Жылдағыдай көктемгі мал төлдету науқаны басталған кез. Қойшылардың былтырғы күзгі күйек алу кезіндегі күндіз-түні ұйықтамай қарбаласпен өткізген еңбектерінің нәтижесін көретін шақ туған еді. Кеңес аға:
– Сен бізді алып жүретін сенімді көлігіңді дайындап, сағат он бірлер шамасында үйге келерсің, мен Жылысайдағы нағашыларыма телефон шалып тамақ салдыртып қоярмын. Көп нәрсені түртіп жүретініңді білем, саған аңшылардың біраз әңгімесін тыңдатайын, – деп жымиып қойды.
Бұл бір орайы келіп тұрған іс болды. Соның алдында ғана таңертеңгісін аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы бүкіл мекеме атаулының басшыларын өз кабинетіне жинап алып көктемгі мал төлдету науқаны жайлы ауылшаруашылығы бөлімінің бастығының ертеңгі хабарламасын тыңдап, шаруашылықтарға бөлінген уәкілдердің тізімімен таныстырып, барлығымызға қолға ұстатқандай етіп нақты тапсырманы беріп шығарып салған еді.
Кеңес аға екеуміз діттеген уақытында жетіп келген мәдениет бөлімінің аквариум деп аталатын автоклубының қорабындағы жайлы орындыққа жайғасып, өткен-кеткенді еске алып, емін-еркін әңгімеге кірістік.
Барған жердегі тыңдайтын әңгімеміз аңшылардың хикаясы болатын болған соң мен де жасырақ кезімдегі тау-тасты, көсіліп жатқан даланы шарлап жүріп көргендерімді, басымнан өткергендерімді ортаға салып әңгімелеп жібердім. Жора-жолдастарымызбен отырған жерімізде қазақтың көңілді, күлкілі жағдайларға толы әзіл-қалжыңдарын, кейбірі бастарынан өткізген қызықты оқиғаларын айтып уақыт өлтіретін әдетіміз бар еді. Солардың біразы есімнен шықпай жүретін. Демала қалған жерімде аузымнан тастамай айтып беретін аңшылық туралы қысқа әңгімемнің бірі қарсақ аулау еді.
Күзгі қой ұрықтандыру кезіндегі иен дала болып созылып жатқан Қобының жазығына күзеуге түскен қойшы қауымның далалық жыры бір қызық. Қазекеңнен басқасының маңдайына бітпеген хан жайлаудағы қатпар таулардың шатқалын, сай-саласын, бытқыл-бытқылын жаздай қоныс етіп, қойшы біткен жападан-жалғыз үй тігіп отырады. Содан ба, ептеп іші пысқан қойшылар жазыққа көшіп қонып, екі-үш үйден қоңсыласып, сыбайласа қоныстанып шұрқыраса қалады. Аз күндік көршілікті жылдар бойы қымбат тұтатын қазақ емес пе, тиіп тұрған тау сағасындағы қыстауларына көшерге дейін сыйластықта отырады. Жазықтағы күзеуге түскенін қойшының шабан торысы да жақсы біледі. Желе-жортып келе жатқанда қарсы ұшырасқан жолаушыны көрсе болды сол сәтте кілт тоқтай қалады. Әне, әбден дала қойшысының ыңғайын біліп алған. Қолдасып амандасып, қал-жағдай сұрасқаннан соң ғана тебініп барып жолға саласың. Ат екеш ат та қазақыланып кеткен ғой. «Бір күндік танысқа, мың күн сәлемді» ұстанатын атам қазақ емеспіз бе. Шалғынды жайлаудан шырланып, қоңды түскен қойлар күшіне кірген боздың бозғылт ащылау жусаны мен изенін көмейлеп орып ырсылдап, оттай жайылып, былқылдап, теңселе басатын кезі. Жон арқасы мен төсқасқасына екі еліден артық май кіріп мамырлай басқан саулық қойлар тез күйлейтін. Жазықтағы тереңдеу келген ықтасынды өзек-өзекке күздің қара суығынан пана болатындай жерге пункт салынатын. Мал күйекке түсу мезгілінде қой ұрықтандыру пунктінің ағаш үйінің маңы әжептәуір орталыққа айналады. Шаруашылықтың басшылары бірінен соң бірі пункт басына соғып, маңайының тазалығын тексеріп, сол пунктке жауапты зоотехник пен қой ұрықтандырушының жүргізіп жатқан жұмысымен танысып, тексеріп, тапсырмалар беріп, сол жерге бекітілген қойшылармен жиын өткізетін. Көктемгі жақсы төл алудың кепілі осы науқанды сапалы өткізу екендігін қайта-қайта айтып нықтап жататын.
