Бүгін Конституция жобасы бойынша өтетін республикалық референдум аясында Панфилов ауданындағы барлық дауыс беру учаскелері өз жұмысын бастады. Аудан бойынша барлығы 79 дауыс беру учаскесі таңғы сағат 07:00-де есігін айқара ашып, тұрғындарды қабылдауға кірісті.
Дауыс беру күні дәстүр бойынша Қазақстан Республикасының Мемлекеттік әнұранымен басталды. Учаскелік комиссия мүшелері ел болашағына қатысты маңызды саяси науқанның жоғары деңгейде өтуін қамтамасыз ету үшін алдын ала дайындық жұмыстарын жүргізген.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, дауыс беру тек саяси шара ғана емес, сонымен қатар тұрғындардың белсенділігін арттыратын маңызды қоғамдық оқиға ретінде қарастырылып отыр. Осыған орай бірқатар учаскелерде мерекелік көңіл күй қалыптастыру мақсатында концерттік бағдарламалар, шағын мәдени іс-шаралар және түрлі сыйлықтар тарату жоспарланған.

Аудан бойынша 84 410 азаматтың дауыс беру құқығы бар. Бүгін сол тұрғындар өз таңдауларын жасап, елдің конституциялық дамуына қатысты маңызды шешім қабылдауға қатыса алады. Учаскелерде дауыс берушілердің еркін әрі заң талаптарына сәйкес таңдау жасауына барлық жағдай жасалған.
Дауыс беру учаскелері кешкі уақытқа дейін жұмыс істеп, әрбір азаматқа өз конституциялық құқығын жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Мамандардың айтуынша, мұндай саяси науқандар халықтың қоғамдық белсенділігін арттырып, ел өміріндегі маңызды мәселелерге азаматтардың тікелей қатысуына жол ашады.
Панфилов ауданында өтіп жатқан референдумға байланысты барлық ұйымдастыру шаралары заң талаптарына сай жүргізіліп, дауыс беру процесінің ашық әрі әділ өтуіне ерекше назар аударылуда.










