КЕЙІПКЕРГЕ КЕЙІПТЕМЕ: аты-жөні Ережеп Рахымбекұлы Балғабаев. 1954 жылы 8 наурызда туған. 1971 жылы Кішішыған орта мектебін бітіргеннен кейін туған ауылында екі жылдай еңбек етіп, одан соң тағы да екі жыл Кеңес әскері қатарында қызмет етті. 1975 жылы Алматы мемлекеттік медицина институтына түсіп, оны ойдағыдай аяқтаған соң бірден 1982 жылы Алматы қаласындағы №2 ауруханада нейрохирург болып қызмет жолын бастаған. 1991 жылы №7 қалалық клиникалық ауруханага ауысып, аурулар қабылдайтын бөлімінің және жалпы нейрохирургия бөлімінің меңгерушісі болды. 2011 жылдан «ХАК» медициналық орталығының нейрохирургі. Алматы облыстық, оның ішінде Жаркент ауруханасында да нейрохирургия бойынша кеңесші. Жоғары дәрежелі нейрохирург. Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау ісінің үздігі. ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің Құрмет грамотасымен бірнеше рет марапатталған. «Алтын дәрігер»медалінің иегері. Нейрохирургтардың бүкіләлемдік съезінің делегаты. Германия, Корея, Біріккен Араб Эмираттары, Ресей, тағы басқа да алыс — жақын шет елдерде кәсіптік білімін жетілдіріп, тәжірибеден өткен. Жұлын – омыртқа ауруларына барлығы бес мыңнан астам ота жасаған.
Жұбайы Ботагөз Нүкетайқызы – белгілі кәсіпкер. Бес қызы бар. Үлкені Гүлнәр «Адем» сауда орталығының бөлім бастығы. Шолпаны өзінің жеке сауда орталығында қызмет етеді. Жанары Лондонда тұрады. Англияда бакалавриат, Миланда магистратураны бітіріп, қазір ТМД бойынша менеджер. Егіз қыздары- Мария мен Рая «Болашақ» бағдарламасы бойынша Англияда оқып келді. Немересі Санжар Бейжіңде білім алуда. Тағы бір немересі Анель Миланда сәулет саласында қызмет етеді. Сондай-ақ Әлижан, Айлин атты бал қылықты немерелері бар.
Айтпақшы, Ережеп ағамыз өзіне қашан да қамқор болып, жөн-жоба сілтеген ұстазы, күллі қазақта «Алтын скальпель» сыйлығын тұңғыш рет алған Меймантай Көжековті қатты құрмет тұтады.
Кішішыған – Ұлы Жібек жолының бойындағы шағын ауыл. Кім қалай ойласа өз қалаулары білсін, біздің кейде «Шығаннан щыққанбыз» деп мақтанып қоятынымыз бар. Өйтпегенде ше?! Кезінде атағы күллі Кеңес еліне мәлім болған «Қазанның 40 жылдағы» агрофирмасының ең белді бригидасы болды бұл ауыл. Сүлеймен Исабеков, Әлімжан Бақтаев, Күлжамила Алтыбасарова, Қасен Қосуақов сынды көптеген еңбек саңлақтары шықты мұнан. Дара дарын Тоқбай Исабеков негізін қалап, талай таланттың тұсауын кескен, атағы республикаға танылған «Шыған шырақтары» атты әдебиет пен өнер бірлестігі мүшелерінің де дені – осы ауылдікі. Айтыс көгінде жасындай жарқ етіп өте шыққан Жандарбектің де кіндік қаны осында тамған…
Иә, осылайша мақтайтын атағы бар, анда-санда ел-жұртты селк еткізер «шатағы» да бар ауылмыз. «Әй, шығаннан шыққандар – ай…» деп кейбіреудің күңкілдейтіні де содан. Е, мейлі. Оған бола күмілжіп қалатын біз емес. «Біздерде мынандай бар, мынандай бар» деп мақтанатын мақтанышымыз көп, құдайға тәуба. Соның бірі де бірегейі – Ережеп ағамыз. Өзімізше өрнектеп айтсақ: Шығаннан шыққан шипагер. Адам болған ауру-сырқаусыз ешкім жоқ. Сырқаты жанға батқан сондай сәтте «Әй, әлгі Ережепке барып бір көрінбесем бе…» деп қоятыны бар кішішығандықтардың үлкенінің де, кішісініңде, қазағының да, ұйғырының да. Ол ауруы Ерекең қарайтын сырқат па, жоқ басқа саланыкі ме, шаруасы жоқ. Әйтеуір, соның алдынан бір өтсе ада-күде айықтырып жіберетіндей көрінеді. Ауылдастардың еш алғаусыз сондай аңғалдау мінездеріне еріксіз күлесіз. Күле отырып, ішің жылиды, Мәз боласың: ақ көңілді, пәк ниетті ел – жұртының ықыласына. Мақтанасың: көптің ілтипатына бөленген Ережептей бауырыңның бар екеніне.
