Республика көлемінде Құрылтай сайлауына түсетін жеті партия жанталаса қимылдап, қоғамға өз идеялары мен бағдарламаларын таныстырып жатыр. Сайлауалды кездесулер көбейіп, кандидаттар ел аралап, халықпен жүздесіп, өздерінің негізгі бағыттарын түсіндіруде.
Бүгінде сайлаушының талабы да бұрынғыдан өзгерген. Жұрт құр ұран мен айқайға емес, партиялардың нақты бағдарламасына, ұсынған шешімдеріне назар аударады. Кездесулерде кандидаттарға көкейдегі сауалдарын қойып, белгілі бір мәселенің заң аясында қалай шешілетінін білгісі келеді.
Бұл – қоғамның саяси мәдениеті өсіп келе жатқанының белгісі.
Халықтың сұрағы да нақты. Ауылдағы ауыз су, жолдың жағдайы, газдандыру, мектеп пен білім сапасы, жалақы, әлеуметтік және медициналық сақтандыру, ауыл шаруашылығы, медициналық қызметтің қолжетімділігі сияқты күнделікті өмірге тікелей әсер ететін мәселелер көтеріліп жатыр.
Панфилов ауданының тұрғыны Тоқтарбай Керімқұлов сайлауалды кездесулер кезінде халықтың өз мәселесін ашық айтуы маңызды екенін атап өтті.
– Бұрын сайлау кезінде халық көбіне партияның атына, кандидаттың кім екеніне қарап таңдау жасайтын. Қазір жағдай өзгерді. Адамдар нақты бағдарламаға үңіледі. «Мына мәселе қалай шешіледі? Заңда оған қандай мүмкіндік бар? Қаражат қайдан бөлінеді?» деген сұрақтарды қояды. Бұл – жақсы үрдіс. Себебі депутат дегеніміз халықтың атынан сөйлейтін, халықтың мәселесін заң шығару деңгейіне жеткізетін өкіл болуы керек, – дейді ол.
Шын мәнінде, халықтың заң шығарушы органға қоятын талабы да осыған саяды. Депутат сайланғаннан кейін елмен байланысын үзбей, сайлауалды кезеңде айтқан уәдесінің орындалуына жауапкершілікпен қарауы қажет.
Аудан тұрғыны Мырза Манап та сайлаудың маңызын ең алдымен халықтың таңдауымен байланыстырады.
– Біз өзіміз үшін ғана емес, балаларымыздың, немерелеріміздің болашағы үшін таңдау жасаймыз. Сондықтан әр азамат партиялардың бағдарламасын қарап, кімнің не ұсынып отырғанын салыстыруы керек. Сайлау – жай ғана дауыс беру емес. Бұл – өз пікіріңді білдіру, елдің болашағына араласу. Халық неғұрлым белсенді болса, билікке де, депутаттарға да жауапкершілік соғұрлым жоғары болады, – дейді Мырза Манап.
Соңғы жылдары елдегі құқықтық реформалар азаматтардың өз құқықтарын білуіне, мемлекеттік органдармен қарым-қатынаста сауатты болуына да ықпал етіп келеді. Адамдар өз мәселесін жай ғана айтып қоймай, оның заңдық негізін сұрайтын деңгейге жетті. Бұл үрдіс қоғам мен мемлекеттің арасындағы байланыстың жаңа сапаға көтеріліп келе жатқанын көрсетеді.
Әрине, барлық мәселені бір заңмен немесе бір шешіммен бір күнде реттеу мүмкін емес. Бірақ халықтың нақты сауалы билік өкілдерін де нақты жауап беруге міндеттейді. Ал партиялардың бағдарламасы сол жауаптардың қаншалықты өміршең екенін көрсететін негізгі құжаттардың бірі болуы тиіс.
Сондықтан бұл сайлауда сайлаушының да жауапкершілігі жоғары. Дауыс беру – азаматтың конституциялық құқығы ғана емес, елдің даму бағытын айқындауға қатысу мүмкіндігі.
Қай партияға дауыс беру – әр азаматтың өз таңдауы. Бірақ ең бастысы – сол таңдаудың саналы жасалуы. Партиялардың бағдарламасын оқу, ұсыныстарын салыстыру, өзекті мәселелерге қандай шешім ұсынып отырғанын бағалау маңызды.
Ел болашағы тек билікке немесе депутаттарға ғана байланысты емес. Мемлекеттің ертеңі қоғамның белсенділігіне, азаматтардың ұстанымына және жасаған таңдауына да тікелей байланысты.
Сондықтан алдағы Құрылтай сайлауына әр азамат бейжай қарамай, белсенді қатысып, өз таңдауын жасағаны жөн. Өйткені халықтың дауысы – елдің ертеңіне берілген баға. Ал бүгін жасалған таңдау мемлекеттің болашақ бағытына әсер ететіні анық.










