Аудан көлемінде биылғы ауыл шаруашылығы маусымы біраз қиындықпен басталған еді. Жауын-шашынның аздығы мен ұзаққа созылған аптап ыстық егіннің өсуіне кері әсерін тигізді. Құрғақшылықтың салдарынан күздік бидайдың өнімі өткен жылдармен салыстырғанда төмен.
Сарқан өңірінде күздік бидай жинау қарқын ала бастады. Шаруалар шілде айының басында мал азығын дайындау жұмысын сәтті аяқтап, енді егістік алқаптарындағы күздік бидайды жинауға кірісті. Шаруалардың айтуынша, қазіргі таңда күздік бидайдың орташа түсімі гектарына 18-20 центнер. Бұл көрсеткіш өңірдің аграрлық әлеуетіне сәйкес келмейді. Ауа райының қолайсыздығын ескеріп, мұны да дәтке қуат етеміз.
– Биыл жауын-шашын мүлде аз. Көктемнен бастап күн ыстық болды. Сондықтан күздік бидайдың бітік шығуына мүмкіндік болмады. Соған қарамастан барынша өнім алуға тырысудамыз, – дейді шаруа иесі Жандос Құмаров.
Мамандардың айтуынша, осы жылы мал азығы жақсы шыққан. Ерте көктемде шөп алқаптарында ылғал жеткілікті болғандықтан шабындықтардан мол өнім жиналған. Бұл жағдай мал шаруашылығымен айналысатын фермерлер үшін үлкен қолдау.
– Қазір шаруалар күздік бидайды жинауға кірісті. Астық жинау шілде айының ортасына дейін жалғасады. Биылғы түсім өткен жылдармен салыстырғанда төмен. Диқандар ерте қамданып, техникаларын дайындап, уақытылы іске кірісті. Бастысы – бар өнімді ысырапсыз жинап алу, – дейді аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің мамандары. Ал қазір күздік бидай жинау жұмыстары қыза түсті.
Жақсылық ЖОМАРТҰЛЫ










