Кене энцефалиті – «flavivirus» туыстастығының вирустарымен шақырылатын, бас миының, жұлынның зақымдалуымен өтетін, табиғи-ошақтық ауру.
Флавивирус вирусының ерекшелігі – залалсыздандыру заттарына, ультракүлгін сәулелерге төзімсіз, бірақ төмен температураларда ұзақ уақыт сақталуы мүмкін. Залалданған сүт өнімдерінде вирус 2 айға дейін сақталады.
Табиғатта вирус иксод кенелерінің организмінде болады.
Вирус адам, жабайы және үй жануарлары, соның ішінде сиыр, ешкі сияқты жануарларға жұғуы мүмкін.
Вирус қалай жұғады? Кене шаққан кезде, кенені басып, жаншыған кезде, термиялық өңделмеген ауру малдың сүтін, сүт өнімдерін пайдаланғанда.
Кененің адамның терісінде болған уақыты ұзарған сайын, ауру туындау қаупі жоғарылайды.
Аурудың инкубациялық кезеңі – бірнеше күннен 3-4 аптаға дейін.
Сырқаттанушылық тіркелуі көктемде және күздің басында басталады, өйткені табиғатта кене саны көбейіп, олардың белсендiлiгi артады.
«Кене энцефалитінің вирусын орманда, саябақта, табиғат аясында демалу кездерінде жұқтыру мүмкін. Жетісу облысында 2024ж., 2025ж.басынан кене энцефалиті тіркелген жоқ (соңғы рет 2022ж. Ескелді ауданында 1, Текелі қаласында 2 жағдай тіркелген). 2026 жылдың эпидемиялық маусымы басталғалы (2 апта) кене шағумен 975 адам медициналық көмекке жүгінді. Былтырғы жылдың осы кезеңімен салыстырғанда кене шағу жағдайы 22%-ға өсті. Яғни, 2025 жылы 799 жағдай», — дейді Жетісу облысы санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Индира Кунбасова.
Жыл сайын кене шағудан 800-ден астам адам зардап шегеді. Осыған байланысты кене энцефалитінің алдын алу шаралары жүргізіледі.
Кене энцефалитінің алдын алу шаралары:
- тұрғындарды кенеге қарсы иммундаумен қамту. Иммундау кене энцефалитінен қолайсыз аймақта тұратын және жұмыс жасауға немесе демалуға баратын адамдарға (әскери қызметкерлер, малшылар, орман шаруаш. жұмысшылары, аса қауіпті инфекция зертханасының, залалсыздандыру бөлімінің мамандары) жүргізіледі. 2026 жылдың 8 айында (жоспар 4188) жоспар бойынша 4188 адам егілді.
- кене шаққан адамдарға арнайы кене энцефалитіне қарсы иммуноглобулин енгізіледі, 3 күн ішінде жүргізген тиімді. 969 адамға Ig енгізілді.
- кене шаққан орнын қасып және кенені жаншып тастауға, бірден жұлып алуға болмайды. Мүмкіндігінше дәрігер-хирургқа жүгінген жөн.
- зардап шеккен адамнан алынған кенені зерттеу тегін жүргізіледі, зерттеу нәтижелері 1 апта ішінде дайын болады.
- табиғи ошақтардың аумақтарында профилактикалық мақсатта жыл сайын кенелерге қарсы өңдеу жұмыстары жүргізіледі. Жетісу облысының Ақсу, Алакөл, Ескелді, Кербұлақ, Сарқан, аудандары мен Талдықорған, Текелі қалалары кене энцефалитінен эндемиялық аймақтарға жатады.
- барлық аудандар мен қалаларда өңдеу жұмыстарының 1-туры сәуір, 2-туры маусым айында 230га көлеміндегі жерге тұрғындар көп демалатын ашық аумақтарда (саябақ, өзен жағалауы, тау етектері, зират маңайы) жүргізілді.
- Спецификалық емес профилактикасы:
- кенелерге қарсы жағымсыз иіс туғызатын репелленттер мен аэрозольдарды қолдану;
- арнайы киім кию, табиғат аясына шыққанда шалбарды шұлықтың ішіне кіргізіп, үстіне шеті резеңкеленген ұзын жеңді киім кию;
- табиғат аясына шыққанда ең маңыздысы өзінің, бір-бірлерінің үстілерін жиі-жиі қарап, тексеру;
- қайнатылған сүтті қолдану.










