Мәслихат депутаттары жергілікті бюджеттен бастап, елді мекендердің даму басымдықтарына дейінгі маңызды мәселелерді шешуге қатысады. Олар тұрғындардың мүддесін білдіріп қана қоймай, қабылданған шешімдердің орындалуын да бақылайды.
29 қарашада Қазақстанда барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының кезектен тыс сайлауы өтеді. Науқан аясында 228 мәслихатқа 3 447 депутат сайлануы тиіс. Бұл – облыстық, қалалық және аудандық деңгейдегі өкілді органдардың жаңа құрамын қалыптастыруға бағытталған маңызды саяси науқан.
Мәслихаттардың негізгі міндеттерінің бірі – жергілікті бюджеттерді бекіту. Сонымен қатар депутаттар өңірлердің әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты мәселелерді қарастырып, жергілікті атқарушы органдардың жұмысына бақылау жасайды. Осы арқылы тұрғындардың ұсыныстары мен қажеттіліктерінің ескерілуіне ықпал етеді.
Мемлекет басшысы да әкімдердің халықпен кездесулері кезінде азаматтар нақты мәселелерді көтеретінін атап өтіп, депутаттардың бақылау функциясын күшейту және олардың әкімдермен өзара іс-қимылын жандандыру қажеттігіне назар аударған болатын.
2026 жылғы 1 шілдеден бастап жаңа Конституция күшіне енді. Жаңартылған мемлекеттік басқару жүйесінде жергілікті өкілді органдардың жауапкершілігі мен рөліне ерекше мән беріліп отыр.
Сондықтан алдағы сайлаудың нәтижесі алдағы бес жылда өңірлердің дамуына қатысты шешімдер қабылдайтын депутаттық корпустың құрамын айқындайды. Ал тұрғындар өз мүддесін қорғай алатын өкілді таңдауға мүмкіндік алады.