«Бауыр» демекші, Ерекең – Рахымбек ақсақал мен Әлімхан апаның сүт кенжесі. Өзінен үлкен Қайшан деген әкпесі, Мәлік пен Дүйсен деген туған ағалары, Қасымхан атты жездесі мен Шолпан, Жидехан деген жеңгелері бар. Айтпақшы, Ережептен кейін Әлімхан апамның бауырында өскен Болатхан Қасымханұлы деген тағы бір азамат бар. Елі бөлек демесең, тура осы Балғабаевтардың құдды өздері сияқты ақкөңіл, аңқылдақ. Кейде еліріңкіреп кететіндігіне дейін соларға тартқан. Сол қара бала бір күні:
— Ойбай, кеще теледидарда «Дауа» хабарын көрдім. Бір қыз біздің Ерекеңді мақтап сөйледі. Өзі де бір сұмдық сұлу екен. Ағамыз оны емдеп жазыпты. Сол үшін… – дейді аптығып.
«Сол үшінін…» сол сәтте қуана құптағанмен ол хабарға іштей өте елігіп кете қоймадық. Ерекең жайлы ондай жағымды пікірді талай рет құлағымыз шалған. Сонау сексенінші жылдардың соңында марқұм Мәлік ағаның:
— Кешегі «Лениншіл жасты» оқыдың ба? Біздің Ережеп туралы Шымкенттен бір кісі жазып, алғыс айтыпты, — дегені есіме түсіп отыр. Өмірден көрген-түйгені мол, аудандық деңгейде басшылық қызметте болған, жай лауазым иесі ғана емес, ел-жұртының рухани серкесіне дейінгі дәрежеге жеткен абзал азаматтың үнінде қанша байқатқысы келмегенмен бауырына деген ризалық сезімі анық аңғарылап тұр еді сонда.
Енді бауырлары мен ауылдастарының мақтанышына айналған ағамыз туралы аузы дуалы азаматтардың айтқан ой-пікірлеріне де кезек берелік.
Кербұлақ ауданының әкімі Махаббат Сәдуақасұлы Бигелдиев:
— Қазақстанда мен білетін екі-ақ мықты нейрохирург бар. Бірі– Астанадағы Ақшолақов. Ал бірі — осы Ережеп бауырымыз. Мен оның шипалы қолының дауасын тікелей өзім көрген адаммын. Ерекеңдей азамат туралы қанша мақтасақ та көптік етпейді.
Панфилов ауданының бұрынғы бас дәрігері Төлеу Құмарбекұлы Сарпеков:
— Ережеп Рахымбекұлының кәсіптік шеберлігінде еш гәп жоқ.Оған қоса азаматтығы, туған елі мен туған жеріне деген риясыз көңілі өте ерекше.
«Суан баба» қоғамдық қоры мен аудандық «Қазақ тілі» қоғамдық бірлестігінің жауапты хатшысы Дүйсенбек Халықұлы Әлімжанов:
— Шыбын жаныңа шипа іздеп ауылдан аптығып барғанда алдыңнан аңқылдап қарсы алатын Ережептей бауырдың болғаны қандай жақсы! Қолынан келетін сырқатты өзі емдеп, басқасы болса оның жөн-жобасын көрсетіп жібереді. Жалпы, осындай іскер жандардың мінезі де қарапайым болғаны бір ғанибет екен-ау…
«Көктал-Арасан» шипажайының бас дәрігері, Панфилов аудандық мәслихатының депутаты Құрманжан Әубекұлы Ахметқалиев:
— Ай–хой, дәурен-ай десеңші. Жалындаған жастық шақтың ең бір көркем кезі-студенттік өмірдің қызығын да шыжығын да бірге көрдік қой, Ерекеңмен. Енді осынау досымның бүгінгідей биікке жетіп, ел құрметіне бөленгенін көру — біз үшін үлкен мерей.
Жаркент қаласындағы Луначарский атындағы мектеп– гимназияның директоры, Панфилов аудандық маслихатының депутаты Нүсіпәлі Нұрғалықұлы Темірбаев:
— Ережеп аға – ел мақтанышы . Оның жұрттың ілтипатына ие болуы – өзінің таза еңбегімен келген мәртебе. Енді осынау көпшіліктің ықыласын ресми түрде рәсімдеп, «Панфилов ауданының Құрметті азаматы» атағын беру қажет деп ойлаймын.
