Қазақ даласындағы көшпелі ел-жұрт хан-сұлтандар билеген заманның өзінде де ауыл-үй арасындағы, руаралық, тайпаралық дүрдараздықтың өртіне шалдығып тұратын. Ел арасында есте жоқ кезден қанына сіңіп, сіңірдей созылып үзілмейтін «жер дауы, жесір дауы», оған қабаттаса мал барымтасына ұласып керіске түсетіндер табылып жататын. Қырқысқан, сойылдасқан ағайындардың арасындағы дау-дамайға арашаға ақсақалдар түсіп, кінәлілерді билердің алқасына тартып, жүгіндіріп, жарылған басты бөріктің астына, сынған қолды жең ішінде қалдырып татуластыру жолын сілтеп, шешімін кесіп жататын. Ел бірлігін сақтау жолында ағайындарды пәтуаға шақыратын беделді билер мен белсенді ақсақалдардың араласуы екі арадағы дауға ұласқан небір келеңсіздіктердің оңынан шешілуіне ықпал етіп отыратын.
Сондықтанда әр нәрсе себеп болып араздасқан қазақ ағайындардың арасында «ат құйрығын кесісу», мүлдем айырылысып кету деген ұғым, шанда бір болмаса. тіптен естілмейтін. Қалың қазаққа ұстаным болған ел іргесін берік ұстаудың осы үрдісіне отаршылдық жүйенің күшпен енгізген сайлау тәртібі жік түсірді. Өзін-өзі басқару жүйесінің ең төменгі сатысын – болыс пен ауыл билерін сайлаудың өзі уезд бастығының қолында болды.
Уездік мекемедегі келімсектерден құралған шенеуніктер әркез жергілікті жабайы, сауатсыз санайтын халықпен өздерінің бас пайдасын ойлап қана әрекет ететін. Төменгі буындағы ауылдардан елубасыларды жиып, шар тастатып сайлау өткізу – көзалдау болып табылды. Ел ішінде сайлау өткізу олардың табыс көзіне айналып, бұл – өңірдегі шенеуніктерді ашкөздікке, парақорлыққа әбден батырды. Өзімбілермендік әпербақандыққа, ол өз кезегінде пара сұраумен ұштасты. Делдал болып жүгіретін жағымпаздыққа жол ашылды. Олардың қалаған адамын болыс, би, старшын етіп билікке әкелуі не болмаса орындарынан себепсіз алып тастауы ауылдардың, ағайын-туыстардың арасында реніш туғызып, ол ұлғайып, үлкен дабыралы дауға түсірді. Бұл оқиға осы өңірдегі әр рудан тұратын жүздеген шаңырақтың басын құраған адамдардың арасында да топ-топқа бөлінуді туғызды. Жақын жандардың өзі дай-дай тартысқа түсу оқиғалары дабырайып, ел аузынан шығып сыртқа тарап жататын. Отаршылдардың қазақ өміріне енгізген мұндай құйтырқылық әрекеттері бірте-бірте халықтың бойына дендей еніп, елді айықпас парақорлық дертке шалдырды. Басқа болыстықтарда ауыл биіне ұсынылған адамды ол орынға лайық санамаушылық, онымен келіспеушіліктер орын алған болатын.
Қаңтар айындағы сайлау өте салысымен ауыл биіне ұсынылған адаммен келіспеушілік енді Сатай болыстығында да туындады. Сайлау өткеннен кейін осы болыстағы көпшілік елге танымал №4 ауылдың биі Нұрбек Қармысовтың үстінен №5 ауылдың екі адамы уезд бастығының атына жазбаша арыз түсірген. Нұрбек Қармысовтың (Құжатта Қарамысов деп жазылған – ред.) жүріс-тұрысын жақсы білетін жақын адамдары өз арыздарында оның 1895-1896 жылдары мал ұрлығына қатысты болғандығын, сол үшін сот арқылы жазаланып, үш ай Жаркент түрмесінде отырып шыққандығын көрсеткен. Уезд бастығына сондай сотты болған адамның ауыл биі болып отырғаны лайықсыз, сондықтан да оған қарсы екендіктерін, реті келсе басқа адаммен ауыстыруын сұраған. Қолына тиген айыптау арызға сүйенген уезд бастығы істің байыбына бармай Қармысов Нұрбекті 1913 жылдың 10 тамызында (22-бет) ауыл биі қызметінен бұйрық беріп босатып жіберген. Орнына алдыңғы сайлауда оның үміткері ретінде тіркелген Иманалы Танекеевті ауыл биі етіп бекіткен.