Жетпісінші жылдары Жалаңаш пен Торыайғыр тауының арасындағы созылып жатқан бозторғайлы, боз жусанды Қобы деп аталатын кең жазыққа қайдан екені белгісіз қарсақ ауып келді. Бір қар басқан түлкіге ұқсас кішірек көзінің төңірегі ақшылдау, қасы қап-қара, қызғылт жүні жылтырап, ұзын құйрығымен қосылып құлпырып тұратын. Жүрісі қыз баланың жүрісіндей жұмсақ, билеп басатын түр кескіні әдемі жаратылған қарсақтардың күнделікті тамағы саршұнақтар. Боз даланың ежелден бергі мекендеушісі, үлкендігі жұмған жұдырықтай келетін, семірген сарышұнақтардың ордасы аяқ басқан сайын кезігетін. Олардың жердің астын кеулеп тастаған қордасының орны қой қотанындай аумақты алып, жататын. Қой қораның орнындай кең жердің топырағы сарғыштанып, шалаңдау өскен жусан жапқан беті білінбей жататын. Астындағы қазылған інге аяғын тығып алған ат сүрінсе, оңбай құлайтындай шұңқырлар бар еді. Таңғы бестен басталатын қой ұрықтандыруды сағат тоғыздарға қарай аяқтап, ертеңгілік шайға отырамыз. Сусынымыз қанып, таңдай шөліміз басылғаннан соңғы түскі асқа дейінгі түздегі істейтін шаруамыз қарсақ аулау. Сол жылдары қалайша екенін кім білсін, күз мезгіліндегі қар басқан түлкінің, қарсақтың, ал жаздың күні жайлауда ауланатын борсықтың, суырдың терісі өтімді болатын. Жайлауға қылша теруге барып, сай-саланы кезіп жүрген орыстар суыр атып, кейде сымнан тұзақ құрып ұстап, сойып, терісін жинап, ал етінің сасығын кетіру үшін суға соқтырып (ағып жатқан бұлақ суына біраз байлап қою) барып жейтін.
Бірде тамақтан соң ықылық атып, қой ұрықтандыру пункті орналасқан өзектің қырына шыға қалғанымыз сол еді, алыстан айғайды басып шауып келе жатқан қойшыны көрдік. Далақтауына қарағанда неде болса қарсақ қуып келеді-ау деп шамаладық. Бойы аласа, лыпылдап қашып келе жатқан қарсақ қалың өскен жусаннан жоны ғана асып, көзімізге анық іліне қоймады. Қойға мініп жүрген шабан аттың үстіндегі екі бұты далақтап, шапанының екі шалғайы жалпылдап қуып келе жатқан қойшыға жердің құртындай болған сусылдаған жүйрік пәле қайдан жеткізсін. «Әне, әне» дегенге делебеміз қозып, жаяу екенімізді ұмытып бізде тұра жүгіріппіз. Әудем жер жүгіріп барып жанымдағы Жақыпбек ағамыз бұрыла сала қораға қарай қайта салды. Енді бір қарасам қораның жанындағы ағаш ақырға күні бойы байлаулы тұратын аузы жемнен босамайтын сарқарын қаракер бие бар еді, соны міне салып қырға қайта шыға келіпті. Биеге мініп желігіп, қарсақ қуып келе жатқан аттыға қарсы шапқаны да, желгені де белгісіз тепеңдей жөнелді. Қанша дегенмен де төрт аяқты жануар емес пе, менен әудем жер ұзап кетті. Қарсақ сонадай жерден өзіне қарсы шапқан аттыны байқап қалып жалт бұрылды да аздан соң лезде жым-жылас жоқ болды. Аттылар түсіп анда кірді, мында кірді десіп сарышұнақтың қордасынан із шолып жатқанында екі өкпемді қолыма алып алқылдап, ентігіп менде жеттім. Біріміз далақтап атпен шауып, біріміз тіліміз шығып салақтап жаяу жүгіріп, қарсақ қуалап жүргенімізді алыстан байқаған су тасушы машинаның жүргізушісі де бері бұрылды. Ол да бірдеңеден құр қалғандай заулатып келіп тежегішін басып қалып қасымызға кілт тоқтағанда, басы-көзіміз бен аузы-мұрнымызды аппақ шаңға лықа толтырды. Жерден жеті қоян іздегендей дабырласып әр жерге бір үңіліп, үңірейген іннің аузын көріп қалсақ қарсақ шығып кетпесін деген оймен топырағын ішіне түсіріп, таптап бітеп жүрміз. Сөйткенше болмады жұдырық сиятындай сарышұнақтың інінен аттып шыққан қарсақ заулай жөнелді. «Кетті, кетті» деп шаңқ ете түскен манағы қарсақты індеткен қойшының даусы бәрімізді селт еткізді. Өзі де қолындағы бүлдіргелі қамшысы бұлғаңдап, ұзын шапанының етегіне сүріне-қабына шылбырын сүйретіп бос қойған атына қарай қорбаңдай ұмтылды. Машинасына таяу жүрген жүргізуші де жылдам екен, көлігін гүр еткізіп от алдырып, ол да жылдамдыққа салып заулата жөнелді. Жұдырық сиятындай іннің аузынан лып етіп шыға келіп бұлталаңдап қарсақ қашып, артынан шабан торымен ескі тоны жалбырап далақтап қойшы қуды, ол аз болғандай соңынан салдыр-гүлдір етіп машина түсті.
