Ашықтық пен әділдік – қазіргі күннің ең басты талабы. Осы бағытта мемлекеттік органдар жұмысының жүйелі, нәтижелі болуы үшін қоғамдық кеңестердің маңызын арттыруға баса мән беріліп жатыр. Ал Мемлекет пен халық арасындағы байланыс көпір болып қазіргі таңда біздің өңірде де қоғамдық кеңес өз жұмысын жалғастырып келеді.
2015 жылғы 2 қарашада Қазақстан Республикасының «Қоғамдық кеңестер туралы» Заңы қабылданып, 2016 жылдан бастап республика бойынша мемлекеттік шешімдерді қабылдауға азаматтық қоғам өкілдерін қатыстыру мақсатында түрлі деңгейдегі қоғамдық кеңестер құрыла бастады. Ал барлық өңірді қамтыған қоғамдық кеңестер 2016 жылдың 1 қаңтарынан бастап жұмыс істей бастады. Бұрын ел арасындағы түрлі түйіткілді мәселелер мен дау-дамайларды аузы дуалы ақсақалдар бір ауыз сөзбен шешсе, қазір сол ақсақалдармен қатар қоғамдық кеңес мүшелері де өз септігін тигізіп отыр десек артық айтпағандық болар. Көпшіліктің көкейіндегі мәселені қозғап, елдің мүддесін қорғап, халықтың мұң-мұқтажын құзырлы орындарға жеткізуде қоғамдық кеңестің рөлі орасан зор.
Қазіргі таңда біздің қоғамдық кеңесте бюджет, құрылыс, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес, заңдылықты сақтау мәселелері бойынша комиссия құрамы құрылып, төрағасы болып Жақыпбай Ақшалов және аграрлық сала, орта, шағын бизнесті қолдау, жер қатынастары, ветеринария, табиғатты пайдалану және экология мәселелері бойынша комиссия құрылып, төрайымы Ризван Сакиева және әлеуметтік саланы дамыту, еңбекпен қамту, білім, денсаулық сақтау, тіл, спорт, мәдениет, жастар саясаты, этнос және дін аралық қатынастар мәселелері бойынша комиссиясының төрағасы болып Мұратбек Әжібеков сайланды.
2022 жылдың наурыз айында тағайындалған қоғамдық кеңестің төрағасы мен комиссия мүшелері халықтың мәселелерін шешуде және мүддесін қорғауда айтарлықтай жұмыс атқаруда. Осы жылы жаңадан құрылған комиссия мүшелерімен бүгінгі күнге дейін бірнеше отырыстар өткізілді.
Қоғамдық кеңестің жылдық жоспарына байланысты, жоспарланған мекемелерден атқарылып жатқан жұмыстары және халыққа көрсетіліп жатқан мемлекеттік қызметтері туралы анықтама алынып, комиссия мүшелері өз бағыттары бойынша тексеріс жұмыстарын жүргізіп, мекемеде атқарылып жатқан жұмыстың кем-кетігін түзеп, ұсыныс-пікірлерін білдіріп, қажет болған жағдайда құзырлы органдарға жолдайды.
Атап айтар болсақ, осы жылдың мамыр айында Панфилов ауданының экономика және қаржы бөлімі 2022 жылға арналған аудандық бюджетіне өзгерістер енгізу туралы ұсынылған шешім жобасы қоғамдық кеңес отырысында талқыланып, ескертулерсіз жобаны ұсынылған редакцияда қабылдау ұсынылды.
«Алматы облысының денсаулық сақтау басқармасы» мемлекеттік мекемесінің шаруашылық жүргізу құқығындағы «Панфилов ауданаралық көпсалалы ауруханасы» коммуналдық мемлекеттік кәсіпорнының аудан халқына қызмет көрсету бойынша есебі, Панфилов ауданының ішкі саясат, мәдениет, тілдерді дамыту және спорт бөлімінің «Мемлекеттік көрсетілетін қызметтердің сапасы және біздің ауданның саяси-әлеуметтік жағдайы туралы», Үшарал ауылдық округі және Сарыбел ауылдық округі әкімдерінің «Бюджеттік бағдарламалардың және әлеуметтік-экономикалық даму жоспарының орындалуы, мемлекеттік қызметкерлердің сапасы туралы есептері тыңдалып, талқыланды.
Қоғамдық кеңестердің тиімді жұмысының нәтижесінде халықтың билікке деген сенімі арта түсті. Ал қоғамның үні мен оның ішіндегі халық өкілдерінің тиімді ұсыныстары билікке жетуде. Екі тарапқа да тиімді жол. Қоғамдық кеңес дегеніміз қоғамның сенімі, билік пен халық арасындағы байланыстырушы диалогтық алаңы мен көпірі болып өз жұмыстарын жалғастыруда
Азат ЖАҚЫБАЙ,
Аудандық қоғамдық
кеңестің төрағасы.