2026 жылғы 30 шілдеде Көктал ауылдық округінде «Таза Қазақстан – Заң мен Тәртіп» республикалық акциясы аясында санитарлық тазалық пен қоғамдық тәртіптің сақталуын бақылауға бағытталған рейдтік іс-шара ұйымдастырылды.
Рейд барысында құрылған мобильді топ мүшелері тұрғын үйлерді аралап, аулалардың тазалығына, тұрмыстық қалдықтарды арнайы белгіленген орындарға шығару тәртібіне, аумақтарды абаттандыруға және қоғамдық тәртіпті сақтау талаптарына қатысты түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Сондай-ақ тұрғындарға қоршаған ортаның тазалығын сақтау әр азаматтың ортақ міндеті екені айтылып, елді мекеннің көркеюіне тұрғындардың белсенді қатысуының маңыздылығы түсіндірілді.
Ұйымдастырушылар мұндай профилактикалық іс-шаралар санитарлық мәдениетті қалыптастыруға, құқық бұзушылықтың алдын алуға және елді мекендердің тазалығы мен тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсартуға ықпал ететінін атап өтті.