– Ойбай, анау өлді, өлді, – дей сала Жақыпбек те машинаның артынан тұра жүгірді. Баж еткеніне не болды екен деп жалт қарасам, мойны сала құлаш арқандай созылып машинаның артынан жануар қаракер бие ол да қарыны салбырап еріксіз желіп барады. Жақыпбек жаңарақта биеден түскен кезде мініп келген ашқарақ қаракері үйренген қорасындағы жем салынған ақырға кетіп қалмасын деп тізгінін машинаның артқы тіркеме теміріне іле салған ғой. Желіп бара жатып ұзай бере мойны серіппедей қатты керілгенде тізгіні осал тұсынан бырт етіп үзіліп, бір сүрініп барып оңалды. Жануар Жақаң жүгіріп барып тізгінінен ұстағанша жеткен жерінде тұрып қалды. Қайта тізгін осалдық қылды, әйтпегенде мойны үзіліп кеткендей еді. Байғұстың тамағын жүгеннің сағалдырығы сығып жіберген болу керек қырылдаңқырап барып қос танауы желбіреп екі-үш пысқырынғанда ғана дыбысы әрең түзелді.
– Қарсақ қуамыз деп қошқаршыға бие төлей жаздадым, – деп Жақаң ішек-сілесі қатып күліп жүр…
Әңгімені қызыға тыңдап отырған Кеңес аға қарсақ қуғандағы қылығымызды көз алдына келтіргендей мол денесі селкілдей бір күліп алды.
– Қаракер биені өлтіріп алмай аман алып қалғандарың тәуір болыпты, әйтпесе бүкіл Жалаңашқа жыр болар едіңдер, – деп ол өңірді жақсы білетіндігін меңзеп тағы да күлді. Көңілдене отырып осыған ұқсас екінші бір әңгімені де бастап жібердім.
Бір жылы жолым түсіп Кербұлақ ауданындағы Қарашоқы ауылында болдым. Отарбек құдамның үйінде немересі Айдынның сүндет тойына әр жақтан келген туған-туыс, құда-жекжаттар, ауыл-үйдің қонақтары жиналып отырғанбыз. Жасы үлкен қариялар жөн-жосық сұрасып, ауыл аймақтың амандығын, жаңалығын айтып жақсы бір әңгімелердің шетін шығарып қойып отырды. Отарбек құдамның көрші ауданда тұратын нағашысы болып келетін Оразымбек қария жұрт жатырқамайтын аңқылдаған кең пейіл, суырып салма ақындығы бар бір сыдырғы әңгімешіл кісі екен.
– Баяғыда, – деп алды да әңгіменің тиегін арыдан бастап ағытып кеп жіберді. Қой ұрықтандыру басталып, күйек алу кезінде өздері тұратын колхозда Қанат деген жолдасы екеуі мал ұрықтандырушы болып жұмыс істеп жүріпті. Күйек кезінде қазан айының ортасынан басталып қарашаның ортасына дейін баратын колхоздың қой ұрықтандыру пунктінің адамдары таң атпай ерте тұрып, бір қараңғы, бір жарықта жұмыс бастайды. Бір пунктке ұрықтандыруға бес-алты қора саулық қой бекітіледі әрі жақын көшіріліп келіп қоныстандырылады. Пункт жанындағы арнайы қорада кейде орталықтан тасымалданатын саулықтарға егілетін ұрық кешіктірілсе қолдан ұрық алуға және күйлеген қойды анықтайтын күтімдегі кезекші қошқарлар бағымда болады. Жұмысқа қажетті құрал-саймандар, микроскоп спиртпен сүртіліп тазаланып, бұрыштағы арнайы столда жабындымен жабулы тұрады. Мұз ішінде сақталынып, тоңазытылып жеткізілген қошқардың ұрығының тірілік жай-күйі әуелі микроскоппен тексеріліп барып бірақ егіледі. Қай қойшы ерте қыймылдап пункт қасындағы қой қораға саулықтарын ерте әкеліп қамаса, сол қойшы күйлеген саулықтарды анықтайтын пысық қошқарларға ие болып қалады. Қарбалас жұмыс түске қарай аяқталып, бұлар содан кейін ғана бел жазады. Келесі күнгі таңға дейін бұлардың қолы босайды. Таңғы астарын түске қарай ішіп болғаннан соң басқа көрініс белең алады. Қанаттың төңірегін жақын маңдағы қойшылардың арасындағы қолы бос, ащы суға жақын жора-жолдастары үйірсектейді. Сонда қасындағы жолдасының кейбір қылықтарына көңілі толмай Оразымбек былай деп өлең шығарыпты.
