Сенбі, 25 Наурыз, 2023
  • Біз туралы
  • Сайт тәртібі
  • PDF нұсқа
  • Байланыс
Jaraina.kz
  • Басты бет
  • Саясат айнасы
  • Өңір айнасы
  • Тарих айнасы
  • Қоғам айнасы
  • Мәдениет айнасы
No Result
View All Result
Jaraina.kz
No Result
View All Result
Басты бет Ақпарат ағыны

«Көктал-Агро» – заманауи зауыт

11 Қараша, 2022
«Көктал-Агро» – заманауи зауыт
5
БӨЛІСУ
60
ҚАРАЛЫМ
FacebookTwitterTelegram

немесе жаңалыққа жаны құштар Жәнібек

«Жақсыны көрмек үшін» демекші, біздің «Жаркент айнасы» газетінің кезекті номеріне шыққан мақалаға орай Көктал ауылын бетке алып жолға шықтық. Көктал ауылдық округіне орналасқан «Көктал-Агро» ЖШС зауытының директоры Жәнібек Оханов «25 қазан – Республика күні» мерекесінде көп балалы анаға 6,5 млн. теңгеге үй алып берді деген жақсылық хабар дүйім елге тарады. «Ауыл – ағасыз, тон – жағасыз болмас» деп Көктал ауылдық округі әкімінің уақытша міндетін атқарушы Қадырбаев Батырбек Рүстембайұлының кеңсесінде отырған ауылдағы ақсақалдар кеңесінің төрағасы Солтанқұлов Сайлау екеуіне сәлем бере кірдік. Үлкен жолдың бойында орналасқан 12 мыңнан астам халқы бар ауылдың тыныс-тіршілігімен танысқан соң, Жәнібек Охановтың жекелігіне қарай жүрдік. Ауылдан шыға берістегі Көктал-Арасан жолынан солға бұрылып зауыт қақпасына жеткенше тапталған асфальт төсем осындағы шаруашылық басшысының ұқыптылығын көрсеткендей. Зауыт қақпасынан қарсы алған, бойы ортадан сәл жоғары, кең кеуделі, жүзі жылы азамат өзін Жәнібек деп таныстырды да келген шаруамызды естігеннен соң көп бөгелмей шаруашылығын аралатып, таныстыра бастады. Кең алаңқайдағы әртүрлі ағаштардың түр-түрі егілген көгілдір газон көз тартады. Барлығына тән бір жинақылық бар. Шағын және орта бизнесті дамытуға қолайлы жағдай туып отырған кезде кәсіпкерлік істі қолынан ұйымдастырушылық қабілеті бар мамандардың басшылыққа келіп жұмыс жүргізгені өте тиімді. Жалпы кез-келген саладағы кәсіпті жүргізушілердің ісінің ілгері басқанын, кәсіби маман болғанда ғана биік жетістіктерге жететіндігін көріп жүрміз.

Жаркент жерінің әлеуметтік-экономикалық қуатын арттыруға өз тарапынан ат салысып жатқан кәсіпкер азаматтар баршылық. Солардың бірі «Көктал-Агро» ЖШС директоры Жәнібек Мұқатайұлы Оханов екендігіне жүргізіп жатқан жұмыстарын өз көзімізбен өткеріп, шаруасымен жете танысқаннан кейін көзіміз жетті. Тарихта қалған Тарбағатай мен Жетісу Алатауының түйіскен жеріндегі Алакөлдің Қызылащы ауылында 1972 жылы дүниеге келген Жәнібек орта мектепті аяқтаған соң 1994 жылы Алматы қаласындағы ауылшаруашылығы университетінің экономика, менеджмент және басқару жүйесі мамандығына түсіп, 1999 жылы бітіріп  шықты. Жаркент жеріне келіп бес жылдай осы жердегі тіршілік көздерін бақылап, зерттеп жүріп көп нәрсеге көңіл қойып тәжірибе жинақтады. Алдыңғы толқын ағалардың, әсіресе іскер шаруашылық басшылары болған Н.Н.Головацкийдің, Қ.Ыбырайымжановтың, алғашқы аудан әкімі болған Ә.Ыбыраймолдаевтың халықпен жұмыс істеу ерекшеліктерін, еңбекті ұйымдастыру  тәжірибелерін, ести, біле жүріп, сол кісілердей елге қызмет еткісі келді. Ол нартәуекел деп ізгі ойын біртіндеп жүзеге асыра бастады.

