2026 жылдың 1 шілдесінен жаңа Конституцияның күшіне енуі елдегі маңызды саяси реформаларды жүзеге асырудың алғышарттарын жасап берді. Саяси реформаның ең маңыздысы – еліміздің бір палаталы Парламентінің тұңғыш Құрылтайын қалыптастыру болып табылады.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан Республикасы Құрылтайының сайлауын тағайындау туралы» Жарлыққа қол қойған соң саяси науқанға қатысатын ресми тіркелген 7 партия арасында дода қыза түсті. Сөйтіп, сайлау 2026 жылғы 23 тамызға белгіленді. Орталық сайлау комиссиясына Қазақстан Республикасы Құрылтайының депутаттарын сайлауға дайындықты және оны өткізуді ұйымдастыру тапсырылды. Үкіметке, облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың әкімдеріне Қазақстан Республикасы Құрылтайының депутаттарын сайлауды ұйымдастырушылық, материалдық-техникалық және қаржылай қамтамасыз ету жөніндегі барлық қажетті шараны кідіріссіз қабылдау міндеттері жүктелді.
Қазіргі кезеңде сайлауға қатысу құқығына «Әділет», «Ақ жол» демократиялық партиясы, «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясы, «Respublika», Қазақстанның халық партиясы, Жалпыұлттық социал-демократиялық партия және «Байтақ» жасылдар партиясы ие болды. Бұрынғы саяси күштердің көшбасшысы болған «Amanat» партиясы «Adilet» партиясымен бірігу туралы шешім қабылдауына байланысты алдағы сайлауға біріккен саяси ұйым ретінде қатысатын болады.
«Әділет» партиясының сайлауалды бағдарламасымен және Жетісу облыстық сайлауалды штаб төрағасы, «Әділет» партиясы облыстық филиалының хатшысы Амангелді Есбаймен, облыстық штаб мүшесі, Құрылтайға кандидат Гүлнәр Тойлыбаевамен, сондай-ақ Құрылтайға кандидат Гүлнәр Қожағұлқызының сенімді өкілі, облыстық штаб мүшесі, «Мұра» зияткерлік мектебінің директоры Алмас Тоқсанбаймен, облыстық штаб мүшелерімен «Әділет» партиясы аудандық филиалының акт залында алдымен аудандық, қалалық және ауылдық округтердегі ақсақалдар алқасының белсенді мүшелерімен кездесу ұйымдастырылды.
Ашық форматта һәм диалог түрінде өткен кездесуді партияның аудандық филиалының төрағасы Ерлан Оспанбаев ашып, жүргізіп отырды. Алғаш сөз алған облыстық сайлауалды штаб төрағасы, «Әділет» партиясы Жетісу облыстық филиалының хатшысы Амангелді Ғабдылкәрімұлы Құрылтай институтының енгізілуі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіруге бағытталған саяси реформасының ең маңыздысы екенін баяндады. Жаңа модельдің тиімділігін, заң шығару үдерісін оңтайландырудың және мемлекеттік органдардың шешім қабылдау тиімділігі мен жауапкершілігін арттыруға бағытталғандығын айта келе, Құрылтай депутаттығына партия тарапынан үміткер Гүлнәр Қожағұлқызының өмірбаянымен таныстырып өтіп, қатысушыларды сайлауға белсенділікпен қатысудың маңыздылығына тоқталды. Сонымен бірге облыстық штабтың сайлауалды бағдарламасымен қатысушыларды таныстырды.
Өз кезегінде партия атынан Құрылтай депутаттығына кандидат Гүлнәр Қожағұлқызы өз өмірбаянымен қазыналы қарттарды қысқаша таныстырып өтіп, «Әділет» партиясының алдағы 5 жылдағы 7 мақсатына жан-жақты тоқталып, өзі сайланған жағдайда сайлаушылардың сенімін ақтап, елі мен жеріне қызмет етуге бар күш-жігерін, білімі мен біліктілігін арнайтынын айтты. Аудандық ардагерлер алқасының төрағасы Тоқтарбай Керімқұлов ел үшін маңызы зор саяси науқан – Құрылтай сайлауын өткізудің маңызына, Гүлнәр Қожағұлқызының кандидатурасының депутаттыққа лайықты кандидат екенін айтып, сайлауалды додада оған жеңіс тіледі. Партия ардагерлері А. Оспанов, Қ. Ахметқалиев, Т. Ибраимов партияның жол картасына енгізуге өз ұсыныстарын жолдады. Қоғам белсендісі А. Таубалды қария «Әділет» партиясының тіркелу заңдылығы туралы сұрағына облыстық сайлауалды штаб төрағасы Амангелді Есбай нақты жауап берді.