«Көп болды біздің пункт істегелі,
Жазбадық жақсы-жаман ештеңені.
Қолымда жүйрік қалам, сыншыл ақын,
Сапарға келдім жұмыс істегелі.
Ал, Қақа, қолыңа ал, автоматты,
Талай қой қайта күйлепті, тоқтамапты.
Сапалы егіз төлге ой салыңыз,
Қозыны колхоз сізден жоқтамақты.
Шприц, таза болсын сайманыңыз,
Дұрыс қой таза спиртпен шайғаныңыз.
Құры су, құрғақ дәрі, құр раствор,
Серт бұзып, заң жолынан тайғаныңыз.
Болмаса таза халат денесінде,
Кім білсін, бұл ақынның не десінде.
Беретін бес жүз қойға бір жарты спирт,
Кетпесін көрінгеннің өңешінде» дегеннен соң қасындағы Қанат ұялғанынан қой ұрықтандыратын аспаптарды заласыздыруға берілетін спиртті оңды-солды таратуды тоқтатқан екен, дегенімде әңгіменің желісін бұзбай мұқият тыңдап отырған Кеңес аға:
– Сөз құдыреті деген осы-ау, ақыныңыз мақтамен бауыздағандай айтыпты, – деп мақұлдап қойды.
Осылай әңгіме-дүкен құрысып Жылысайға келгенімізді көлігіміз бір үйдің ауласына кіріп тоқтағанда бірақ білдік. Көліктен түскенде бойда кең ауланың ортасында бізді қарсы алып тұрған бойшаңдау келген, толық денелі, жасы алпыстан асқан қарияны көрдім. Жейдесінің сыртынан жұқалау жеңсіз киіпті, жұмырлау біткен басында бас киім жоқ. Бет әлпетіне қарап денсаулықты адам екендігін болжадым. Жанындағы өзінен жас шамасы кішілеу, балалары болар деп ойладым, ұмтылып келіп бізбен қол берісіп амандасты. Анандай жерде бір шаруаны істеп жатқан кемпірі дауыстап аман-саулық сұрап жатыр. Аздаған бел жазудан кейін отағасы үйге кіруімізді өтінді. Балаларының бірі кіре берісте құмғанмен ұмсынған қолымызға су құйып, иығына арта тастаған орамалды ұсынып ізет көрсетті. Мана көліктен түскенде байқағанмын, көлемі үлкен, әжептәуір еңселі ағаш үй осы таудың қарағайынан қиып салынған екен. Тұрғын жайдан алысырақтан түскен қора-қопсысы да біршама ұзындау салынғанына қарағанда қолында ұстап отырған малы да бар-ау деп шамаладым. Соның арасынша есігі ашық тұрған қораның ішінен біздің дабырласқан дауысымызды естігендей жылқы оқыранды. Кіре берістегі кең жасалған бөлмеге аяқ киімімізді қалдырып, қария нұсқаған төрдегі қонақ бөлмеге ендік. Менен бұрын кірген Кеңес аға:
– Ассалаумағаләйкүм, – деп барып оң жақтағы керегенің түбінде, үш-төрт қабат етіп қалыңдап төселген көрпенің үстінде жатқан ақсақалға тізерлеп қос қолдап сәлемдесті. Ақсақал Кеңес ағаның ең ет жақыны болуы керек, еңкейген маңдайынан сүйіп, дауысы дірілдеңкіреп, ыстық ықыласын төге, сөйлеңкіреп хал-жағдайын сұрап жатыр.
– Туған нағашысы ғой, – деп маған қарады Әзім қария. Ағадан соң менде төрде созылып жатқан ақсақалға тіземді бүгіп, қол беріп амандастым. Жөнімді бипаздап сұраған қария, «Ә, бәрекелде, келгенің дұрыс» деп қойды. Шешкен сырт киімдерімізді қолдан алған балаларға тапсырып, күн бұрын қонақ келеді деп дайындаған жаюлы дастархан басына жайғастық. Кеңес ағамыз өз үйі, өлең төсегіне келгендей сол жамбастап қолтығына қос жастықты бүктеп тығып, аяқты созып салып төрге жайғасты. Сірә қазақтың төр ортасында еркін көсіліп жатқандарға «Әкеңнің үйінде жатырсың ба?» дегені осыдан шыққан болар. Ұзын қойылған жозының орта тұсына үй иесі білектен демеп келіп мені де отырғызды. Дастархан басына буы бұрқырап, екі иығынан дем алып ақ самаурын мен шыққан шайдың иісі бұрқырап шәйнек келді. Баласы әкесіне бұрылып:
– Аға, дастарханға ықылас жасаңыз. Қонақтарымызға шай берелік, – деді биязы дауыспен. Төр алдындағы қарияны ұлдарының біреуі жауырынынан демеп, еңсесін тіктеп отырғызды. Қария дауысын шығарыңқырап бата жасады. Ананы-мынаны айтып, ауыл үйдің амандығын сұрасып-біліскеннен кейін, Кеңес ағамыз мені таныстырды.