Қазақ ауылында жүріп жатқан кез-келген әңгіме ұзынқұлақ арқылы тез тарайтыны белгілі. Ауыл үйді ғана емес, бүкіл болыстықты дүрліктірген бұл іс мұнымен тоқтап қалмаған. Ескіше хат білетін сауатты, көзі ашық Нұрбек Қармысов атқарып отырған қызметінен түскенімен бекерге қарап жүрмей, уезд бастығы Ступнинге өз ісі жөнінде жазбаша түсініктеме жолдаған. Нұрбек жазбасында бұдан бұрынғы, яғни 1895 жылдардағы мал ұрлығына байланысты бар жағдайды ашық айтып, қандай жағдай екендігін көрсетіп берген. Сөзге келіп қалып ерегескен қарсыластарының өзінің үстінен жазған арызындағы жағдайға байланысты сотта ісі қаралғандығын мойындайды. Сот үкімімен жаза кесіліп, Жаркент түрмесінде 3 ай қамауда отырып жазасын толық өтеп шыққанын растайды. Н.Қармысов өз құқығын қалпына келтіру жөнінде ізденгендігін, сөйтіп 1908 жылы Жетісу облысы әскери губернаторынан бастап патша ағзамға дейін өтініш хат жазғанын айтады. Патша кеңсесінен келіп түскен хаттың мазмұнымен танысқаннан кейін Қармысов Нұрбектің негізсіз жалаға ұшырап түрмеде отырған себебін ескерген губернатор 1909 жылдың наурыз айында оның өтінішін қанағаттандырып, ісін қысқартып, жазадан босатқан. Сатай елінің болысы Мұқа (Мұхаметжан) Әжібеков те Нұрбек Қармысовқа араша түсіп, бұдан көп жыл бұрынғы мал ұрлығына қатысты ісі баяғыда қысқарған, азаматтық құқығы қайта қалпына келтірілген деп уезд бастығына қолхат жазып тапсырған.
Шын мәнінде отаршылдардың үстемдігі бодан елді тітіретіп тұрған кездің өзінде патшалықтың кеңсесіне дейін жеткен өтінішке үлкен шенеуніктердің өзі оң жауап беріп, кешірім хат жолдауы Нұрбектің тарапынан білімділікті, қажырлылықты талап ететін жағдаят еді. Қарапайым қазақ азаматының билікте отырған шенеунікпен сол кездердің өзінде құқығы үшін текетіреске түсіп, «бәрі бітті» деп тоқтап қалмай тартысуы ауыз толтырып айтарлықтай жетістік еді. Нұрбек Қармысовқа қатысты патша мекемесі тарапынан істі қысқарту туралы жіберілген мұндай шешімнің бар екендігін уезд бастығының іс жүргізушісі де (17-бет) растаған. Біршама уақытқа созылған ауыл биінің өз абыройын жат жерліктерден жасқанбай қорғап әрекет етуіне өзінің қоршаған ортасы да тілектес болып ат салысқан. Н.Қармысовтың өз құқығын әрі ел ішінде беделін сақтау үшін келімсектер басқарған мекемедегі төрелермен жасаған тартысы көп жағдайды аңғартады. Бұл дауға айналған істен қазақ азаматтарының қоғамдағы жүріп жатқан өзгерістерді бағдарлай отырып еңсе тіктегенін, еркіндік рухының ояна бастағаны деп білуге болады.
Мұрағаттағы құжаттарға үңіле отырып 20 ғасырдың басында жоғарыдағы өткен оқиғадай өз құқығы үшін патша шенеуніктерінің айбарынан ықпай абырой-беделін сақтауға шыққан талай азаматтардың болғанын байқаймыз. Іргелі елге айналған, көп шаңырақты Байтүгей болыстығын екіге бөлу туралы мәселе біраз жылға созылған. Сол күндердегі жауабы табылмайтын көптеген сұрақтарды тудыратын, ел ішінде қайта-қайта көтеріліп, талас-тартысқа мұрындық болып дауға әкеліп соқтыратын мәселенің ең маңыздысы жер меншігі еді. Жаулаушы биліктің шұрайлы жерлерді тартып алып, тұрғылықты елге қысастық көрсетіп отырғанына қарсы шығуға дәрмені жетпеген ел-жұрт осындай дау-дамайды әдейілеп те қозғайтын кездері болған. Бұл да келімсектерге қарсы жүргізілген, әзірше тарихшылар қозғамаған жасырын күрестің бірі еді.
Нұрбек Қармысов – өз заманында ескіше оқыған, көзі ашық, діни сауаты терең, елге сыйлы тұлғалардың бірі болған. Ол тек білімділігімен ғана емес, парасат-пайымымен, имандылығымен және ерекше қасиеттерімен де халық жадында сақталған. Ел ішінде Нұрбек Қармыс баласын діннің білгірі, айтқан дұғасы қабыл болатын, қасиеті бар әулие кісі ретінде құрметтеп, жоғары бағалаған.
