Қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және құқық бұзушылықтардың алдын алу – құқық қорғау органдары қызметінің басты міндеттерінің бірі. Бүгінде заманауи технологиялардың мүмкіндігі бұл бағыттағы жұмыстың тиімділігін арттырып, қоғамдық тәртіпті сақтауда маңызды құралға айналып отыр. Соның айқын дәлелі – Жетісу облысы Полиция департаментінің Жедел басқару орталығының қызметі.
Қазіргі таңда өңір аумағында орнатылған бейнебақылау камералары тәулік бойы үздіксіз жұмыс істеп, көшелерде, саябақтарда, халық көп шоғырланатын орындарда және қоғамдық кеңістіктерде болып жатқан жағдайларды бақылауда ұстайды. Жедел басқару орталығының қызметкерлері мониторлар арқылы құқық бұзушылық белгілерін анықтап, тиісті полиция жасақтарына жедел ақпарат жолдайды.
Бейнебақылау жүйесінің көмегімен қоғамдық орындарды ластау, белгіленбеген жерлерге қоқыс тастау, қоғамдық орындарда алкогольдік ішімдіктер ішу, масаң күйде қоғамдық тәртіпті бұзу секілді әкімшілік құқық бұзушылықтар күн сайын анықталуда. Мұндай фактілер назардан тыс қалмай, құқық бұзушыларға қолданыстағы заңнамаға сәйкес тиісті шаралар қолданылады.
Заманауи камералардың тағы бір артықшылығы – құқық бұзушылықты нақты тіркеп, дәлелдемелік базаны қалыптастыруға мүмкіндік беруі. Бұл өз кезегінде құқық қорғау органдарының жұмысын жеңілдетіп қана қоймай, құқық бұзушылықтардың алдын алуға да ықпал етеді. Себебі қоғамдық орындардың бейнебақылаумен қамтылғанын білетін азаматтар өз әрекеттеріне жауапкершілікпен қарай бастайды.
Жедел басқару орталығы тек әкімшілік құқық бұзушылықтарды анықтаумен шектелмейді. Қажет болған жағдайда жоғалған азаматтарды іздестіру, күдікті тұлғаларды анықтау, жол-көлік оқиғаларына жедел әрекет ету және қоғамдық қауіпсіздікке қатер төндіретін жағдайларды бақылау жұмыстарын да атқарады. Осы арқылы полиция қызметкерлері өңірдегі жедел ахуалды тұрақты бақылауда ұстап келеді.
Соңғы жылдары цифрлық технологияларды құқық қорғау саласына енгізу қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етудің тиімді тетігіне айналды. Бейнебақылау жүйелері құқық бұзушылықтардың санын азайтуға, қылмыстардың жедел ашылуына және тұрғындардың қауіпсіздік деңгейін арттыруға мүмкіндік беруде.
«Заң мен Тәртіп» қағидатын жүзеге асыруда Жедел басқару орталығының рөлі ерекше. Орталықтың тәулік бойғы жұмысы өңірдегі қоғамдық тәртіптің сақталуына, азаматтардың қауіпсіз өмір сүруіне және құқықтық мәдениеттің қалыптасуына оң ықпал етуде.
Полиция қызметкерлері тұрғындарды қоғамдық орындарда тәртіп сақтауға, қоршаған ортаға жанашырлықпен қарауға және заң талаптарын құрметтеуге шақырады. Өйткені қауіпсіз қоғам құру – тек құқық қорғау органдарының ғана емес, әрбір азаматтың ортақ міндеті. Заңға бағыну мен қоғамдық тәртіпті сақтау арқылы ғана біз қауіпсіз әрі жайлы орта қалыптастыра аламыз.