– Аға, арнайы мал төлдету науқанындағы жұмыспен кетіп бара жатыр едім, көптен бері өздеріңізге сәлемдесе алмадым, бүгін жол түсіп сізге амандасайын деп әдейі бұрылдым. Мына ініміздің ақындығы, жазушылығы бар. Өлең, жазады, ел арасындағы көне аңыз-әңгімелерді жинайды, оларды әртүрлі газет бетінде жариялап тұрады. Бағана ауылдан шығарда, саған кезінде керемет аңшы болған кісілердің әңгімесін тыңдатамын деген уәдем бар еді. Бел жазып отырып тыңдалық, соның бір-екеуін айтып берсеңізші. Мен де жұмыс басты болып сондай көңілді әңгімелерді естімегелі көп болды, сағынып қалыппын, – деп нағашысына қарады. Маналы бері әңгімемізді мұқият тыңдап жатқан ақсақал жымиып қойып:
– Ай, жиеш-ай, заманымда сені де, басқа да тыңдаушыларды таңға дейін таусылмайтын әңгіменің қызығына қандырушы ем, қазір айтуға шама жоқ. Жүріс-тұрысым баяулағанымен, дені-қарным сау. Бірақ мынау кәрілік буын-буынды алып меңдетейін деді, – деп бір тоқтады. – Болмаса әңгіме шіркінді айтқанға не жетсін. Ендігісі анаған қалды, сол айтып берсін, – деп жымиып иегімен дастархан басында отырған ұлы Әзекеңді нұсқады.
Шамалауымша, төр жақтағы іргеде жатқан қария тоқсаннан баяғыда асып кеткен сияқты. «Анау» деп иегімен нұсқап көрсеткен баласының өзі алпыстың бел ортасында көрінеді. «Құдайдың берген жасы ғой, жаратқаннан жасымды ұзарт деп сұраған жоқ шығар» қоямын ішімнен. Сыңғырын салып, үні құлақты қағып екі-үш құты келді. Ағамыз айтқандай ақ пен қызылдар бірі баласының қолтығына қысылып, бірі қолына ілініп қатар келді. Ет келгенше деп амандық үшін ептеп көтеріп тастадық. Кеңес ағамыздың қолқасын жерге тастамайын дегендей Әзекең тамағын қырнап қойып, маған қарап:
– Інім, өзіңнің сөз әлпетіңнен аңғарып отырмын, аң аулаудың жай-жапсарын көргендейсің, біраз жайларды біледі екенсің, – деп әкесі жаққа көз тастап қойды. Қарияның қостау мақұлын алған сияқты.
– Бұл аңшылық дегенің бір құмарлық. Күздің кезі – молшылықтың шылқыған шағы. Аң мен құстың былқылдап семіргені білініп, майы жүнінің сыртына шығып жылтылдап тұрады. Қанша аязды болса да қыс айының да айырықша ерекшелігі бар. Көз жетер жердің бәрі – айналаң аппақ қар. Шіркін, таза ауаны танауыңды керіп мұрныңмен бір дем тартып «ух» деп сыртқа шығарғаныңның өзі неге тұрады. Қос өкпең тазарып бойың керемет сергиді. Ал енді өзің де, өзге де тау-тасты кезіп жүрген аңшының бәрі біледі: қар кете, көктем мен жаздың ортасына дейін барлық аң-құстың түлеп, төл өргізіп, балапан шығарып көбейетінін. Әкеммен бала кезден аңшылыққа шығып жүріп әр аңды қалай аулап, қолға түсірудің әдісін үйрендік. Онда да адал, еті дәмді, жесең таңдай қақтыратынын аулап ұстамасаң, қалғаны бекер. Бұғы мен тауешкісінің етін елікпен салыстырма. Еліктің еті қоян етіндей қаракесектеу, онша құшырланып жей алмайсың. Құс еті де сондай, талғап жеу керек. Ой, мұнда нағыз ет деп қаздың етін айтсаңшы. «Жылқының еті жесең тісіңе кіреді, жемесең түсіңе кіреді» дегендей. Бал ғой, бал. Әсіресе, атып алғаннан кейін сойып, біраз уақыт салқын жерге іліп, сүрлеңкіреп барып жесең тіл қуырған дәмі оншақты күннен кейін де аузыңда жүреді. Рахат қой, рахат. Аңшылықты мылтықпен аулағаннан көрі білсең қақпан, тұзақ, тағы басқа амалдармен істеген жақсы. Қанша дегенмен де оқтың уыты бар, еттің бойына жайылып дәмін бұзып жібереді. Қаз аулау үшін ерте көктемде құс келіп жатқанда, немесе күз түсе топталып қайтар кезінде бір араласып қаламыз. Тұяқты аңның, құс атаулының семірген кезі, бәріне үлгеру керек. Осы кез саятшылықтың ең қызықты кезеңі. Мен саған бір оқ шығармай қаз аулаудың құпиясын айтайын інім, – деді де Әзекең қолына сусын құйған құтысын көтеріп «алып қойыңдар» дегендей ниет қылды. Көңілдің бұлбұлын сайрататын шіркіннен неге тоқтаймыз, Әзекеңнің шашбауын көтерістік. Көмейге кесек қазының бір кесімін лып еткізіп тастап жіберіп иісін бастық. Қолын майлық орамалға сүртіп жатып Әзекең:
