Бүгінде халыққа қызмет көрсету орталықтары (ХҚКО) азаматтарға мемлекеттік қызметтерді жылдам әрі сапалы ұсыну бағытында жүйелі түрде жаңашылдықтар енгізуде. Цифрландырудың дамуы, жаңа сервистер мен қызмет көрсету формалары – азаматтардың уақытын үнемдеуге және мемлекеттік қызметтерді барынша қолжетімді етуге мүмкіндік береді.
ХҚКО-дағы жаңа өзгерістер мен қызметтер де жыл сайын өзгеріп халыққа ыңғайлы жасалып келеді. Мәселен, ХҚКО-ға бару кезінде кезек күтуді азайту мақсатында алдын ала брондау қызметі енгізілді. Азаматтар eGov порталы немесе eGov mobile қосымшасы арқылы өздеріне ыңғайлы уақытқа жазыла алады. Бұл жүйе адамдар кезегін реттеп, қызмет көрсету сапасын жақсартуға ыңғайлы.
Елімізде мемлекеттік қызмет көрсету саласын жетілдіру мақсатында 2016 жылы «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамы құрылды. Бұл құрылым халыққа қызмет көрсету орталықтарын, әлеуметтік төлемдерді тағайындау, жер кадастры, жылжымайтын мүлік және көлік тіркеу сияқты мемлекеттік қызметтерді біріктіріп, азаматтарға «бір терезе» қағидаты бойынша кешенді қызмет көрсетеді.
«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы халыққа қызмет көрсету сапасын жақсарту мақсатында тұрақты түрде реформалар жүргізіп келеді.
Жақында енгізілген жаңашылдықтардың бірі – ХҚКО-ларда Paper Free қағидаты бойынша жұмыс істеу. Бұл азаматтардың құжаттарын қағазсыз қабылдауға мүмкіндік беріп, қызмет көрсету уақытын қысқартады.
Сондай-ақ, ХҚКО-ларда Face ID арқылы биометриялық сәйкестендіру жүйесі енгізілуде. Бұл жүйе алаяқтық әрекеттердің алдын алуға және азаматтардың деректерін қауіпсіз сақтауға мүмкіндік береді.
ХҚКО ғимараттарында азаматтардың өз бетінше қызмет алуына арналған «өзіне-өзі қызмет көрсету» аймақтары құрылды. Онда арнайы кеңесшілер көмегімен eGov порталын пайдаланып, анықтамалар алып, өтініштер тапсыруға болады. Бұл қызмет азаматтардың цифрлық сауаттылығын арттырып, көптеген процестерді жеңілдетеді.
Цифрлық технологияларды игеруде қиындықтарға тап болған азаматтарға көмек көрсету үшін арнайы цифрлық кеңесшілер жұмыс істеуде. Олар электрондық қызметтерді қалай пайдалану керектігін түсіндіріп, цифрлық сауаттылықты арттыруға көмектеседі.
«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы Қазақстан азаматтарына мемлекеттік қызметтерді ыңғайлы, жылдам және ашық түрде ұсынуды басты мақсат етіп қойды. Цифрландыру, проактивті қызметтер мен жаңа технологияларды енгізу арқылы корпорация мемлекеттік қызмет көрсетудің сапасын арттыруда. Алдағы уақытта бұл бағыттағы жұмыстар одан әрі жетілдіріліп, азаматтардың уақытын үнемдеуге және қызмет көрсету сапасын жаңа деңгейге көтеруге ықпал ететіні анық.
Айдана ҚАСЕН,
І.Жансүгіров атындағы Жетісу университетінің
гуманитарлық факультетінің студенті.