«Халықтық құрылыс» – елдің әлеуметтік әлеуетін арттырып, өңірлердің дамуына тың серпін беретін ауқымды бастама
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Қазақстан халқына Жолдауында ел дамуының алдағы кезеңіне арналған маңызды міндеттер айқындалды. Солардың ішіндегі ең ауқымдыларының бірі – «Халықтық құрылыс» бастамасы. Мемлекет басшысы Қазақстанды жаппай құрылыс алаңына айналдыру қажеттігін айтып, 2027 жылды Жалпыхалықтық ауқымды құрылыс жылы деп жариялауды ұсынды. Бұл – жай ғана жаңа ғимараттар тұрғызу емес, елдің әлеуметтік-экономикалық келбетін жаңғыртуға бағытталған үлкен жұмыс.
Шындығында, мемлекеттің даму деңгейі оның экономикалық көрсеткіштерімен ғана өлшенбейді. Халықтың күнделікті өміріне қажетті мектеп, аурухана, жол, ауызсу, жылу, газ және сапалы инженерлік желілердің қолжетімді болуы да елдің өркендеуін айқындайтын басты өлшемдердің бірі. Қалада да, ауылда да тұрғындар осы игіліктерді сезінгенде ғана экономикалық өсімнің нақты нәтижесі байқалады. Сондықтан Президенттің инфрақұрылымды дамытуға айрықша мән беруі уақыт талабынан туындаған шешім деуге болады.
Жолдауда айтылғандай, 2029 жылдың соңына дейін Инфрақұрылымдық жаңғыру жоспарын жүзеге асыру үшін Ұлттық қордан шамамен 6,5 триллион теңге бөлу көзделіп отыр. Оның ішінде биыл және 2027 жылдың алғашқы екі айында әлеуметтік жобаларды іске қосуға 1,5 триллион теңге қарастыру тапсырылды. Бұл – қомақты қаржы. Демек, оны тиімді пайдалану, әр теңгенің ел игілігіне қызмет етуін қамтамасыз ету аса маңызды. Мемлекет басшысы да бөлінген қаражаттың экономикалық және әлеуметтік қайтарымы болуы керектігін, құрылыс барысы қатаң бақылауға алынатынын атап өтті.
Бағдарламаның алғашқы кезеңінде аймақтарда 70-ке жуық денсаулық сақтау нысанын салу жоспарланған. Олардың қатарында перзентханалар, ауруханалар, жедел медициналық көмек көрсету станциялары, балаларға арналған оңалту орталықтары және ерекше балалардың сұранысына сай спорт залдары бар. Сонымен бірге білім беру, спорт және мәдениет салаларында 50-ге жуық мекеменің құрылысы басталмақ. Бұған қоса, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғыртуға қомақты қаржы бөлініп, көптеген елді мекендерге газ бен таза ауызсу жеткізу көзделген.
Бұл нысандардың әрқайсысы – халықтың тұрмыс сапасына тікелей әсер ететін маңызды әлеуметтік қажеттілік. Мәселен, шалғай ауылда медициналық пункттің немесе жедел жәрдем станциясының болуы тұрғындардың өмірі мен денсаулығы үшін қаншалықты маңызды екенін айтпаса да түсінікті. Баланың сапалы білім алып, спортпен шұғылдануына жағдай жасалуы да оның болашағына салынған инвестиция. Ал ауызсу мен газдың жеткізілуі ауылдағы тіршілікті жеңілдетіп қана қоймай, елді мекендердің әлеуметтік тартымдылығын арттырады.
Осы тұрғыдан алғанда, «Халықтық құрылыс» бастамасының өңірлер үшін маңызы ерекше. Өйткені инфрақұрылымның сапасы аймақтың экономикалық мүмкіндігіне де тікелей ықпал етеді. Жол жақсарса, шаруаның өнімін нарыққа жеткізуі жеңілдейді. Инженерлік желілер жаңарса, кәсіпкерлік нысандарын ашуға мүмкіндік туады. Әлеуметтік мекемелер көбейсе, тұрғындардың басқа жаққа көшіп-қону қажеттілігі азаяды. Яғни құрылыс жұмыстары бір саланың шеңберінде қалмай, тұтас өңірдің дамуына қозғау салады.
Мұның тағы бір маңызды қыры – отандық өндіріс пен шағын және орта бизнестің дамуына жол ашуы. Президент ауқымды инфрақұрылымдық жобаларға қажетті құрылыс материалдарын, металл конструкцияларын және инженерлік жабдықтарды өз елімізде өндіру керектігін баса айтты. Бұл талаптың мәні зор. Егер құрылысқа қажетті өнімнің басым бөлігі отандық кәсіпорындарда өндірілсе, жаңа жұмыс орындары ашылып, өндіріс көлемі ұлғаяды. Құрылыс саласындағы сұраныс ішкі нарықты жандандырып, отандық кәсіпкерлердің дамуына мүмкіндік береді.
