Ақ көбігін айнала шашып, буырқанып, бұрқырай аққан тау өзені Бұрханнның жағасында ХІХ ғасырдың соңында өмірге келіп, еркін өскен, өмірбаяны тұрғысынан өте күрделі тұлға болған Мұқай батыр кім еді?
Мынау, адам баласы үшін жақсылығы аз, қиянаты көп қоғамда бастапқы адами қалпыңды сақтап қалу орасан ерлікпен пара-пар. Ел жадында, ұрпақ санасында аңыз болып қалу үшін де адамгершілікке тән жақсы қасиеттерді саралап, одан өмірлік тәжірибе жинау да үлкен көрегендік емес пе?! Ал, сол бір асыл қасиеттерді күнделікті тіршілікте қолданып, әділетсіздік пен ажалға қарсы тұру дара тұлғалардың ғана еншісі. Оған төзген де бар, төзбей сынып кеткендер де бар…
Иә, Мұқай да қарапайым қазақ отбасының бір мүшесі болғанымен, өмір қиындығы, сол кезеңдегі ел басына түскен дүрбелең өз аясына алды. Бірде ақ казактар болса, бірде қызылдармен арадағы атыс-шабыс, әлсіздер әлі жеткеннің қанжығасында сұрақсыз кеткен алмағайып заман оның тәнін де, жанын да құрыштай берік етіп шыңдағаны байқалады.
Мұқай бала күнінен-ақ, іргелес қонған ауылдар арасында өтетін той-томалақ пен ірілі-ұсақты басқосудағы сайыстар мен көкпар, балуан күрес, аударыспақ, түрлі ат және күш сынасу жарыстарында топ жарып, жақындарының қошеметіне бөленіп өскен жан. Кейде «берсе қолынан, бермесе жолынан» дегендей, жырындылық мінезі де жоқ емес-ті.
Мінекей, қарап отырсаңыз Мұқай сонау аласапыран, алмағайып заманда өзінің батырлығымен дараланып, ердің құнын, нардың пұлын даулай білген ерен тұлға. Жас күнінен әділетсіздікке, екіжүзділікке жаны қас болып өскен. Және әділеттіліктің салтанат құруына жанын салып күрескен өр рухты азамат. Елдің, жердің кегі үшін кез-келген келімсек, басқыншы жауға тайсалмай қарсы тұрғандығы әлі күнге ел жадында.
Бозбала кезінде-ақ сіңірлі келген мығым денесіндегі қанымен бірге тулаған бұла күш пен қайтпас қайсарлықты қосыңыз. Осындай ерекшелігімен, батырлығымен ел көзіне ерте түскен Мұқай жылдан-жылға «сен тұр мен атайын» деген сайыпқыран тұлғаға айналып, толысып келе жатты. Міне, өстіп ел көзіне ерте іліккен жігіттің есімі аузы дуалы үлкен-кішінің сөзінен түспеуіне мына бір оқиға себепші болған еді.
«…Жылдан жылға шаруасы тұралаған бұл отбасы тіршілік қамымен енді Бұрқаннан қоныс аударып, Шазы қыстағының маңайына барып біршама жыл сонда тұрақтайды. Көп ұзамай отбасының бар жауапкершілігін өз мойнына алған Мұқай жұмыс іздеуге шығады. Сөйтіп, әкеден жастай жетім қалып, отбасындағы бар ауыртпалық өзіне түскенін сезінген оның 15 жасқа толмай-ақ қазіргі Қытайға тиесілі (ол кезде шекара болмаған) Шазы елді мекеніндегі Дайшивиң деген бай сібенің қарамағында жалданып жұмыс жасауына тура келеді.
Сонымен Дайшивиңға бір жарым жыл жалданып еңбегі сіңгенімен, бұған дейін де талайларды тегін істетіп, ақысын жеп дәндеген іші тар бай үйренген әуеніне басып бұның да жалақысын жарытып төлемейді. Алғашқы жарты жылдың ақысын там-тұмдап бергенімен, кейінгі жылға жуық жасаған еңбегінің өтеуін төлемеуге бет бұрады. Жас Мұқай жыл бойғы еткен еңбегінің ақысын сұрап айға жуық әуре-сарсаңға түссе де шыдамдылық танытты. Сөйтіп тағы бір күні ертемен ерте тұрып, қалған алашағын алуға бай сібеге келіп жолығады.
Берген саламын да естімегенсіп сызданған бай, көзге ілмеген сыңай танытып, жақтырмай қарсы алады.