Кеңес үкіметі кезінде Көктал ауылының солтүстік жағына салынған аумағы ат шаптырым «Көктал жүгері зауыты» аймаққа аты шығып дүркіреп жұмыс істеп тұрды. Өткен ғасырдың 1968-1969 жылдары «Красный Восток» колхозында механизатор болып жұмыс істеп жүрген кезде өзім де трактормен талай мәрте астық тасып әкеліп өткізгенім есімде. Бұл жүгері зауыты еліміз нарықтық экономикаға көшіп, өтпелі кезең туғанда талан-таражға ұшырап, кенеуі кеткен еді. Зауытты қайта жандандырамыз деген кәсіпкерлердің біразы келіп-кетіп, ұқсата алмағасын қолдан-қолға өткен ғимараттар тозып, қараусыз қалды. Жәнібек ойлана келе қаржы көзі табылғаннан кейін, тәуекелге бел буып, аумағы 28 гектар жерді алып жатқан ескі жүгері зауытының ғимараттарын жекеге алды. Ондағы ойы жұмысты нәтижелі жүргізу үшін табан тірер тұғыр, жер керек екенін түсінген еді. Өз жұмысын еліміз дағдарыс алаңынан толық шықпай жатып жүргізген кәсіпкер «АзияАгроФуд» АҚ филиалы ретінде бастағанда қаржылық қоры 3 млрд. теңге болған-ды. Бұл тартылған инвестицияға тауарлы-сүт фермасын салуға, қажетті құрал-жабдықтар сатып алуға және шетелдерден асыл тұқымды сүтті бағыттағы сиырлар әкелуге жұмсалды. Осылай қолға алған жұмысты тиянақты атқаруға әдеттенген Жәнібек Оханов 2007 жылдан бастап зауыттың директоры қызметін атқарып келеді.

Жәнібек ауылшаруашылығы техникаларының жағдайын бес саусақтай білетіндігін жұмыс барысында көрсетті. Жұмыстың барлығын техника шешетіндігін білетіндіктен бұрынғы ескі, өнімділігі төмен тракторлар мен комбайындарды дамыған елдерден сатып алынған соңғы үлгідегі жаңа технологиялық компьютерлермен жабдықталған техникалармен ауыстырды. Жаңа техникалар, соның ішінде 4 жаңа «Джон-Дир 7790», «Дон 680» комбайнын, «Джон Дир» дөңгелекті, 15-тей әртүрлі маркалы «Беларус» тракторларын сатып алып жұмыстарға пайдалана бастады. Әрине жұмыстың бар ауыртпалығы Жәнібектің өзіне түскендігі белгілі. Зауытқа қажетті бүкіл техникалық құрал-жабдықтарды таңдау, оларды сатушы компаниялармен  байланыс орнату, құжаттарын дайындау, қосалқы бөлшектерін қоса алу, қаржы аудару үшін банктермен жұмыс жүргізу, оларды әкеліп іске қосу – осының бәрі орасан күш-жігерді талап етеді. Бірақ жаңа техникалардың тиімділігін білгендіктен оларды іске қосуға шаршамады. Заманауи компьютермен жабдықталған трактор, комбайндардың артықшылығы астық орылған жердің, түскен өнімнің көлемін, оларға жұмсалған жанар-жағар майдың мөлшерін көрсетіп тұратындығы. Артық, есеп жүргізуші ұстамайсыз.

