кезек күтіп жатқандарына да 2 – 3 күн болғанын өз ауыздарынан естідік. Жастайынан бірге өсіп, тойларда көкпарды бірге тартқан, қыз – келіншектермен талай айтысқа түскен, біздің елге күйеу болып келетін Рақыш қария мен әкем Ахметжан ақжарма әзіл — қалжыңға ерік беріп, хал – жағдай сұрасып жүздеріне қуаныш ұялап бір сергіп қалды. Атамекенге қатар ат басын бұрып, елге бірге баратындарына риясыз қуанып, бұл кездесуіміз қуаныштың басы болсын деп, жақсылыққа жорып жатты. Екі иінінен дем алған сары самаурынның шәйіне шөлдерін басқан қариялардың ендігі әңгімесінің әуені Совет – Қытай саясатына ауысты.
Әкем Ахметжан «…сонау 1930 жылдары Кеңес үкіметіне арқа сүйеген «қарашекпенділердің» атақонысты тартып алып, қазақтың қарсы келгендерін түрмеге қамап, итжеккенге айдатып, қалғандарын шекара асуға мәжбүрлегенін, мұнда да қытай, мәнжу мен сібе-солаңдардың шеріктері басымызға «әңгіртаяқ» ойнатты, басқа түскен соң оған да көндік, енді міне дәм тартып атамекенге қайтып барамыз» деді. Өз кезегінде Рақыш аға сөзді одан әрі өрбітті «…Қытайдың гоминдаңы қоқаңдап жүргенде Шығыс Түркістан қозғалысы қарулы көтеріліске ұласқанын, гоңсандаң мен гоминдаң бірлесіп Халық өкіметін құрып, «үшке», «беске» қарсы саясатын «ашылып сайрауға» ауыстырып, халықтың «қаймағының» атылып, шабылғанын» күрсіне еске алды. Одан коммуна құрылып, үлкен – кішіміз бір қазанға қарап қалдық, саптыаяққа ас құйып, сабына қарауыл қойған заманды да өткердік — ау» деп, екі иығы салбырап үнсіз отырып қалды.
Жөткірініп қалып үнсіздікті бұзған Айтқазының әкесі Тұрлықожа тамағын бір кенеп алып сөзді ары қарай жалғастырды: «… айдайтын итжеккені болмағандықтан «қылмыскерлерді» халықтың көзінше атты, асты. Қысқасы қазаққа заман тарылып, аспан жерге түсті деген осы дағы» атам қазақ айтқандай, «Қайда барсаң Қорқыттың көрі» болған заман болды ғой», — деп, айналасындағылардың назарын өзіне аудартып барып, олардың көкейінде тұрған ойды ортаға ақтарып салды. «Енді Советтегі өміріміз жақсы болып, ұрпағымыз өсіп – өнсе бізде басқа арман жоқ қой» деген ізгі тілекпен сөзін аяқтады. Сөз арасында – облыстық сақшының бастығы Қожаназар, дивизия командирі Ыбырайымбек, облыстық мәдениет басқармасының бастығы Әлімжан Иембергендер де «анкет» толтырып туған жерге оралмақшы екендігі, мынау Дәнештің де облыстық театрдың директоры қызметін тастап елге қайтып баратындығы да айтылды.
Кеш кіріп, күн ұясына таяғанда алыс — жақын, жас – кәрісіне қарамай атағы аймаққа мәшһүр жезтаңдай әнші Дәнештің маңайына жиылып, әнін естіген, естімегені бар — Дәнешке қолқа салып ән айтуын өтінді. Дәкең жиналған жұртқа емірене қарап алып, басын шұлғып, қоңыр домбарысының құлақ күйін келтірді де, екі иығын қомдап алып ән бастады. Әнді әнге ұластырып, әуенін төгілдіріп құйқылжытқанда, дауысы мың құбылады-ау, азаматымның. Тамам жұртты дарыны мен талантына тәнті еткен бұлбұл әнші көпшіліктің дуымен, қолдауымен жиырмаға жуық ән орындап көпшіліктің көңілін бір көтеріп тастады.
Рухы көтеріліп, көздерінде қуаныштың нұры ойнаған ағайынның бәрі дән риза болып құлшына қол соғып, өнерпазға үлкен қошемет көрсетіп, жүрекжарды алғыстарын жаудырып жатты. Өстіп, ойламаған жерден халық сұранысынан туындаған осы бір ән кеші, Дәнештің өзі отыз жылдай өмірін өткізген Қытай жеріндегі соңғы, әрі қоштасу ән кеші сияқты болып көрінді. «Туған жер мен өскен жердің екеуі де, екі түрлі ерекше сезімді тудырып адам жанын тебірентпей қоймайды екен-ау деген қалың ойдың құшағында қалдым» деп әңгімесін аяқтап, жанарын алысқа қадаған күйде ой құшағында отырған нағашыма қарап мен де тез бойымды жинап алдым. Жүзінен жастық шағын еске алып, арғы беттегі туған жерге, өмір беріп аялап өсірген ата – анасына деген жылдар бойы сығымдалып жиналған сағыныштың табын байқадым. Әй, жалған-ай десеңші, өткенге ойша берілген ағамыздың жылдар бойы жүрегінің түкпірінде сақталып, сағыныштың сағымында елес болып қалып қойған, тіршілігінде ет жақындары болған, сол бір аяулы жандармен, ет жүрегі езіле мейірленіп бейне бір үнсіз тілдесіп отырғандай кейпін көрдім… Бар зейініммен тыңдағаным соншалық, сол қариялармен бірге отырып, ән кешінде болып, сонау ел басына күн туып, ат ауыздықпен су ішкен аласапыран заманды көзбен көріп, бастан өткергендей әсерде болдым. Осы бір сәт санама маза бермегені сонша, одан көпке дейін арыла алмай әрі – сәрі күй кешкенім тағы бар…
Жанұзақ АҚТАНОВ
Жанұзақ Ақтанов – 1941-2018 ж. Жанұзақ Ахметжанұлы 1941 жылы 3-қаңтарда ҚХР Қорғас ауданындағы Қаратасты ауылында туылған. Қазақстанға 1959 жылы оралып, 1968 жылы Алматыдағы Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтының Химия-биология бөлімін тәмәмдаған. 1978 жылы КСРО Жоғарғы Кеңесінің шешімімен «Ерен еңбегі үшін» және «Қазақ ССР-нің оқу – ағарту ісінің үздік қызметкері» төсбелгісі, т.б. көптеген марапаттардың иегері. Жанұзақ Ахметжанұлының өмір жолы туралы газетіміздің алдағы нөмірлерінің бірінде жариялаймыз. Жанұзақ Ахметжанұлының естелігін өңдеп, баспаға дайындаған Қали Ибрайымжанов.
|