Бүгін 18 жасқа толған Сұлтанғазы Назерке Жақсылыққызы алғаш рет сайлауға қатысып, өз азаматтық таңдауын жасады.
Жас сайлаушы үшін бұл күн ерекше әрі есте қаларлық сәтке айналды. Ол алғаш рет дауыс беру үлкен жауапкершілік екенін атап өтіп, елдің болашағына қатысты өз таңдауын жасағанына қуанышты екенін жеткізді.
«Алғаш рет дауыс беру мен үшін өте қызықты әрі жауапты сәт болды. Өз таңдауымды жасап, еліміздің болашағына өз үлесімді қосқаныма қуаныштымын», – деді Назерке Сұлтанғазы.
Оның пікірінше, әрбір жас елдің қоғамдық өміріне белсенді араласып, өз азаматтық ұстанымын білдіруі маңызды.
«Жастар – еліміздің болашағы. Сондықтан әрбір жас өз елінің болашағына бейжай қарамай, сайлауға қатысып, өз таңдауын жасауы керек», – деп атап өтті жас сайлаушы.
Назерке Сұлтанғазы бүгінгі күннің оның есінде ерекше күн болып қалатынын айтты. Ол елімізге амандық, халқымызға тыныштық, ал жастарға жаңа мүмкіндіктер тілеп, Қазақстанның одан әрі дами беруіне тілектестігін білдірді.