Жекеге алған жерлерді жаңа технологияға сай өңдеп, агротехникалық талаптарын сақтай отырып, алғашқы кезде «ЗПСК-704», «ЗПСК-599» екі мерзімді, екі сұрыпты жүгері тұқымын сеуіп, күтіп, лайықты баптап жүріп күзде бейнетінің  зейнетін көрді. Себілген дәннен бір маусымда  20 млн. пайда көрді. 2015-2016 жылдары Израильдік тамшылатып суғару технологиясын жүзеге асырып,  суды үнемді жұмсауды пайдалаланып 300 гектар жерге жүгері сеуіп, әр гектарынан 20 тоннадан өнім алуға қол жеткізді. Бұл сол жылдарда өңірдегі басқа шаруашылықтар игермеген көрсеткіш еді. Мал азығын мол өндіру мақсатында 2019 жылы Италиядан көпжылдық жоңышқаның «Джея» тұқымын алдырып сеуіп, оны американдық  «Zimmatik» құрылғысы арқылы тамшылатып суғарып, мол өнім алуда. Бұл жоңышқаның ерекшелігі бір маусымда 5 рет шабылады, әрі түсімі де өте мол және малға жұғымды. Бұл егістік жерді де суғаруға Израильдік тамшылата суғару әдісі қолданылуда. Жәнібек сөз арасында қазіргі кезде келесі егіс маусымына тамшылатып суғарумен 300 гектар, жаңбырлатқышпен 300 гектар, 400 гектар дәнді жүгері егуге дайындап отырғанын жеткізді. Зауыттың барлық игерілетін жер көлемі 1138 гектарды құрайды.

Алғашқы жылдары жұмысты жаңаша жолға қою әрине оңай бола қойған жоқ. Жәнібектің жұмысты жаңа үрдіспен жүргізуіне зор ықпал еткен іссапардың бірі 2016 жылғы Еуропадағы экономикасы жоғары дамыған, қазіргі заманғы индустриалды Нидерланд корольдігінде болып қайтуы еді.  Территориясының шағындығына қарамай Нидерланд азық-түлік өніммдерін экспорттаудан дүниежүзі бойынша екінші орын алады. Басты экспорты мал өнімдеріне бағытталған, оның ішінде ет-сүт, май, ірімшік шығарады. Құрамында  Жәнібек бар 10 шақты іскер азамат елдің аумағында орналасқан ауылшаруашылығы өнімін өндіретін кооперативпен, олардың өндірген өнімдерін өңдейтін  кәсіпорындардың жұмысымен танысты. Негізгі ойы ол жердегі 18 мыңдай кооперативтер ауылшаруашылығы өнімдерін қалай өндіреді, өңдеу технологиясы қандай, оны тұтынушыға қандай жолдармен жеткізеді деген мәселелерге көңіл аудару болды. Мысалы, фермерлер қарауындағы сауынды сиырлардан тәулігіне 40 литрден сүт алып, оны өздері ешқандай кедергісіз өңдеп үлгеріп, тұтынушыға жеткізеді екен. Бұл жұмысты осы елдегі фермерлер ассоциациясы жүзеге асыратын болып шықты. Ассоциация 450 кооперативті біріктіріп, олардың сүт өнімдерін жиып алып, зауытта өңдеп, тұтынуға қажетті дайын азық-түлікті халыққа жеткізеді. Біразын құрғақ сүтке айналдырып шетелге экспорттайды. Фермерлермен жылдам есеп айырысады. Бұл елдегі мемлекеттік қызмет түрлерінің көбі ақпараттық технология дәуірінен өтіп, цифрландыру кезеңіне көшкен. Цифрландыру үдерісінің нәтижесінде жоғары басқарушы тарап пен төменгі фермерлер жұмысы әрі тез, әрі сапалы жүзеге асырылады, яғни ақпарат алмасу тез жүреді, сондықтан да экономикалық тиімділігі өте жоғары.