– Оған арнайы дайындық керек, – деп сөзін жалғады. Күні бұрын өрістегі жайылымнан не қолдағы малдан бір семіз тоқтыны әкеліп сойып, төс етін етегімен тұтас кесіп алып қоясың. Қалғанын келістіріп отырып мына жеңешеңе, – деп қасында сорпа құйып отырған әйелін нұсқап, – майқуырдақ жасатып тойып аласың да таңға дейін ұйықтап тынығасың. Ертеңгісін таң алакеуімнен тұрып атқа мініп, мына Ақтоғай өзенінің бойын бетке аласың. Өзің барып жүрмін дедің ғой, өзеннің екі жағы ағын су – бір кіріп, бір шығып жататын ойырым-ойырым тоқтау су болады. Біз барып жүрген көл айналасын ат құлағынан асатын қамыс жапқан, жағасы жатықтау жер. Төбеңде айналып ұшқан құс болмаса, көл бетінде жүзіп жүргендері адамды байқай қоймайды. Атты алысыраққа арқандап тастап, дайындыққа кірісемін. Қураған қу бұтаны жинап тұтата қойып, төстіктің майлы жерін қаз жұта алатындай білемдеп, үлкендеу етіп ұзыншалап кесіп, істікке түйреп, жалынға ұстап қоңырсытамыз. Кәдімгі жас малдың төстігінен жасалатын кәуап. Иісі жұтындырып, мұрыныңды жарады-ау, амал жоқ құс аулауға дайындағасын ауызға түйірін де салмайсың. Құс аулау құмарлығы нәпсіні де жеңеді. Ол одан да қызық. Содан көп қабаттап есілген қырқыншы мәшине жіпке қоңырсыған төстікті екі-үш жерінен өткізе түйрейсің. Абайлап басып, жіпке байланған төстіктің етін көлге лақтырып жібересің. Судың бетінде қалқыған төстіктің етін орта шеніне барғанда қамысқа байлай қоясың. Күтесің. Қызықтың көкесі енді басталады. Топтала ұшқан қоңыр қаздар көлге қонғанша қаққан қарауылдай тырп етпей, дымыңды ішіңе тартып отырасың. Қаздар өте сақ құс. Бұлар тамағын құрғақтан тауып жейтін құстың санатынан. Көл бетін бір-екі, тіпті кейбіреуі үш-төрт айналып барып бірақ қонады. Олар өзенге, көлге су ішуге, таранып, тазалануға түседі. Қаздар топтана келіп қонып, таралып қалқып жүзіп жүреді. Біздің алдауға тастаған етке жақындаған сайын не болады екен деп қыпылдап отырамыз. Әлгі асықтай томпиған майды көрген қаз судан тұмсығын көтермеген бойда-ақ іліп алып бір-ақ толғап жұтып жібереді. Қармағы балық қапқан баладан бетер қуанып, әліптің артын бағамыз. Майдың аты май ғой, лезде әлгі төстік жұтқан қаздың артынан былп етіп түсе қалады, оны түскен бойда артынан жүзіп жүрген екіншісі қылқ еткізіп жұтып жібереді. Көрінбей осының бәрін сезіп, күтесің. Үшіншісі жұтты-ау дегенде өз жағындағы жіптің ұшын саумалап тарта бастайсын. Абайсызда маймен қоса жіп жұтқан кеңірдегін жіп қияр болған қаздар желіге тізіліп байланғандай болады. Көтерілген алдыңғы қазға ілесіп кеңірдегінен жіп өткен соңғы екеуі сүйретіліп қаңқылдай көтеріледі. Арқан бойына шығарып, үш қазды тұмсығынан тізіп ат үстіне қонып жетегіңе аласың. Ой-хой деймін-ау, ол күні сенен олжалы аңшы жоқ. Көкке көтеріліп айналып ұшқан үшеуін өленіңді айтып, атпен үйге дейін жетелеп әкелесің. Одан арғысын айтпасақта болады. Құдай берем десе аспаннанда береді екен, үйдің жанына келіп жіпті үзіп алмай олжаңды абайлап саумалап қолға түсіресің. Аузынан кіріп кеңірдегін жіп ауыртқан қаздар көп қарсылық көрсетпейді. Ар жағы белгілі. Пах-пах шіркін, басқа еттерің бекер қалсын. Қаздың еті әрі майы мың да бір ауруға ем екендігін айтсаңшы. Майы сыртына сорғалаған қоңыр қаздың еті жылқының етінен бетер тәтті, жұмсақ, дәмі мұнда жоқ, – деп барып кеседегі шайынан бір ұрттады. Өзі де дәп қазір қаздың бірін қолға түсіргендей риза кейіппен бізге қарап жымияды.
