Қасым-Жомарт Тоқаев:
«Ата заңға сәйкес Үкімет жаңадан сайланған Құрылтай алдында өз өкілеттігін тоқтатады.
Сондықтан Құрылтайдың құрылымы жасақталған соң мен өздеріңізге Вице-Президенттің және Премьер-Министрдің кандидатуралары бойынша ұсыныс енгіземін.
Содан кейін сіздермен ақылдасып, Үкімет мүшелерін тағайындаймын. Сонымен қатар жаңа лауазымды – Қауіпсіздік Кеңесі төрағасының орынбасарын тағайындаймын.
Құрылтай мен Үкімет құрамы толық айқындалған соң жыл сайынғы Қазақстан халқына Жолдауымды жариялаймын.
Жолдауда көтерілген барлық бастаманы атқарушы және заң шығарушы билік өкілдері бірлесіп, уақтылы әрі сапалы жүзеге асыруға тиіс.
Лауазымды тұлғалардың бәрі, әсіресе, қызметіне енді кірісетін азаматтар алдымызда тұрған ортақ мақсат-міндеттерді білуі керек.
Қыркүйектің екінші жартысында Халық Кеңесі жасақталады.
Бұл – Қазақстан тарихындағы тұңғыш жоғары консультативтік орган. Еліміздің этникалық, аймақтық, әлеуметтік, қоғамдық-саяси ерекшеліктерін бір арнаға тоғыстыратын жаңа құрылым заңнамалық бастама көтеру құқығына ие болады. Шын мәнінде, бұл – бірегей орган.
Осылайша, қысқа уақыттың ішінде биліктің барлық негізгі институттары жаңғырып, алдағы реформаларға тың серпін береді.
Нағыз отаншыл азамат үшін өз халқына адал қызмет етуден асқан бақыт жоқ. Ұлт мүддесі бәрінен биік тұруға тиіс. Әділетті, Күшті Қазақстанды құру – баршамызға ортақ міндет. Ел аманатына адал болу – парыз. Сіздер осы жолда табанды еңбек етесіздер деп сенемін.
Құрылтай жұмысына табыс тілеймін!
Қастерлі Отанымыз өсіп-өркендей берсін!
Қазақстан Республикасы жасасын!».