Жәнібек Мұқатайұлы инновациялық әдіс-тәсілдерге негізделген тауарлы-сүт фермасын іске қосқаннан кейін жем-шөп базасын нығайту жұмыстарына көшті. 2019 жылы ауыл шаруашылығына, соның ішінде мал азығын жеткілікті дайындауға 1000 гектар жерді игеру жұмыстарын бастады. Технологияға сай өңделген 300 гектар жерге гибрид  жүгері дәні себілді. Израильдік тамшылатып суғару әдісі қолданылғандықтан ол өз пайдасын берді. Мысалы бір жылдары 80 га жердің әр гектарынан 20 тоннадан дән жинады. Ауданда мұндай нәтижелі өнім алған шаруа қожалықтары көп емес, сондықтанда тәжірибе алмасу мақсатында әр кезеңдерде «Көктал-Агро» кешенінде егістік күніне арналған облыстық, аудандық кеңестер өтіп тұрады. Сондай кеңестің бірі «Жаңа гибрид тұқымдарының жерсіндірілген сорттарын ұсыну» тақырыбында өтіп, аудандағы шаруа қожалығының жетекшілерінің қызығушылығын тудырды. Бүгінгі күндері өнімділігі жоғары, вегетациялық мерзімі тиімді «Пионер» сұрыбын пайдалануға көшкен. Сұрыптардың алмасуы жерді демалдырудың әрі эрозиядан сақтаудың бір жолы деп саналады.

«Көктал-Агро» кешенінде арнайы жобамен салынған қораларда Австриядан әкелінген етті-сүтті бағыттағы шведтік және симментал асыл тұқымды 1150 сиыр күтімде тұр. Сүт фермасын аралап жүріп көргеніміз көңілді тоғайтады. Сауымда тұрған 650 бас сауынды сиырға  6 сауыншы ғана бөлініпті. Ортадағы 36 басқа арналған компьютерленген айналмаға (карусель) үйренген, түр-тұрпаты ірі, сыздаған емшектері жер сызған сиырлар бір мезетте тұрып сауылып шығып кетеді екен. Сауылған сүт лайықталынған түтіктер арқылы тығыз жабылатын, арнайы тоңазытылатын бөлменің ішіндегі 30 тонналық сүт сақтайтын екі танкерге құйылып сақталады. Күн сайын  сауылған 13 тонна сүтті Еңбекшіқазақ ауданына орналасқан «ФудМастер» фирмасы өздері тасып алып кетуге шарттасқан. Одан басқа жерлікті кәсіпкер азамат 300 литр сүт алып, одан кілегей, май айырып, құрт жасап сатып, ел-жұрттың сұранысын өтейді. Сол сияқты 100 литрін жергілікті тұрғындар келіп алып, қажеттеріне жаратуда.

Жаһандану үрдісі кезінде өнім өндірудің алдыңғы қатарлы технологиясымен жабдықталып, кластерлік топқа біріктірілген жүйе өз нәтижесін көрсетуде. Қоралардағы күтімге алынған малға жем-шөп, сүрлем, силос дайындайтын техникасы механизаторларымен толық қамтамасыз етілген. Сүрлем жинайтын, жем дайындайтын комбайн, шөп шапқыш, жүк тиегіш, шөп байлағыш және саусақты тырма, мал азығын араластырып тарататын техникалармен дерліктей қамтылған. Мұндай қазіргі заманғы компьютерлік техникамен әрі жаңа технологиясын меңгеріп жұмыс істеу жұмысшыларға көп қиындық тудырмайтыны белгілі.

