«Мамандардың миына (бар болса) қандай шатпақ кірерін болжау мүмкін емес» деп ашына жазады белгілі журналист Серік Әбікен. Мамандар деп тіл мамандарын айтып отырғаны белгілі. «Ережеге емес, еріккен филологтардың тиын табар ермегіне айналған тіл ғой, іздеушісі, сұраушысы жоқ…» деген сөздерін оқығанда «рас айтады» деппін өз-өзіме сөйлегендей дауысым шығып. Айтса-айтқандай, десе-дегендей. Осы тақырыпта көптен бері менің де көкейімде біраз дүниенің жүргені рас.
Неге екені белгісіз, «қош» деген бір ауыз сөзді біз орынды жерге де, орынсыз жерге де пайдаланып жүрміз. Мысалы: мектептердің есігінде біздің кезімізде «Хош келдіңіздер» деген жазу тұрушы еді. Бүгінде «Қош келдіңіздер» деп тұр. Бұл қалай деп айтайын десең, бүкіл ақпарат құралдарында осылай жазылуда. Менің түсінігімде «хош» деген сөз көтеріңкі көңіл-күйді білдіреді. «Көңіл хошы жақсы екен», «хош иісті гүлдер», «біздің ортамызға хош келдіңіз!» т.б. Ал, «қош» деген сөз «қоштасу», «қош бол аяулым», «қимай-қимай қош айтысты» т.б. мағынада қолданылады емес пе? Мен ақымақпын ба, мамандар ақымақ па? Тағы да осы «х» мен «қ» әріптеріне байланысты, «хас батыр», «хас жүйірік», «хас сұлу», «хас шебер» т.б. деген сөздер бүгінде көбіне-көп «қ» әрпімен жазылып жүр. Оу, бауырлар-ау, «қас» деген қазақтың сөзін «қас-қабақ» дегеннен басқа «қас дұшпан», «қаскөй адам», «қастық жасады», «қастандық» т.б. осындай мағынада қолданбаушы ма еді? Неге біздер «хас» сөзімен, «қас» сөзін шатастырып алдық. Онда «хат-хабар» дегенді «қат-қабар», «хат келді» дегенді «қат келді» деп жазамыз ба? Бұл не жасанды орашолақтық? Енді керісінше «Қасымбек» дегенді «Хасымбек», «Бақтияр» дегенді «Бахтияр» т. б. деп жазатын да, айтатын да әдет таптық. Адамдардың тегі мен есімдеріндегі келеңсіздектер бір бұл ғана емес, толып жатыр. «10 миллион қазақ бірінің тілін бір ұғудан қалып барады» деп шырылдаған журналистерді тыңдайтын тіл мамандары бар ма? Бар болса неге үндемейді? Тіліміздің бүгінгі телім-телім ахуалына неге үн қоспаймыз? Тілді шұбарлап, мектеп табалдырығын аттаған балалардың санасын сансыратып, шатастырып отырған тіл мамандары, терминология комиссиялары халықпен неге санаспайды? Білім министрі қайда қарап отыр? Бастауыш сынып оқушыларының оқулықтарын жасап отырған «ағайлар мен апайлар» сәбилерді аясаңыздаршы. Оқулықтағы берілген тапсырмаларды 7-8 жастағы бала түгілі, ата-аналар қиналып орындайтынын білесіздер ме? Олар ұялмай (кешегі мектеп бітіргендер ғой) мұғалімдерге телефон соғып, көмек сұрайтын халге жетті.
Оқулықтар мен баспасөз беттеріндегі біз тиіп-қашып мысал келтірген былықтарға тоқтау болмаса, ұрпағымызды жасанды түрде мәңгүртке айналдыратын түріміз бар.
Ол аз десеңіз бүгінгі жастар қысқартпа сөздерді қолдануды әдетке айналдырды. Бұрынғы «КПСС пен СССР»-дің орнын енді «барамыз ғо – барамыз ғой дегені», «баратырық – бара жатырмыз дегені», «келатырық – келе жатырымыз дегені», осындай сүйкімсіз сөздермен сөйлесетін болып алды. Әлі жас қой, әлі түзелер десек те, «ауру қалса да, әдет қалмайды» дегендей өмірге келетін ұрпақтарына да олар солай сөйлемесіне, солай тәрбие бермесіне кім кепіл? Онда, олардан үлгі алған келешектің тілі не болады? Ел болып, халық болып бүгін қолға алмасақ, ертең кеш болары анық ағайындар!
Исламғали ЖАРКЕНТИ