Тұла бойын намыс пен ыза қанша буып тұрса да ашуын сыртқа шығармай, тек қарсы алдына барып, өткір жанарын тіке қадап тұрып:
– Бұдан бұрын да алдыңызға талай келдім, байеке! Мен күн-түн демей сіздің қарауыңызда бір жарым жыл жұмсаған жеріңізге барып, берген жұмысыңыздың ауыр-жеңіліне қарамай адал еңбек еттім. Қалған еңбегімнің өтеуі ретінде анау қораңыздағы сары құла атты берсеңіз, мен соған разымын, – деп өз шешімін кесіп айтады.
Әрине, қазақтың дене бітімі тығыршықтай осынау бозбаласынан мұндай батылдықты күтпеген байдың қысық көзі алақтап төбесіне шығады:
– Әй, шикі өкпе маған ақыл айтатындай сен кімсің? – деп жұдырығын ала жүгіреді. Бар күшімен ұрмақ болып қанша ұмтылса да, қарулы қолдардың қарсылығынан ештеңе істей алмады. Ызадан жарылардай болып тұтыққан сібе өз тілінде намысқа тиетін боқауыз сөздермен қоса далиған танауына ежірейген көзі қосылып, бүкіл денесі селкілдеп айғайға басады.
Таяққа жығып, сағын сындырайын деген әрекетінен түк шықпағанға күйінген ол аяушылықты ұмытып, үнемі беліндегі қынапта жүретін лыпылдағын өткір пышағына суырып алып:
– Әй, сен қазақ, шыққыр көзің менің жылқыларыма түскен екен ғой. Онда мен сол көздеріңді қазір ойып алайын! – дейді ашудан тұтығып.
Қос жанары қанталап, қолында сығымдай ұстаған пышағын Мұқайдың көзіне дәлдеп тістенген қалпы қайтадан тұра ұмтылады. Сілтеген пышақты жалаң қолымен ұстай алған Мұқайдың саусақ арасынан тамшылап аққан қанға қарамай, тұла бойын ду еткен ашу кернесе де өзі-өзін зорға тоқтатып тағы да ескертеді:
– Байеке, мен табан ақы маңдай терімді даулап тұрмын.
Салқынқандылық танытып айтқан Мұқайдың бұл сөзіне амал не құлақ асқан Дайшивиң болмады.
Алғашқыда Мұқайдың қорғанып, жәй ғана көрсеткен қарсылығын місе тұтпаған бай сібе пышағын құлаштап ұрып, жас қазақтың самайы мен кеудесінің екі-үш жерін жаралап тастайды. Қорғанамын деп жүріп үсті-басы пышаққа тілініп, әбден шыдамы таусылғаннан кейін мынандай қорлыққа төзбеген Мұқай да көз жанары шатынап, ашуға мініп арыстанша атылды. Ашу мен намыстың қысқаны сонша ұстаса кеткен байдың қолын қайырып әкеп өз пышағын өзінің кеудесіне қадады. Шатынаған көзі аспанға қараған қалпы қозғалыссыз қалған жансыз денені басынан аттап өтіп қораға қарай беттеді. Барды да қорадағы сүліктей жарап тұрған сары құла атты жетектеп шығып, қарғып мінді де ауылына қарай шаба жөнелді.
Төңірегіне тиіспейтін мәрт мінезді, еркіндікті биік ұстанатын, ашуына тисең жолындағыны жарып өтетін, еркін жортқан қасқырдың арланындай айбатты әрекет жасаған жас жігітті бүкіл ауыл-аймақ сол күннен бастап намыстың нағыз алмас қанжары деп таныды. Дегенмен, қазақтың мәртебесін асырып, мерейін көтерген бұл ерлігіне жас-кәрінің бәрі сүйсініп қуанып қалады.
Бірақ ертесі күні ағайын мен көпшілік Мұқайдың шешесі Қалипаны ортаға шақырып:
– Қарағым, ұлымыз ел бағына туған ер болар. Сол үшін де кектенген дұшпандар жастай жазым етіп кете ме деп бәріміз уайымдап отырмыз, – деді аталас ағайыны Асанбай.
Одан сөз тізгінін жалғаған сұңғыла қарт Өмекең айналасындағыларға қарата зор дауысымен:
– Уақыт тар, осы әулеттің жақындары жолға жиналыңдар! – дегенді айтып, сөзінің соңын бұйыра сөйледі.
Үй-іші және етене жақын туыстарымен жедел түрде жолға жиналған Мұқай сол түні еш ойланбастан көшті бастап, астындағы сары құла атты ойнақтатып, кіндік қаны тамған «Бұрханым қайдасың?» деп көбігін аспанға атып арқырай ағып жатқан Қорғас өзенінен бері өтті де кетті.