Дана халқымыз «Сиырдың сүті тілінде» деп айтпай ма, жейтін азығы құнарлы болса сауылатын сиырлар да сүтті неғұрлым көп береді әрі майлылығы да жоғары болады.  Фермадағы сауында тұрған сиырлар тәулігіне 23-25 литрден сапалы сүт береді. Ауылшаруашылығы техникасының күшімен тауарлы сүт фермасы жем-шөппен өзін-өзі қамтамасыз етеді. Мысалы: соңғы жылдарды алар болсақ 9 000 тонна жүгері сүрлемі, 3 000 тонна сенаж, 9 000 тонна көп жылдық шөп жиналып, малды азықтандыруға жұмсалуда.

Асфальтталған үлкен алаңнын бір жақ шетінде тау-теңіз болып үйілген жүгері дәні жатыр. Мұнда тазаланып, ұшырылған жүгері дәні арнайы кептіргіш қондырғы арқылы 20 мың тонна астық сиятын қоймаға құйылып жатыр. Компьютермен оператор басқаратын кептіргіш қондырғының тәуліктік қуаты 200-220 тоннаны құрайды. Арнайы оператордан басқа маман көрмейсіз. Бұл тауарлы-сүт фермасындағы қызметтің бәрі автоматтандырылған.

Оператор бөлмесіндегі басқару орталығындағы компьютерге тауарлы-сүт фермасындағы мәліметтер жинақталып, өңделеді. Антенна арқылы дисплей-көрсеткіште қай сиырдың күйлегені, туу мерзімінің жақындағаны жайлы мәлімет беріліп, мал мамандары соған қарай әрекет етеді. Бақылау пунктіндегі «Көктал-Агро» сүт тауарлы фермасының экспликациясында көрсетілген 32 түрлі мәліметтің біразымен танысқанымызда малдардың жасына қарай арнайы қоралар салынғанын көрдік. Мысалы, 385 және 355 бас сиырға арналып салынған қоралар бөлек болса, құнажындарға, жаңа туған сиырларға және 220 орынды жаңа туылған бұзауларға арналған шарбақты қоралары жеке-жеке салынған. Барлығында да ветеринарлық талаптар сақталынған. Қолда тұрған қандай мал болса да жайылымға шықпаған соң тұяқтары өсіп кететіні анық. Бұл жұмыстар да мал мамандарының бақылауынан тыс қалмайды. Осыны ескерген олар уақытында сиырлардың тұяқтарын жонып, бастапқы қалпына келтіріп отырады. Малдың сұйытылған тезегіне дейін арнайы тасымалданатын ыдыстарға құйылып, табиғи тыңайтқыш ретінде жүгері алқабына жеткізіліп, егіс алқабын құнарландыруға пайдаланылады.

Бюджетке жылына 40 млн теңге салық төлеп отырған «Көктал-Агро» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде жан-жағындағы ауылдардан келіп 150 жұмысшы еңбек етеді. Зауыт жұмысшыларының орташа айлық жалақысы 120 мың теңгені құрайды. Зауыттың жобамен салынған 30 орындық асханасы күнделікті лайықты бағасымен жұмысшыларға қызмет етуде. Жақсы ісімен көзге түскен жұмысшыларға мерзімді кезеңде әртүрлі сыйақы беріліп тұрады. «Еңбек – ер атандырады» демей ме. Ұжымда абыройлы еңбек етіп, өз ісінің шебері атанған, бармағынан бал тамған сауыншылар Әсел Маукеева, Айдархан Өмірбаева, техниканың тілін тез табатын инженер-механик Қайнар Рахметбаев, баққан малынан төл саулайтын малшылар Бақкелді Далбаев, Қайрат Жангелдиев сынды білікті мамандар бар. Ұжымның  жыл сайын жетістікке жетіп отырғандығы жақсы басқарушы мен тәртіпті ту етіп отырған қарапайым еңбек адамдарына байланысты.