Біз Әзекеңнің айтқандарына сенер-сенбесімізді білмей, жымиып күліп қойып отырмыз. Әйелі мен балалары мұндай әңгімені бұрындары естіді ме, жоқ па, әйтеуір Әзекеңнің келістіріп айтқанына мәз болысып отыр. Сөзін бөлетін тұсы жоқ әрі жақсы ширатылып келе жатқан көңілді әңгіменің сабағын үзгіміз келмеді. Алдыға аға екеуміздің үйеме етіп сыбағамыз салынған буы бұрқыраған сый табақ ет келді. Қария еңсесін көтеріп ыстық ықыласымен бата жасады. Дастарханға тартылған екі табақ етті алдына алған ағамыздың екі баласы сығымдап ұстап, ұсақтап турауға кірісті. Қолдары қолдарына жұқпай өткір пышақтары лыпылдап, жылқының жылы-жұмсағынан бәріміздің алдымызға «ауыз тиіп отырыңыздар» деп бір-бір кесіп ұсынып қойды. Қыстағы сойылған соғымның жапырақтап туралған сүрінен сүйсіне ала отырып, қаз аулаудың келісті жерлерін қайталаңқырап, күлісіп, қауқылдасып алдық. Сөйтіп отырып ыңғайы келсе келесі әңгімені тыңдауға ықыластандық. Ойымызды айтқызбай сезіп отырған Әзекең бізге тамақ алдыра отырып, мана үлкен ас келгенде үзілген әңгімесін бастап кетті.
– Таңғы ас тәңірден дегендей, бүгін жол тартып келіп қалыпсыздар, мынау үйдегілердің нағашымызға соғымнан сақтап жүрген сыбағасы еді, бұйырған күн бүгін екен, алыңыздар, – деді Әзекең табағымызға сыбағамыздан салалы саусақтарымен көсіп алып еселеп жатып. Арасында айдамамызды да алдыртып қояды.
– Иә, бұл аңшылық деген бір қызық нәрсе ғой. Кейде жолың болып қақпанның аузы майланып олжалы ораласың, кейде қанжығаң салақтап байлауыз бос қайтасың. Мына өзіміз секілді балалар да үйдегі бар етке қарамай қыңқылдап, аңның етін аңсайтыны бар. Сондайда мына астырттағы жайылып аққан өзеннің бойын басқан қалың бұтаны бетке алып тартып кетесің. Қоян атаулының көкесі сонда. Бір қар түскен соң оның да жүні жылтырап, жұмырлана қалатыны бар. Қоян аулауға шыққанның өзі бір қызық дүние. Жолың болып, қанжығаң майланып үйге қайтсаң сол күні кішігірім томалақ. Ірілеу екі-үш ор қоян аулап әкеліп картоп қосып пісірсең кәдімгідей бір табақ қара қуырдақ жасалады. Жаңа айттым ғой, аң аулауға уақыт бөліп дайындалу қажет. Күндіз ауылда қыдырыстап, насыбай ататын екі-үш қарияға барып, көңілдерін алып әңгіме айтасың. Ананы-мынаны сұрастырып отырып қылшаның күлін азырақ, үгіткен темекісін көбірек қосқан күшті жасалған насыбайдан бес-алты атымын сұрап алып қайтасың. Насыбай қоян ұстаудың ең керекті құралы. Әлгі өлеңде айтады емеспе, «Темекі – насыбайдың басытқысы, Не демейді, сөйлесе ғашық кісі» деп. Сол сияқты күштірегі керек. Түс ауа меңзеген жеріңе барып, мінген атыңды алысқа байлап тастап қимылға кірісесің. Кісі өтпейтіндей ұйыса өскен түрлі бұталы алқаптың шетінен кіріп, қалың жықпылдың ішінен қоянның жымын тауып аласың. Жымы белгілі болады. Біреуі жортақтаса болды қалғаны шұбырынды қылып жібереді. Жазатайым түлкі, қарсаққа жем болып кеткендері болмаса, қалғандары үйірсек, қолайлы жерді тастап кете қоймайды, айналып сол орынға қайта келеді. Қоянның бір қызығы өзі тым көрсеқызар келеді. Бұтаны, тас біткенді айналып, көрінген нәрсені иіскеп қызығып жүретін бәле. Шұбырынды жымынан сәл шеткері жалпағырақ тасты қоясың да, әлгі тастың үстіне насыбайдың бірнешеуін ірі бытырадай етіп домалақтап, бір мыжып, өзінің құмалағындай етіп жабыстырып қоясың. Содан кейін жымынан аулағырақ кетіп қалып демалуға болады. Сенің тысырың басылған соң тығылып отырған жерінен шыққан қояндар қозғала бастайды. Бүкектеп келіп жалпақ тастағы түйіршік насыбайды иіскелеуге көшеді. Қызыға иіскеп, ауаны ішке тартып алғанда танауына кеткен насыбай жыбырлатып түшкірте жөнеледі. Түшкіріп-түшкіріп басын ана тасқа бір соғып, мына тасқа бір соғып, есеңгіреп талып қалады. Бір-екі сағат өткен соң, қойған тастардың қасында есеңгіреп жүрген қояндарды ұстау ештеңеге тұрмайды. Сен барғанша есін жия алмайды. Таяқпен ұрып топ еткізесің. Жылдамдатып қапқа салып жинап ала бер. Міне нағыз аңшылық деген осы ғой.