Елінің намысын жанына жалау еткен қасқыр мінезді өжет жан өзгеде кеткен кегі мен есесін қайтару үшін түн қатып, небір қанішер қарақшының жолын кесті. Алдынан шығып, етегіне оралған ағайынаралық араздықтан, пендешіліктен әрдайым өзін жоғары ұстай білді. Қара бастың қамын ойлаған қарақшылықты емес, қалың орман елінің амандығын мақсұт еткен асқақтықты, ірілікті пір тұтты. Ду етіп жақын-жуық аймаққа тез таралып барып басылған Дайшивиң оқиғасынан кейін ойламаған жерден тағы да кек жолына қайта түсті. Оған мысал оның мына бір ерлігі:
Жаркенттің солтүстік жағында тау етегінде орналасқан Садыр ауылындағы орта шаруа Асантай деген сатайдың жалғыз ұлы бар еді. Қулық-сулықтан ада, желкілдеп ерке өскен аңқылдаған қыр қазағына «Мен саған құмар ойынның ең жақсысын үйретем» деп алдаған Құсай деген қаскөй екі-үш күн қонып жатып, жинаған азын-аулақ ақшасы мен бар мал-мүлкін алаяқтықпен ұтып алады. Араша түскен әкесі Асантайды қарсылық көрсеткеніне қарамай қасындағы құмарпаз ойыншыларымен жабылып таяққа жығады, қабырғасын сындырып, бар дүниесін тартып әкетеді.
Жол түсіп сол үйге барып қалған Мұқай құсадан өлердей болып қиналып отырған Асантайды көріп жаны ашып кетеді. Дереу іске көшіп мән-жайды сұрайды:
– Оу, құдайдың қырсығына ұшырадым ғой, батыр. Ол аз десең жөнін айтқан мені қасындағыларымен бірігіп таяққа жықты, қабырғамды қаусатып, қан түкіртті, – дейді көрген қорлығы есіне түскенде иегі кемсеңдеп.
Жақсы көретін сыйлас, ағайынға қайырымды, ешкімнің ала жібін аттамайтын аталас ағайынының жасы жерортадан асқанда мынадай күйге түсіп қорланғаны жүрегіне қатты батты.
– Базардағың аздай, енді қазақты қырға келіп басынғаның – ажалың! Серт берем. Енді сені жер басып жүргізбеспін!
Мұқай үйден өрт сөндіргендей болып түтеп шыққан қалпында барып атына мінді, еш жерге аялдамай Жаркентке қарай тура тартты. Бар ойы алаяқ Құсайды тезірек ұстап алып сазайын тартқызу.
Бір бұл емес, аталмыш антұрған аярдың бұған дейін де базарлап барған талай қазақты қан қақсатқанын ел арасынан естіп жүретін-ді. Ол кезде Суанның Құдайбердісі мен Сатайы бірге аталатын, іргесі ажырамаған аталас туыс, өзара қыз алыспайтын, енші алып бір-бірінен бөлінбеген шағы екен.
Атышулы құмарпаз қуды сұрай-сұрай Қорғастың арғы бетіне өтіп, Сүйдін қаласына дейін барады. Ақыры қоймай, көне мазардың қасында құмар ойнап отырған үш-төрт ойыншыларға тоқтайды. Дәуде болса осылардан бір хабарын білермін деген оймен олардың ойынын қызықтаған болып қастарында ертеден түске дейін отырады.
Содан ойын арасында апиындарын тартып, буына масайып алған бұл қулардың дарақыланғандары сонша, енді әңгіме ауаны өзгеріп, шетінен отырып алып елді қалай алдап, қай жерде қандай ұрлық жасағандарын айтып бір-біріне мақтана бастайды.
Кезегі келгенде қасындағыларға көпіріп аңқау қазақтың жас баласын қалай алдап соғып, әкесін қалай ұрып жыққанын Құсекең де майын тамызып мақтанып айтып береді.
Іштей ойлаған ойы жүзеге асып, іздеген адамын тауып, танып алған Мұқай кештің түсуін күтеді. Ойыншылар кешкі асын ішіп, қайтадан құмар ойындарына кіріскенде Мұқай ортада жатқан пышақты жұлып алып Құсайға қарай тұра ұмтылады. Арпалысқан апай-топайда өзі іздеген Құсайдың артқа шегінем деп топ шиге шалынысып құлағанын көреді. Шалт қимылдаған ол дереу бас салып:
– Мен саған қазақты қорлағанды көрсетейін! – деп әлі тұрып үлгермеген Құсайдың жүрек тұсына көз іліспес жылдамдықпен пышағын ұрады.
