Менің атам Ыстай Тоқболат шамамен 1857-58 жылдары дүниеге келген болу керек. Алматы қаласындағы орталық мұрағатта Бурақожыр болысы туралы құжаттардың ішінде Ыстай Тоқболат туралы мәліметті бірнеше рет кездестірдім. 1901-1903 жылдар аралығында өткен болыс сайлауында Өтеген Кеңгіров пен Метербай Әуелбеков үміткер ретінде сайлауға түскенін көреміз. Осы сайлау парақшасында Өтеген Кеңгіровті 43 жаста деп көрсеткен, яғни 1858 жылы дүниеге келген. Менің атам Ыстай Өтегенмен жан жолдас болғанын бала кезімізде үлкендерден естіп өстік. Екеуі серттесіп, бесік құда болады. Орталық мұрағаттан алынған 1910 жылғы құжаттарда Ыстай Тоқболаттың «Қыстауы Көктерек, бес шаруашылығы, 13 ер, 14 әйел адам, 2 отауы бар» деп көрсетілген, яғни атамыз ауқатты, ықпалды, есеп-шотқа жүйрік, сыйлы адам болған екен. Ел ішінде «Жәдігерден Ыстай шықты, есеп- шотын ұстай шықты» деген тәмсіл сөз бүгінге дейін айтылып келеді. Ыстайды 1910 жылы шамаман 48 жаста деп айтуға болады. Мұқаметқали мен Мәйкөнің балалары шетінеп кетіп отырғандықтан, біраз уақытқа дейін балалары болмайды. Менің әкем Мұхаметбайдың шешесі үш жасында қайтыс болып, Мәйкө шешеміз бауырына басқан екен. Әкемнің «Кісіқырылған» туралы айтқан әңгімесі әлі есімізден кеткен жоқ.
Мұхаметбай ол кезде тоғыз-он жастағы бала болатын. Қоңырөлеңнің шығыс жағындағы жазықта ағасы Мұхаметқалидың жүйрік аты мен оншақты жылқысын бірге бағып жүрген еді. Бір кезде ауыл жақтан жалғыз атты шауып келе жатқанын көріп, ол секемденіп қалды. Жүрісі суыт, әне-міне дегенше қасына жетіп келді де, ішіндегі ең жүйрік атты бас салып ұстап, үйірден бөліп әкетті. Аттың шаужайына жабысқан оны қолындағы дырау қамшымен осып- осып жіберді. Бет-аузын қан жауып кетті. Мұхаметбай бақырып, жылаған күйі қала берді. Қыстаубай артына бұрылып:
– Әй, Мұхаметқали әкеңе ат керек болса Бүгілдің сайына тез жетсін! Қыстаубай деген кісі алып кетті деп айт! – деді де атымен шаба жөнелді. Мұхаметбай не істерін білмей, қан жапқан бетін қолымен сүрткен болды да, болған жайды тезірек жеткізу үшін үйіне қарай жүгірді. Мәйкө шешесі оның қан басқан бет-аузын көріп шошып кетті.
– Ойбу, Мұқатайым-ай, не болды, кім ұрып кетті? – деп тездетіп су алып келіп, басы-көзін жуа бастады. Мұхаметбай өксігін баса алмай біраз тұрды да, болған жайды айтып берді. Ағасы Мұқаметқали жаңа келді ме, үйде бұрыннан жатты ма, жүгіріп шығып:
– Өй, қызталақ неме! Балада несі бар? Мәйкө, киім дайында! Мен сол жаққа кеттім! – деп ағасы жылдамдатып, атын ерттей бастады. Үйден апасы алыс жолға шығатын қоржынын алып шығып, Мұқаметқалиды шығарып салды. Үйдегі бала-шаға бәрі үрпиісіп қала берді. Мұқаметқали бандыларды тез тауып, соларға қосылды.