«Нұрбек ата жайлы ел ішінде сақталған әңгімелер мен аңыздар оның тек білімді адам ғана емес, ерекше қасиет иесі болғанын айғақтайды. Қармыстың Нұрбек, Нұрғазы, Жанғазы деген 3 баласы болған. Нұрбек атамыз Бұхарадан оқыған екен. Діннің оқуын. Ал туысы Мұқа да сол жақта әскери оқу оқыған деп айтатын аталарымыз. Нұрбек атамыз дұғамен адамды да, төрт түлік малды да емдеп жазатын, кітаптары көп болатын деп айтылады. Кітаптары кейіннен Қытайда қалып қойыпты.
Ел ісіне араласып жүрген Мұқа мен Нұрбек өткен ғасырдың басында ақтар жағында соғысып, атаман Дутовпен бірге Қытай асып кеткен дейді. Кейіннен Сәбет Мұқаны кері алдырып, осы жақта атып өлтірген. Оның тарихын өздеріңіз де жақсы білетін шығарсыздар. Ал Нұрбек атамыз сол Қытай бетінде қалып, өз ажалымен қайтыс болған екен.
Нұрбек бидің өз кіндігінен өрбіген Сайдахмет, Сәдуақас, Зұлқарбек, Шаяхмет есімді ұлдарынан тараған ұрпақтары қазір ортамызда аман-есен жүр. Өскен, өнген әулет.
Нұрбектің үлкен інісі Нұрғазы нағыз қара күштің иесі, атақты балуан болған адам екен. 53 жасында ерте қайтыс болған. Оның Жанәбіл, Жағыпар, Сұлтанғазы, Әттәл деген ұлдарынан тараған ұрпақтар да рулы елге айналды.
Ал Нұрбек бидің кенже інісі Жанғазыдан – Жұмәділ, Қасымхан, Мүттәл атты үш ұл тараған. Жұрт Жанғазыны «Бақалды Жанғазы» деп атаған екен. Қытай мен Сәбет ортасында сауда жасап, шекараны ары-бері бұзып өтіп кете беретін кісі болыпты. Арасында қолға түсіп қалған кездері де кездесіпті.
Жалпы Қармыс атамыздың үш баласынан тараған ұрпақтар бүгінде 50 шаңырақтан асып, қазіргі таңда Жетісу өңірінде, соның ішінде Сарыбел ауылында, Жаркент пен Талдықорған, Алматы маңында өмір сүріп, тәуелсіз еліміздің өсіп-өркендеу жолында еңбек етіп келеді.
Ал енді Нұрбек атамыз туралы үлкендерден көп естідік. Жергілікті жұрт атамызды діннің білгірі, оқыған дұғасы қабыл болатын, халыққа шапағаты тиетін жан ретінде қадірлеген. Сондықтан да ел ішінде қандай да бір маңызды іс басталар алдында, әсіресе жазғы жайлауға көшер кезде, жұрт Нұрбек атаға арнайы барып, бата-дұға жасатуды дәстүрге айналдырған.
Ақсақалдардың айтуы бойынша, Нұрбек ата жайлауға шығар алдында арнайы дұға оқып, жыландардың аузын буып тастайды екен. Соның нәтижесінде жаз бойы ел ішінде де, мал арасында да жылан шаққан оқиға кездеспейді екен. Бұл дерек оның халық санасында киелі, тылсым күшке ие тұлға ретінде орныққанын көрсетеді.
Әрине, мұндай әңгімелерді халықтың дүниетанымымен, табиғатпен етене өмір сүрген тұрмысымен байланыстыра қарастырған жөн. Дегенмен, Нұрбек атаның ел арасындағы беделі мен абыройы оның рухани көшбасшы, кемел адам болғанын аңғартады», – дейді Дәнеш Рақышев атындағы Жетісу облыстық филармониясының әншісі, ұстаз, ҚР Мәдениет қайраткері, Дәнеш Рақышевтың төл шәкірті Қармысов Абылайхан Жұмәділұлы.
Бүгінгі күні осындай тарихи тұлғалар туралы деректерді жинақтап, зерттеу – ұлт руханиятын байытудың маңызды бір бөлігі. Себебі ел жадында сақталған әрбір аңыз бен әңгіме – өткеннің өнегесін бүгінмен жалғап тұрған алтын көпір.
Нұрбек би туралы айтылатын әңгімелер де сол құндылықтардың бірі. Өйткені ол – халықтың сенімі мен құрметіне бөленген, рухани биік тұлға ретінде ел тарихында өз орнын айқындап кеткен жан.
Молот СОЛТАНАЕВ










