Құрылтай депутаттарының сайлауы – қоғамды өркениетті дамуға жұмылдыратын, халқымыздың бірлігі мен ынтымағын, азаматтарымыз бен қоғамның өз ара жауапкершілігін нығайтатын һәм мемлекетттің дамуын жаңа сапалық деңгейге көтеретін аса маңызды тарихи институт болып табылады. Әлемдегі жалпыадамзаттық құндылықтар өзгеріске түсіп, ғылым, технология мен жасанды интеллект қарқынды дамуына байланысты қазақстандық қоғамның саяси, рухани, мәдени, әлеуметтік сұраныстары жедел түрде өзгеруде.
Азаматтардың мемлекеттік шешімдер қабылдауға қатысуға, мемлекеттік билік инстиуттарының тиімділігін арттыруға, олардың ашықтығын қамтамасыз етуге деген талаптарының күшеюіне байланысты икемді, тиімді бір палаталы Парламент-Құрылтай институты құрылғаны заңдылық. Сонымен бірге, халық пен билік арасындағы сенімді нығайтуға да осы институт тиімді қызмет етуі тиіс. Құрылтай институты тарихи мұраның заманауи өкілді органы ретінде жедел түрде сапалы заң шығару үдерісінің тиімділігін еселеп арттыратын болады.
Құрылтай халық өкілдігінің жаңа заманға сай өркениетті үлгісі ретінде Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бастамашыл болған ауқымды өміршең реформалардың табысты жүзеге асырылуына игі ықпал ететініне сенімім зор.
Бүгінгі күні Жаркент қаласындағы №324 сайлау учаскесінде Қазақстан Республикасы Құрылтайының депутаттарын сайлауға дауыс беруге сайлау учаскесі ашылмастан келушілердің қарасы көп болуы қала тұрғындарының саяси белсенділігінің жоғары екендігін көрсетті. Таңғы 7.00-де сайлау учаскесісінің есігі айқара ашылысымен келген сайлаушыларды сайлау учаскесінің төрайымы Бақытгүл Тұрлыбекова бастаған сайлау комиссиясының мүшелері үлкен құрметпен қарсы алған соң Қазақстан Республикасының мемлекеттік Әнұраны салтанатты жағдайда орындалды. Алғаш болып дауыс берген белсенді зейнеткер сайлаушылар Қарлығаш Жайлаубаева мен Адылжан Розиевке сайлау учаскесінің төрайымы естелік сыйлықтарын табыстады.
Тұрғындарының ынтымағы мен бірлігі ырысын тасытқан жазиралы Жаркент өлкесінің саяси-әкімшілік, рухани һәм мәдени орталығы-Жаркент қаласында орналасқан ән мен күй сазы жанды жадыратқан сайлау учаскелеріне дауыс беруге ағылған қарақұрым сайлаушылардың қарасын көріп, аудандағы дауыс беруге құқығы бар тұрғындардың саяси, азаматтық белсенділігінің жоғары екеніне көзіміз жетті.
Жаңа Конституция бойынша ел болашағын айқындайтын Құрылтай институтының тиімді жұмысын қамтамасыз ететін депутаттарға халықтың сенімі нық деуге болады. Ал сайлаушыларының сенімінің үдесінен шығу-Құрылтай депутаттарының қасиетті азаматтық борышы һәм бұлжымас Конституциялық міндеті!
Бекмұхамет СӘЛІМҰЛЫ,
«Қазақстанның Заңгерлер және
Журналистер одақтарының мүшесі»,
Жаркент қаласы