Кішішыған ауылының тұрғыны Берік Ерғалиұлы Тазабеков:
— «Қай жерің ауырса – жаның сонда» деген сөз рас екен. Белімнен грыжа болып аяқ асты кәріп болдым да қалдым. Содан биылғы Жаңа жыл мерекесінен кейін «Жан қысылғанда жақынын табады» демекші, Ережеп ағамен хабарластық. Ол кісі Алматыдан Талдықорғанға арнайы келді. Мына жақтан ауылдан мен бардым. Сонымен бірнеше сағат ота жасап, сәтті аяқтады. Содан мінеки, табаныммен жерді нық басып, тік жүрмін…
Ерекең туралы ел осылай дейді. «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын…» деген сөз осындайда айтылған-ау шамасы.
Дегенмен, 2000 жылы болған мына бір оқиғаны да айтпай кетсек дұрыс болмас: Ерекеңнің ұлты еврей ұстазы Юрий Милович Усиковтың арнайы шақыртуымен аты әйгілі «Қалқамандағы»№4 ауруханада қызмет етіп жүрген кезі. Оған бір министрдің орынбасарына ота жасауға тура келіпті. Содан ертелетіп таңғы сағат алты жарымдар шамасында үйінен шығып ауруханаға беттемей ме? Сол кезде тура өзінің көп қабатты үйінің есік алдында қалқадан шыға келген төрт жігіт арматурамен басынан ұрып, құлатады. Есінен танып қалған есіл ердің саусақтарын безірейген бетонға қойып бір-бірлеп ұрып сындырады. Абырой болғанда таң алдында итін қыдыртып жүрген орыс әйелі байқап қалып, айқай салып, елді арашаға шақырыпты. Содан қаскүнемдер лезде қашып кетіп, қарасын батырған. Ережептің еңсесі биіктеп, абыройы асып бара жатқанын көре алмаған күншілдердің арнайы тапсырысымен жасалған қылмыс еді бұл.
Қайтейік-ай, Абайын сабап, Шәкәрімін құдыққа тастаған, Біржан салды байлап тастап, Ақан серіні жынды атандырған ел емеспіз бе?…Әйтеуір, «Аққа — құдай жақ»деген ғой. Өзінің шипасы тиген көпшіліктің пәк ниетіне, сондай-ақ отбасындағы бала-шағасыныңақ тілеуіне орай азаматымыз аман қалды. Үш айдың о жақ, бұ жағында асакүрделі операциядан соң пластикамен болса да басы бүтінделді. Саусақтары түгелдей түгенделіп, қалпына келтірілді. Ауыл жақта Нұрдаулет Солтанаев, Мұрат Сампаев, Өмірғазы Түгелбаев, Құсайын Бейсебаев, Тұрдақын Садыров секілді сыныптас достары тілеуші болып жүргенде, Алматыда Есқанат Қоспанов сияқты достары езуіне шылымын қыстырып, шынымен шайын әперіп, қолдау көрсетті…
Шүкіршілік,Ережеп ағамыз одан кейін де талай-талай ота жасап, адамдардан Алланың алмайтын жанына себепші болды. Абыройы артып, алғысқа бөленді. Алдағы уақытта да осылай бола берсін деп тілейміз.
Нұрәділ БЕГІМБЕТ
Автор жайлы. Нұрәділ БЕГІМБЕТ — 1960 жылы 27 наурызда туған. ҚазГУ-дің журналистика факультетін бітірген. 1981 жылдан бастап аудандық «Жаркент өңірі» газетінде корректор, тілші, аудармашы, бас редактор, облыстық «Жерұйық» және республикалық «Заң» газеттерінде меншікті тілші, сондай-ақ, Панфилов аудандық әкімдігінде бас маман. бас инспектор, аудан әкімінің көмекшісі болған. Жаркент өңірінде тұңғын рет тәуелсіз «Ел газеті» аймақтық үнжариясын шығарып, «Ұлағат», «Ақиқат», «Мұғалім» басылымдарына бас редакторлық еткен. Баламалы түрде дауысқа түсіп, аудандық мәслихаттың депутаты болып та сайланған. Қазір халықаралық «ҚазАқпарат» агенттігінің Жаркент аймағы бойынша тілші-шолушысы. Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.
Прозашы, журналист және аудармашы ретінде бірқатар республикалық, облыстық бәйгелердің жүлдегері атанған. Шығармалары көптеген ұжымдық жинақтарға енген, өзі де бірнеше кітап құрастырған. Панфилов аудандық «Қазақ тілі» қоғамы ұйымы ақылдастар алқасының және «Арқас алауы» әдебиет пен өнер бірлестігінің мүшесі.
«Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне — 20 жыл» мерекелік медалімен, республикалық шығармашыл жастардың «Жігер» фестивалінің дипломымен, Алматы облысы әкімінің, Алматы облыстық мәслихатының, Алматы облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқарманың, аудан әкімінің және «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалының Құрмет грамоталарымен және Алғыс хаттарымен наградталған.
Отбасылы. Жұбайы – педагог. Екі ұл, үш қыз, алты немересі бар.