Құрылтай сайлауы аясында ұйымдастырылып отырған «Әділет» партиясы облыстық сайлауалды штаб мүшелерінің аудан тұрғындарымен кезекті келелі кездесуі аудандық мәдениет үйінде жалғасты. Ашық форматта һәм ашық диалог түрінде өткен кездесуді партияның аудандық филиалының төрағасы Ерлан Өмірғалиұлы ашып, жүргізіп отырды.
Облыстық сайлауалды штабтың төрағасы, партияның облыстық филиалының хатшысы Амангелді Есбайұлы қоғамның дамуы – халық пен биліктің өзара сеніміне, ашық пікір алмасуына және азаматтардың белсенділігіне байланысты екенін, бүгінгі басқосудың өзекті мәселелерді бірге талқылап, ел болашағына қатысты ортақ ұстанымды қалыптастыруға арналған маңызды алаң екеніне тоқталды. Кездесудің басты мақсаты – партияның сайлауалды бағдарламасының басым бағыттарын тұрғындарға кеңінен таныстыру, алдағы Құрылтай сайлауының маңызын түсіндіру, сондай-ақ аудан тұрғындарының ұсыныс-пікірлерін тыңдап, ашық әрі еркін пікір алмасу екенін айтып, қатысушыларды белсенді болуға үндеді.

Өз кезегінде облыстық штаб мүшесі, партиядан Құрылтай депутаттығына кандидат Гүлнәр Тойлыбаева кездесуге қатысушыларды облыс бойынша партия атынан Құрылтай депутаттығына кандидат тұлғалардың барлығының Құрылтай депутаттығына лайықтылығын айта келе, өзінің қарапайым өмір және еңбек жолымен қысқаша таныстырып, сайлауалды бағдарлама аясында «Әділет» партиясының негізгі 7 мақсаты туралы жан-жақты баяндады. Гүлнәр Қожағұлқызы Құрылтайда экономиканы әртараптандыру, инвестиция тарту, әлеуметтік қолдауды жетілдіру, ұлттық қауіпсіздікті, құқықтық жүйені нығайту, кәсіпкерлікті, жастарды қолдау, азаматтардың ұсыныстары мен талаптарын жоғары жаққа жеткізу, ұлттық мүддені қорғау және өңірлердің теңгерімді дамуы секілді маңызды мәселелерді көтеруге белсенділік танытатынын айтып, халық пен партияның сенімін ақтауға уәде берді.
Облыстық штаб мүшесі Алмас Тоқсанбай партияның сайлауалды бағдарламасының елдегі өзекті мәселелерді шешуге оң ықпал ететінін айта келе, Құрылтай депутаттығына кандидат Гүлнәр Қожағұлқызының додада жеңіске жетуіне тілектестік білдірді.
Кездесуде аудан тұрғындары өздерін толғандырып жүрген өзекті әлеуметтік, құқықтық, шаруашылық жүргізу салалары бойынша қойған сұрақтарына облыстық сайлауалды штаб мүшелері тарапынан тиісті жауаптар алды. Шолақай ауылының тұрғыны Бердіқожа қария Құрылтай депутаттығына кандидат Гүлнәр Қожағұлқызына саяси додада жеңіс тілеп, оны ақ батасымен алқады.
Кездесулерге белсенді қатысып, өз ойлары мен ұсыныстарын ортаға салған азаматтарға партия филиалы атынан Ерлан Өмірғалиұлы алғыс айтып, көтерілген барлық ұсыныстар мен пікірлердің назарға алынып, алдағы жұмыстар барысында міндетті түрде ескерілетінін мәлімдеді.
Кездесуге өзек болған Құрылтай сайлауы еліміздің болашағына бейжай қарамайтын әрбір аудан тұрғынының азаматтық ұстанымын білдіретін маңызды саяси науқан екендігі «Әділетті Қазақстанды бірге құрайық» деген партияның сайлауалды шарасына қатысқан қатысушылардың белсенділігінен айқын көрінді.
Бекмұхамет БЕКБОЛАТ