Жәнібек ауыл ішінде тұрғаннан кейін ауылдастарының, тіпті әр отбасының жағдайын біліп тұрады. Үй-үйді аралап, реті келсе мұқтаж адамдардан қолдан келетін көмегін аяған емес. Іс бастаған кезінде Көктал ауылында 15-тей Ұлы Отан соғысының ардагері болған еді. Майдан даласында болып белшесінен қан кешкен, соғыс азабын тартып келген қарттарға ешкімге айтқызбай-ақ қыстық көмірін, малдарына жем-шөбін беріп, кейде азық-түлікпен көмектесіп отыратын. Жасы 90-нан асып қайтыс болған ең соңғы майдангер Сембек Қожахметовке жыл сайын 9 мамыр жеңіс күні қарсаңында құттықтай барып, 300 мың теңге көлемінде қаржысын тапсырып, теледидар, т.б. заттай сыйлықтар беретін. Бұл үрдіс тоқтаған емес, жыл сайын ауылдағы тұрмысы төмен отбасыларға 40-50 тонна көмірін түсіріп беріп отырады. Арасында денсаулығы болмай ауырған, қаржыдан қысылған жандар дәрі-дәрмекке қаржы сұрап келеді, қолы ашық «Атымтай жомарт» Жәнібек олардың да қолын қаққан емес.

Осы ауылдағы «Көктал-Агро» серіктестігінің ат салысуымен атқарылған игі істердің нәтижесі де бекер кеткен жоқ. Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына байланысты өткізілген «Үздік 30 ауыл» қатарына Көктал ауылы да кіріп, ауданның абыройын көтерді. Жәнібек Мұқатайұлы Оханов біздің аудандағы алғашқы тауарлы-сүт фермасын компьютерлі технологиямен жабдықтап, кластерлік жүйені іске қосып, сапалы ауылшаруашылық өнімін өндіріп отырған қазіргі заманауи кәсіпорынның білікті басшысы. Әңгіме барысында Жәнібектің ойында жаңа жобалардың тұрғандығын, аздаған дайындықтан кейін тиімді, бизнеске пайдасы бар жоспарларға қадам басқалы тұрғанын көңілге түйіп қайттық.

Жәнібек Охановтың ел үшін төккен тері, сіңірген еңбегі үкімет тарапынан бағаланып ауданның, облыстың құрмет грамоталарымен марапатталған. Қазақстан Республикасы Президентінің 2020 жылғы 20 тамыздағы Жарлығы бойынша «Қазақстан Конституциясына 25 жыл» мерекелік медалімен наградталды.

Қазіргі заманғы жаһандану үрдісі кезінде кәсібіңді тиімді жүргізу үшін білім керек. Жәнібекте жаһандағы жаңалықтардан тыс қалмауы үшін үнемі ізденіс үстінде. Өзіне қажетті мәліметтерді газет-журналдардан саралап алып отырады. Қолы қалт еткенде кітап оқумен айналысады.

Айналасындағы жора-жолдастарының арасында қадыр-қасиетімен сыйлы Жәнібек жұбайы Жанаргүл екеуі 3 қыз, 1 ұл тәрбиелеп отырған үлкен отбасының бірі. Жұбайы Жанаргүл орыс мектебіндегі бастауыш  сыныптарда қазақ тілінен сабақ жүргізетін ұлағатты ұстаз. Ал балаларының үлкені, қызы Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде ақпараттық жүйенің қауіпсіздігі бөлімінде оқиды. Қалған қыздары мен ұлы орта мектеп қабырғасында оқуларын жалғастыруда.

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жаңадан құрылған Жетісу облысының жұртшылығымен кездесуінде негізгі мәселенің бірі ретінде ең алдымен ауылшаруашылығын дамытуды, халықты азық-түлік өнімдерімен қамтамасыз етуді бірінші етіп атағандығы белгілі. Олай болса, бұдан біздің Жаркент өңірінде де халыққа қажетті әртүрлі өнімдер шығаратын кәсіпорындарды ашып, оларды сапалы әрі тиімді жүргізе алатын кәсіпкерлердің жұмысын дамытуды жеделдету қажеттілігі туындап отыр.

Молот СОЛТАНАЕВ

Алдыңғы мақала

«Ауылымызға инвестиция тартуға күш салар едім»

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ...