Мемлекет басшысы жобаларды жүзеге асыруға жергілікті жерлердегі тәжірибесі мен материалдық-техникалық мүмкіндігі жеткілікті шағын және орта бизнес өкілдерін тарту қажеттігін де атап өтті. Бұл – өңір кәсіпкерлері үшін маңызды мүмкіндік. Алайда оған қол жеткізу үшін жергілікті компаниялардың сапалы жұмыс істеуіне, әділ бәсекеге қатысуына және мемлекеттік тапсырыстарды орындауына қолайлы жағдай жасалуы керек. Сонда ғана ауқымды құрылыс жұмыстарының игілігі ірі мердігерлермен шектелмей, жергілікті кәсіпкерлікке де тиеді.
Әрине, мұндай ауқымды бағдарламаны жүзеге асыруда құрылыс нысандарының сапасы мен мерзіміне ерекше назар аударылуға тиіс. Бұрын басталған кейбір жобалардың ұзаққа созылып, белгіленген уақытта пайдалануға берілмей қалатыны жасырын емес. Сондықтан жаңа бастама аясында әрбір нысанның қажеттілігі алдын ала зерделеніп, жобалау жұмыстары сапалы жүргізіліп, мердігерлердің жауапкершілігі күшейтілуі қажет. Құрылысқа бөлінген қаражаттың мақсатты жұмсалуын қоғам да, тиісті мемлекеттік органдар да бақылағаны жөн. Өйткені салынған ғимараттың әдемі көрінуі аз, оның халыққа ұзақ жылдар бойы қызмет етуі маңызды.
Президент Үкіметке жыл соңына дейін нақты жобалардың бастапқы тізімін әзірлеуді тапсырды. Бұл тізім барлық аймақты қамтуы керек. Демек, әр өңірдің өзіне тән қажеттілігі ескеріліп, қаржы ең алдымен халыққа шын мәнінде қажет нысандарға бағытталуы тиіс. Бір жерде ауруханаға, екінші жерде мектепке, енді бір аймақта ауызсу немесе жол мәселесін шешуге басымдық берілуі мүмкін. Ең бастысы, құрылыс жұмыстары өңірлер арасындағы теңгерімді дамытуға қызмет етуі керек.
«Халықтық құрылыс» атауының өзінде үлкен мән жатыр. Себебі бұл бастаманың түпкі мақсаты – халықтың игілігі, азаматтардың өмір сүру сапасын жақсарту. Мемлекет басшысы бағдарламаның жүз мыңдаған адамды жұмыспен қамтуға ықпал ететінін атап өтті. Құрылыс алаңдарында жұмысшылар, инженерлер, сәулетшілер, жобалаушылар, жүргізушілер мен түрлі сала мамандары еңбек етеді. Оларға қажетті материалдарды өндіретін кәсіпорындар да жұмысын жандандырады. Осылайша, бір құрылыс жобасының өзі бірнеше саланың дамуына серпін бере алады.
Бүгінгі таңда әлем жасанды интеллект пен жоғары технологиялар дәуіріне қадам басты. Осындай кезеңде Қазақстанның инфрақұрылымды жаңғыртуға басымдық беруі де тегін емес. Өйткені заманауи технологияны енгізу үшін де сапалы жол, тұрақты электр қуаты, сенімді байланыс, дамыған инженерлік желі қажет. Яғни цифрлық даму мен нақты құрылыс бір-біріне қарсы бағыт емес, керісінше, бірін-бірі толықтыратын маңызды салалар.
«Халықтық құрылыс» бастамасының табысты жүзеге асуы бүгінгі ұрпақтың тұрмысын жақсартып қана қоймай, келешек буынға қалатын елдің де іргесін бекемдейді. Жаңа мектептер мен ауруханалар, жолдар мен инженерлік желілер, спорт және мәдениет нысандары – ертеңгі Қазақстанның материалдық негізі. Сондықтан бұл жұмыстың басты өлшемі салынған нысандардың санымен емес, халықтың өмірінде болған оң өзгерістермен бағалануға тиіс. Құрылыс халықтың нақты сұранысына жауап беріп, әр өңірдің дамуына қызмет еткенде ғана «Халықтық құрылыс» атауына толық лайық болмақ.
Молот СОЛТАНАЕВ










