Жаңару мен жаңғыру жолына түскен Қазақстанның бүгінгі даму беталысы бәрімізді ойландырады. Әлемдік ахуал әрі-сәрі болып тұрған кезеңде батыл қадамдарға көшкен еліміз сүрініп кетпесе, жаһандық толқуларға ілініп кетпесе дейсің. Дегенмен, Мемлекет басшысы ұсынған ауқымды саяси реформалардың рет-ретімен жүзеге асып жатқанын көріп, күдіктен гөрі үміт пен сенімнің салмағы басым түседі.
Зулап өтіп бара жатқан уақыт, нақтылай айтсақ, өткен бір жылдың бедері Қазақ елінің саяси жүйесіне айқын із қалдырды. Саяси жаңғыру стратегиясының ілкімді жобалары іске асты. Сын-қатерден секем алып қалған халықтың көңілі жайланды. Бүкіл халықтың қолдауымен айбыны асқақ Ата заңымызға өміршең өзгертулер енгізілді. Негізгі заң аясында Президент өз өкілеттігін азайтты. Саяси және экономикалық қызметтің монополиялануы елдік пен бірліктің, тұтастық пен тұрақтылықтың еңсесін езгендіктен, ел басқарған адамның жақын туыстары саяси мемлекеттік қызметші, тіпті квазимемлекеттік секторда тізгін ұстай алмайтыны заңмен бекітілді. Осы тізбекте Мемлекет басшысының бұрын мызғымас тәртіптей болып келген «Amanat» партиясының төрағалығынан бас тартқаны бар. Ел тұтқасын ұстаған көшбасшының батыл істерін құптаған халық Президент сайлауында Қасым-Жомарт Тоқаевты бірауыздан қолдап, жеті жылға сайлады. Бұл мерзімнің бір реттік болуы да жігерді жаныған жаңашылдықтың көрінісі дер едім. Айта берсек, күні кеше ғана Парламент Мәжілісі мен барлық деңгейдегі депутаттардың жаңа легі жасақталды. Сайлауда партиялар арасындағы бәсекені жұрт көрді. Депутаттыққа өзін-өзі ұсынушылардың белсенділігі де байқалды. Бажайлап қарасақ, саяси жүйеміз едәуір жаңғырды, енді ел сенген азаматтардың еңбегінің нәтижесін күтеміз.
Елдің саяси даму ауанынан экономиканы бөліп қарауға болмайды. Осы орайда Мемлекет басшысы «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты халыққа Жолдауында экономикалық еркіндікті алға шығара отырып, іргелі реформалардың басты бағыттарының бірі ретінде жаңа экономикалық саясатқа ден қойғанын білеміз. Өзім мемлекеттің қолдауымен шағын кәсіп ашып, кәсіпкерліктің көшінде жүргендіктен, осы бағыттағы жаңашылдықтарға ерекше назар аударамын.
Жаңа экономикалық бағдарымыздың басты басымдықтарының ішінде бәсекелестікті дамыту, яғни бәріне бірдей мүмкіндік беру, ұлттық табысты әділ бөлу және жеке кәсіпкерлік бастамаларды ынталандыру бар. Жолдауда: «Мемлекет қаржылай қолдау жасаған кезде бәсекеге қабілетті шағын және орта бизнес өкілдеріне баса мән береді. Еңбекақы төлеу қорын көбейткен және салық төлемдерін арттырған кәсіпорындарға қолдау көрсетіледі. Бұл – негізгі талап. Сонымен қатар, мемлекеттен көмек алатын бизнес өкілдерін анықтайтын автоматты жүйе енгізіледі. Мемлекеттік сатып алудың мүлде жаңа жүйесі жасалады. Бағаның төмен болуы ғана емес, тауарлар мен қызметтердің сапасы басты назарда болады»,– делінген.
Осы орайда, таза еңбекпен нәпақа табатын кәсіпкер бәсекеге қабілетті болатынын айтқым келеді. Мен «Бастау бизнес» жобасы аясында курсқа қатысып, бизнес әліппесін меңгердім. Кейін бизнес-жоспар жасап, 2 млн. теңге грант ұтып алдым. Мемлекеттен алған қаржымды басқа бағытқа шашпай, таза кәсібімді дамытуға, құрал-жабдықтар алуға жұмсадым. Талмай еңбектенудің арқасында қазір шағын кофейнямның жұмысы ілгері басып келеді. Кондитерлік өнімдерімді тұрақты сатып алушылар бар. Өзіммен бірге бір жұмысшым бар, кәсіптік колледждің екі студенті өндірістік тәжірибеден өтіп жатыр. Бұйырса, біреуін жұмысқа алмақпын. Олардың еңбекақыларын, барлық салықтық төлемдерді уақытында төлеп тұрамын. Мұны айтып отырған себебім, мемлекеттің көмегін таза кәсіпке бағыттағанда ғана нәтиже болады. Бұны бизнестегі әділеттілік, ашықтық, тазалық дер едім. Сол сияқты мемлекеттік сатып алуда бағаның төмен болуына ғана емес, тауардың я қызметтің сапалы болуына баса назар аудару пайдалануға берілгеніне жыл өтпей жатып, опырылып жататын жолдардың, қабырғалары қарс айырылып жататын құрылыстардың сапқа қосылуына жол бермейді деп сенемін.
Қазақстанның таңдауы әділетті мемлекет құру болса, сол әділеттілікті, тазалықты, тәртіпті жоғарыдан күтпей, әр аймақ, әр қала мен ауыл, әр отбасы, әр азамат ар мен абыройға лайық әрекет еткені абзал.
Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев: «Өзгерісті әрқайсымыз өзімізден бастауымыз керек. Әрбір адам және бүкіл қоғам жаңғыруы қажет. Құндылықтарымыз түбегейлі түбегейлі жаңаруға тиіс. Мұның бәрі – оңай жұмыс емес, біртіндеп қалыптасып, жылдар бойы жалғасатын үдеріс»,– деген болатын. Шын мәнінде, «Жаңа Қазақстан» дегенді жалаң ұранға айналдырмай, түбегейлі жаңғырған, әділетті, ашық, берекелі, бақуатты ел болу үшін бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығара отырып еңбектенуіміз, әрқайсымыз үлес қосуымыз керек.
Гүлдана ҚАПАЛОВА,
кәсіпкер.