Қазақ халқының тұрмыс-тіршілігінде, әдет-ғұрпында ерекше орын алатын мереке – Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мейрамы. Шын мәнінде бұл қазақ халқының арғы бабалары – көшпенді тайпалар ішінде тойланып, Ұлыстың ұлы күні деп аталғаны ешқашан талас тудырмайды, кейінірек отырықшы елдердің дәл осындай мейрамы – Наурызбен қосылып Ұлыстың ұлы күні – Наурыз деп аталып жүр.
Наурыз қазақ халқымен қатар бауырлас Шығыс халықтарының отқа, күнге, айға, суға табынған кездерінде пайда болған, яғни күн мен түннің теңелуінен шыққан маусымдық мейрамы. Наурыздың қазақ қоғамындағы рөлі кез-келген астан, тойдан, басқа да шаралардан жоғары болған. Белгісіз автордың жазуы бойынша: «…Қайда атақты бай болса, Наурыздаманы сол байға қалдырған екен. Үйсін Төле билердің заманында Наурыздаманы қадір-құны астан, тойдан ілгері болады екен…» — деп көрсетсе, Абай «Біраз сөз қазақтың қайдан шыққаны туралы» деген жазбасында Наурыз туралы «Ол күнде Наурыз бір жазғытұрым мейрамы болып, наурыздама қыламыз деп, тамаша қылады екен. Сол күнін «ұлыстың ұлы күні» дейді екен» деп жазады.
«Наурыз» және «Ұлыс» сөздерінің айырмашылығы туралы Шәкәрім Құдайбердіұлы өзінің Наурыз туралы жазбасында «Наурыз – парсы тілі: Жаңа күн деген сөз. Мұны қазақтар Бұқар, Тәшкенттік қожалардан үйренген. Ескі қазақ, яғни ескі түрік тілінде Жаңа жылдың аты – Ұлыс. Жыл басының Ұлыс деп аталуының тағы бір дәлелі:
«Ұлыс күні қазан толса,
Ол жылы ақ мол болар.
Ұлы кісіден бата алса,
Сонда олжалы болар», – деген ескі өлең жолдарынан көруге болады. Дегенменде халық санасына сіңісіп кеткен екі сөздің де қатар жүруін өз ойымша дұрыс деп санаймын.
Ұлыс күні сәлемдесуге байланысты дәстүр қалыптасқан. Ер адамдар қос қолдасып, төс соғыстырса, әйелдер құшақтасып, ер мен әйел құшақ айқастырады. Қос қолдап амандасып, төс соғыстыру өмір тірегім – төсім, тіршілік көзім – екі қолым аман сау болсын дегенді білдіреді.
Ұлыс күні кәрі-жас,
Құшақтасып көріскен.
Жаңа ағытқан қозыдай,
Жамырасып өрістен, – деген өлең жолдарынан Наурыз мерекесінің көрісу күнінен бастау алатындығын көруге болады.
Наурыздың бір мәні – теңдік күні ұлылық пен кішілік жасалатын, бай мен жарлы жарасып, хан қарашаның хәлін ұғып, қараша ханның төріне шығатын ерекше күнді «Жаркент мешіті» сәулет-көркемөнер музейінің ұжымы да атап өту, жас ұрпаққа халық мұрасын насихаттау мақсатында, қазақ халқының қолданбалы өнер түрлерінен құралған көрме ұйымдастырды. Көрмені музейдің «Алтын баспалдақ» бөлімінен тамашалай аласыздар.
Көркем РАХИМГАЛИЕВА