Қазақстан халықының Бірлігі күні мерекесі ұлттар достығының ыстық ұясы іспетті жазиралы Жаркент өңірінде де үлкен дүрмекті салтанатпен атап өтілді.
Ертелетіп сәнді киініп, сейіл-серуен құрған аудан орталығының тұрғындары аудан әкімдігі кеңсесінің алдындағы салтанатты шаралар өтетін алаңға қарай лек-легімен ағылды. Мұнда этномәдениет орталықтары мен көркем сурет пен қолданбалы өнер бұйымдарының көрмелері ұйымдастырылыпты. Оларды аудан әкімдігі жанынан құрылған арнайы қазылар алқасы аралап көріп, әрқайсысының еңбегі бағаланып, тағайындалған жүлделері берілді.

Көп ұзамай мұнда мерекелік салтанатты жиын өткізіліп, онда алдымен аудан әкімі Марат Сағымбек жиналған жұртты Қазақстан халқының бірлігі күні мерекесімен құттықтады. Сонымен қатар аудан басшысы өз сөзінде ұлттар достығының ұясына айналған жазиралы Жаркент өңірі тұрғындарының ата-бабадан жалғасып келе жатқан ынтымағы мен татулығының негізі берік, тағылымы терең екенін саралап айтып өтті.

Әкім өңірдегі ұлттар арасындағы осындай шынайы достық пен татулықтың дәстүрлі, өнегелі үлгілерін одан әрі дамытып, оны ұрпақтан-ұрпаққа жалғастыруға үндеді.

Салтанатты жиын өңірдегі Дәнеш Рақышев атындағы халық театрының мерекелік театрландырылған көріністері мен аудан өнерпаздарының үлкен концертік бағдарламасына ұласты. Осындай мерекелік шаралар өңірдегі барлық ауылдық округтер орталықтарында да ұйымдастырылды.
Мырзағали НҰРСЕЙІТ