Көкірегіне пышақ қадалып, қырылдап жатқан Құсай қудың мүшкіл хәлін көрген қасындағылар тұра салып бет алған жаққа қашып үлгереді. Әлгілердің қоржындарында қалған ақшаларын жинап алып, тігерге тұяқ қалмай жазықсыз жазадан кәріп болып қалған Асантай ағасына әкеліп беріп алғысын алады.
Міне, өстіп уақыт өте келе Жаркент өңірін жайлаған қазақтардың басына төнген қиындық пен қасіреттен қорғау үшін алғаш қолына қару алды. Сол күннен бастап-ақ отаршылдықтың құрсауында қалып, есесі кеткен елінің кегін қайтаруды көздеді. Советтің де, Қытайдың да түрмесіне қамалды, жан төзбес қаншама азап пен қасіретті де тартты. Және сол жолда өмірі қыл үстінде болған қандай қауіп пен қатер тұрса да қаймығып, шегінген емес.
Атқан оғы мүлт кетпейтін, ұстасқанын жер қаптыратын бұла күштің иесі болған, жүрегінің түгі бар осынау өжет жігіттен бетпе-бет келгенде екі жақтың шекарашылары да қаймығып, көрсе де көрмеген сыңай танытатын. Арғы-бергі беттегі ағайындардың ішіндегі мен деген тентектері «Мұқай келді» дегенде оның сұсынан-ақ жымдай болатын.
Қалың елі қазақтың басына үйірілген қара бұлт оның ой-санасы мен жүрегінде қасіреттің қатты шемені болып қатып жатты. Елдік намыс үшін ажалға қасқайып қарсы тұрып жасаған жанкешті ерліктері үшін ешкімнен ешқашан ештеңе дәметкен де емес, ақы да сұрамаған тау тұлға.
Демек, оның бойына табиғат берген алапат күшпен қатар елге, туған жерге деген сүйіспеншілікті, ұлтжандылықты асыл қасиеттер қан арқылы берілген болуы керек. Ал, өр рух пен ақылдылық, пайым-парасатты қайшылыққа толы тағдыры мен қатыгез өмір үйреткен-ау, сірә…
Ел арасында «Елдің намысы – ердің арысы» туралы сөз болып, соңы дау-шарға айнала бастағанда найзағайдай жарқ ететін намысшылдығы мен өңменді тесер өткір жанарға түксиген сұсты жүзі қосылғанда мен-мен дегеннің мысы басылып, беті қайтып қалатын. Азу тісін ақситқан дала көкжалындай ызбарлы айбарымен де ешкімге дес берген емес.
Қайнап жатқан мынау тіршіліктің қазанында көзбен көрген небір аярлық, екіжүзділік пен әлімжеттік әрекеттерде әрдайым әділдіктің жағынан табылатын бұның бойына еліне, ағайынға деген жанашырлықпен қатар сатқындықты кешірмейтін қатыгездік қасиетті де дарытты.
Күн-күндерге, жыл-жылдарға ұласып уақыт шіркін зымырап өтіп жатты. Атаман Дутовты жою кезінде де батылдығымен, жаужүректілігімен ерекшеленген. Одан кейінгі 1928 жылғы «Аша тұяқ қалмасын, асыра сілтеу болмсын!» деген қызылдар қырғыны кезінде қаншама қазақтың көшін мал-жанымен шекарадан аман-есен алып өткені және бар. Шыбын жанын шүберекке түйіп 1931-33 жылдардағы нәубетте ауыл-аймақты азық-түліктен тарықтырмай аман алып қалғаны жеке әңгіме. Онда да қазаққа тісі батып малын тартып алған, малай қылып істетіп ақысын жеген, басынып қорлық көрсеткен байлардың малын айдап әкеліп елге таратып беруші – «Халық кекшілі» болды. Өзі тиіспейтін, тиіссе бай-бағланыңа қарамай қандай содыр болса да кездескен жерде еш қаймықпастан сазайын тартқызатын.
Мұқай Байсымақұлы қазақтың маңдайына біткен, сол бір зар заманда елінің арман мақсатының үдесінен шыға білген көзсіз батыры. Халқы мен туған жері үшін қандай азап пен қасірет болса да қайыспай көтерген қара нары. Миллиондаған халықтардың қанымен суарылған Кеңестік жүйені де, халықтың арасында «…қыл бұрау» аталатын Қытайды да мойындамаған ерен тұлға! Қазақтың арда ұлы, жүрек жұтқан хас батыры!
Қали ИБРАЙЫМЖАНОВ