– Сол күні Бүгілдің сайында қатты атыс болды. Қыстаубай ауылдағы адамдарды ер-әйел, бала-шаға демей барлығын шекарадан алып өту үшін Қытай жеріне алып бара жатқан. Бүгілдің сайынан тік құлдап, отыз шақырымдай жүрген соң, сол араға тоқтап, бала-шағаны дем алдырды. Бірақ артынан қуғыншылар келе жатқанын білді. Қыстаубай бұл хабарды ауданға жеткізгендер кім екенін ешкім айтпай-ақ іші сезді. Қыстаубай ауылда қалған «шолақ етек» белсенділер өздерінің бауырларын ұстап бере қоймас деген ойда болды. Бірақ атыстан кейін ол ойының тас-талқаны шықты. Арғы беттегі бір қора қызыл әскерлерді көріп, олар Шымылдыққарағайға қарай жасырынды. Бұлар бар-жоғы төртеу. Бір кезде Қыстаубайдың баласы қызыл әскерлердің қасынан бауыры Оразымбекті көріп қалды, ол ауылдық совет бастығының орынбасары болып жұмыс істейді. Бір кезде қызылдар сайда тұрған ауыл адамдарына қарай оқты қарша жаудырды. Айнала азан-қазан, у-шу болды да кетті. Осы кезде Қыстаубайдың баласы айғайлап:
– Оразымбек аға, атқызбаңызшы! – деп орнынан тұрғаны сол еді, қарсы беттегі Оразымбет балаға қарай мылтықты кезеп, атты да тастады. «Әке, жатыңыз» дегеніне қарамай Қыстаубай Оразымбекті атып үлгерді. Ол мәйіттің бетін шапанымен жапты да:
– Бұлар жалғыз баламды атқан соң болды, ешкімді аямайды, ар жаққа кеттік! – деп арғы бетке қарай атының басын бұрды. Қасындағылар да дайын тұрған екен, аттарымен желе жөнелді.
Теріскейде де тыныш емес, Қыстаубайдың елді көшіріп бара жатқанын хабарлап қойғандықтан, қызыл әскер оларды ұстауға сақадай-сай тұр екен. Қыстаубай қасындағылармен бірге олардың атқан оқтарын тигізбей, Қытай жеріне аман-есен өтті де кетті. Ел тыныштанған соң Қыстаубай шекарадан өтіп, баласын өзі жерлеп қайтты. Қырылған ауыл адамдарының сүйегін көріп, ол қатты ашу-ызаға булығып, не істерін білмей, шарасыздықтан ар жаққа қайта кетеді.
Қыстаубай Қашқынов деген адам кім? Ол сол кездегі жүйеге қарсы шыққан бай-манаптардың бірі. Құралайды көзге атқан мерген болған. Қыстың қысында жалаңаш денесіне жеңі жоқ қажекейін іле салады екен. Жүн-жүн кеудесінен бұрқыраған бу шығып, екі иығына екі кісі мінгендей алып денесі шиыршық атып тұрады дейді көргендер. Кейін Кеңес тыңшылары оны Қытай жерінде тауып, өлтірген. Ал Мұқаметқали бір жылдан кейін бауыр-туыстарын таныстар арқылы Қытай жеріне алғызды.
Қызылдар «Кісіқырылған» шайқасында болған атыста тірі қалғандарды Қоңырөлең ауылына мал құсатып айдап келген. Біреулер содан екі-ақ адам тірі қалған десе, енді бірі оншақты адам тірі қалған дейді. Қазіргі Бөрібай би ауылында туған, Жаркент қаласының тұрғыны Жекен ағамыз былай дейді.
– Менің апам Майқиева Қаныша Өскенбайқызы 1902 жылы туған. Руы Үмбетей. Атыс кезінде киізге орап тастағандықтан аман қалыпты. Апамыз 2004 жылы 102-ге келіп қайтыс болды. Бірақ бірде бір рет осы оқиғаны айтқан емес. Сұраған кезде «Балалар, оны қайтесіңдер» деп еске алғысы келмейтін.
Ия, қалай десек те, бүкіл бір ауыл шеккен қайғы-қасіретті ұмытқанымыз дұрыс емес. Болашақ ұрпақ үшін, жазықсыз қырылған бауырларымыз үшін ескерткіш қою біздің парызымыз.
Роза ЫСТАЙ,
журналист