Орбұлақ шайқасында қазақ батырларымен тізе қосып, ерен ерліктің үлгісін көрсеткен батырға жерлестері 1998 жылы Алмалы ауылында туылғанының 400 жылдығын атап өтті. Басғұншы-Алмалы тас жолының бойына кесене тұрғызылып, Алмалы орта мектебінің ауласына бюст қойылды. Ауылдағы көшенің бірі Елтінді батыр есімімен аталды. Халықтың сұрауы бойынша 1999 жылы 22 қыркүйекте Қазақстан Республикасы министрлер кабинетінің №1436 қаулысымен Алмалы орта мектебіне Елтінді батыр есімі берілді.
Тарихына терең зер сап қараңыз,
Ерлік ісін, шежіреден табамыз.
Тасқа таңба болып түссе кейбірі,
Бірі жайлы ел аузында бар аңыз.
Жан жоқ шығар ертегі тыңдамаған,
Баба ерлігін айтады жыр да маған.
Елмен, ердің көп жайын аңғарамыз,
Қазыбек бек қалдырған жылнамадан.
Ықылымда би, батыр, хандар өткен,
Ел-жұрт қорғап алысып көбе сөккен.
Азуын айға білеген сан жыртқыштың,
Омыртқасын опырып, қанын төккен.
Сондай бір кез қырық үште басталды,
Бұлт торлады қазақ тұрған аспанды.
Бейбіт жатқан қамсыз елге бүйідей,
Батур бастап елу мың қол бас салды.
Хан Жәңгір батырлармен тізе қосып,
Қара селдей қалмақты келген жосып,
Спартандық ерлердей елін сүйген,
Қаймықпай қарсы алды кеуде тосып.
Тайсалмайтын көк найзадан, жебеден,
Қиын кезде тар қолтықтан демеген.
Батырлар-ай, елдің болған ұйытқысы,
Сенің жерің, менің елім демеген.
Дүбір шықса, бас қосатын бар саңлақ,
Үйде бұғып отырмайтын жалтаңдап,
Серт байласып, бір қазаннан дәм тартып,
Елден жауды қуатығұн талқаңдап.
Жар салғанда Қаратаудан Қарасай,
Батыр біткен атқа қонған тола сай.
Жау сұраған ақ алмасын емінтіп,
Ұлы Арқадан үнін қосқан Ағынтай.
Күндіз-түні елдің қамын ойлаған,
Қиын-қыстау кезде серттен таймаған.
Ел шетіне жау енді деп есітіп,
Атқа қонған, біраз батыр найманнан.
Ерегесте дұшпанын еңсеретін,
Қаймығып, сескеніп жау теңселетін.
Батырлардың бөленген ықыласына,
Қарсы алды жұрт, Найманның Көксерегін.
Алдырмайтын көп дұшпанға аңдыған,
Топқа кірсе айналасын қан қылған.
Серке санды тұлпар мініп арымас,
Сарыбұқа батыр келді Қаңлыдан.
Қазақ түбі бірге санап қырғызды,
Атастырып бесігінде ұл-қызды.
Құда болып, аңда болып дос-жараң,
Екі араға талай жорға жүргізді.
Жекпе-жек деп қан жұтқызған талайға,
Кеудесінде жарқылдаған шарайна.
Қазақ бауыр басына іс түсті деп,
Үйсін таудан асты қырғыз Табайда.
Кезенсе мүлт кетпейтін атқан оғы,
Ата жауға жүрегі кекке толы.
Бар қаруын асынып шарт түйініп,
Дулаттың келді мерген Жақсығұлы.
Қалай айтсаң мақтауға ылайық тағы,
Жасанып Арғын Қомпай келді тағы.
Төртқарадан Жиенбет жеке шықты,
Қол бастаған ұрыста Жайықтағы.
Кірпік ілмей жау баққан күндіз-түні,
Еңгезердей алып ед сүйегі ірі.
Жау тосатын жер таңда деп хан Жәңгір,
ЕрСуаннан жұмсады Елтіндіні.
Ат тоқымы, ақ көбіктен кеппеген,
Қас дұшпаны қия шауып өтпеген.
Ел шетінде, жау өтінде Елтінді,
Көк найзамен талай қалмақ көктеген.
Қыран еді тас қияда түлеген,
Жүректі еді, жауға семсер білеген.
Елі үшін керек десе ер еді,
Қысқа күнде қырық өтетін Іледен.
Бауыр тартып бүкіл қазақ баласын,
Батырлармен көңіл тауып жарасым.
Шетте жүріп, шепке жауды түсірмей,
Шола тұғын Іле-Ертіс арасын.
Батырына түсті сонда бар салмақ,
Қандай жерде, қалай жауды қарсы алмақ.
Бес саусақтай ой-шұқырын білетін,
Туып-өскен жері еді бұл аймақ.
Тар кезеңді таңдаған соң Елтінді,
Хан әскерін дайындыққа келтірді.
Кіндік тұстан жер қазып-ап бар жасақ,
Оқпанаға оқ тиместей бекінді.
Болсадағы Жаумен күші тең емес,
Демеу беріп, жақпар, жартас, қыр-белес.
Алты жүз ер жауға ашты майданды,
Грек-парсы ұрысынан кем емес.
Жауға кірді Елтінді де,
Кекке қайрап қылышын.
Жат табанда қалмасын деп,
Келер заман,ұл үшін.
Риза болды батырларға,
Жанын беріп қорғаған.
Ұланғайыр кең даланың,
Суан жатқан бұрышын.
Осы оқиға шежіреде жазылған,
Шежіре ғой түпсіз менің қазынам.
Орбұлақта оқпананың орыны,
Куә болып әлі жатыр қазылған.
Демей ме, бөлінгенді бөрі жейді,
Бөлінбеген олжасын бөліп жейді.
Кемел ойлы, кең жүрек ақылды ұлдар,
Туа салып, жұртының қамын жейді.
Елді қосқан батырлар әуел бастан,
Олар жайлы жазылған жыр мен дастан.
Дегізбей сенің жерің, менің жерім,
Қазақтың кең даласын бір қорғасқан.
Көсемдер көбейер ел азарында,
Ондайлар, шүкір, аз ғой қазағымда.
Олай болса, бас иіп батырларға,
Бір қайнайық бірліктің қазанында.
1998 жыл, шілде
Молот СОЛТАНАЕВ