Сапалы білім – ұлт болашағы

Пікірлер 1

  1. Сабыр says:
    4 месяца бұрын

    Керемет жігіт екен Жәнібек. Жарайсың деген сөздің өзі аздық етеді мұндай кәсіпкерге. Кезіндегі 3-4 колхоз атқаратын жұмысты бір өзі атқарып отыр. Осындай 10-15 жігіт болса бір ауданды гүлдендіріп жіберуге болады. Кез келген жоғары қызметті сеніп тапсыруға болатын маман екен. Жәке, Алла ісіңе береке берсін.

    Ответить

Добавить комментарий Отменить ответ

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

КӨП ОҚЫЛҒАНДАР

Депутат мемлекетті 5G құрылысын бақылауға шақырды

Депутат мемлекетті 5G құрылысын бақылауға шақырды

15 Желтоқсан, 2022
1k
Топыраққа тұншыққан тарих

Топыраққа тұншыққан тарих

4 Қараша, 2022
688
Қытай жеріндегі «Шейіт сай» туралы не білеміз?

Қытай жеріндегі «Шейіт сай» туралы не білеміз?

19 Қараша, 2022
677
Жаркент қаласына 140 жыл емес, 1400 жыл

Жаркент қаласына 140 жыл емес, 1400 жыл

22 Қазан, 2022
483
Тоқбай ИСАБЕК: Ластанған адамдарға қас жаным

Тоқбай ИСАБЕК: Ластанған адамдарға қас жаным

20 Сәуір, 2022
464
Қорғас қырғыны

Қорғас қырғыны

19 Сәуір, 2022
365
Өзен аты Өсек пе, Үсек пе?

Өзен аты Өсек пе, Үсек пе?

28 Қазан, 2022
365
Қазаққа қорған болған Жұмабек мерген

Қазаққа қорған болған Жұмабек мерген

26 Қараша, 2022
276
Алмас ТОҚСАНБАЙ, PhD доктор, тарихшы ғалым: Біз өзгелер үлгі алатын ұлтқа айналуымыз керек

Алмас ТОҚСАНБАЙ, PhD доктор, тарихшы ғалым: Біз өзгелер үлгі алатын ұлтқа айналуымыз керек

22 Қазан, 2022
267
Суан Назар батыр қайда жерленген?

Суан Назар батыр қайда жерленген?

21 Наурыз, 2023
232

БІЗ ТУРАЛЫ

Jaraina.kz

Газет Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінде 13.09.2018 ж. тіркеліп, №17270-Г куәлігі берілген.

ПОРТАЛ ТӘРТІБІ

Материалдар мен ақпараттарды портал брендін көрсетіп, гиперсілтеме жасаған жағдайда ғана қолдануға рұқсат етіледі. Ақпараттан мәтін, мәтін бөлігі немесе дәйексөз алынғанда міндетті түрде тиісті сілтеме көрсетілуі керек.

БАЙЛАНЫС

E-mail: jar-aina@mail.ru
Телефон: +7 (777) 971 57 67
Мекен-жайымыз: ҚР, Жетісу облысы, Жаркент қаласы, Е.Сыпатаев көшесі, 242 үй, 14-пәтер

РЕДАКЦИЯ

  • Біз туралы
  • Сайт тәртібі
  • PDF нұсқа
  • Байланыс

© 2022 / Jaraina.kz - қоғамдық-саяси, ақпараттық-экономикалық, тарихи-танымдық газетінің сайты / Барлық құқықтар қорғалған.

No Result
View All Result
  • Басты бет
  • Саясат айнасы
  • Өңір айнасы
  • Тарих айнасы
  • Қоғам айнасы
  • Мәдениет айнасы

© 2022 / Jaraina.kz - қоғамдық-саяси, ақпараттық-экономикалық, тарихи-танымдық газетінің сайты / Барлық құқықтар қорғалған.