Әзекеңнің әңгімесінің қызығына берілген біздер күлісіп қойып тамақтың суып қалғанын да білмедік. Бірақ әккі аңшының бәрін қолмен қойғандай етіп айтып отырған әңгімесі көңіл әуенімізді одан әрі баурап, қызықтыра түсті. Алдымыздағы әңгіме қызығына түсіп ұмытыңқырап кеткен құюлы тұрған құтыларымызды босатыңқырап жіберіп басалқы әңгімені тыңдауға қайта көштік.
– Менің білуімше осы қазақтың ертегісі бекер емес-ау, – деп Әзекең шашын тықырлау етіп алдырған басын күректей алақанымен бір сипап қойып. – «Ерте, ерте ертеде, ешкі жүні бөртеде, қырғауылы қызыл екен» деуші еді ғой. Қырғауыл мен үшін құстың төресі. Қоразына қарасаң қоқиланып тұрғандағы тұрысы қызылды-жасылды әлем-жәлем киінген, өзіміздің елдің еркелеп жүрген сал-серілеріне қатты ұқсайды. Ұстап алып сойып жеуге қимаймын. Аяп кетемін. Амал қайсы аппақ еті, піскенде аузыңда өзгеше дәмі қалатын болғасын аулаймын. Осы аңшылық жолында біз не көрмедік. Жаңа айтып едім ғой, қырғауыл аулауға да алдын-ала ерекше дайындық жасайсың. Айтайын дегенім, дайындық жасау дегеніміз жан достарыңның бірін үйге қуырдаққа шақырып, бірер шиша босатасың. Неге деп сұрасаң оның себебін түсіндірейін. Алғашқы жартылықты жартылай ішіп босатыңқырап, қалғанына кәдімгі бидайды әкеліп толтырып саласың да аузын тығындап жауып тастап қоясың. Бидай таңғы алакеуімге дейін барлық арақты бойына тартып сіңіріп алады. Төрт-бес сағатта өз деңгейіне жетіп, араққа бөртіп жатады. Ал достың керегі сол таңға шейін қасыңда қалғытпай, ұйықтатпай әңгіме-дүкен құрып отыру қажеттігі. Таң ағара бастаған бір қараңғы, бір жарықта тұрып барып, қырғауылдардың ойнағына, қырманы дейміз ғой, сол жерге құтыдағы әбден бөрткен бидайды айналдырып сеуіп таста. Келіп алаңсыз демала бер. Күн сәл көтерілгеннен кейін қырғауылдардың ойнағына барсаң адам сенбес қызықты көресің. Бас-аяғына ие бола алмай, сілейе мас болып тырайып ұйықтап жатқан құстарға көзің түседі. Бәрін жинап алудың қажеті жоқ, қолмен төсін басып-басып таңдап жүріп үлкендеу, семіз қораздарын таңдап аласың. Қанағат қарын тойғызады дейді ғой. Қалғандары біраз уақыттан кейін мастығы қайтқан соң есін жиып, не болғанын білмей-ақ тарап кетеді, – деп Әзекең тоқтағанда Кеңес ағамыз қостағандай болып:
– Қырғауыл аулаудың мына әдісі көңілге қонымды екен, әй, бірақ бойына арақ сіңген мас қырғауылдың етін жеген соң, өзіңде біраз жерге барасың-ау, – дегенде отырған жұрт ду күлді.
Әңгімені талқылау аяқталар емес. Әзекеңнің жатық айтатын жүйелі сөйлейтін әңгімешілдігіне тамсанып әрі аңшылық оқиғаларды баяндауындағы қисындығына қарап таңырқап отырдым. Неміс жазушысы Рудольф Эрих Распенің қызықты әңгімелерінің кейіпкері барон Мюнхгаузеннің басынан өткізген таңғажайып оқиғалары қазақтың Әзекеңдерінің айтқыштығынан артық емес шығар деген ойға келдім.