Қоғамның орнықты дамуы тек экономикалық өсіммен ғана емес, халықтың денсаулығы мен өмір сапасының жоғары болуымен де өлшенеді. Осы тұрғыдан алғанда Біріккен Ұлттар Ұйымы айқындаған Тұрақты даму мақсаттарының ішінде үшінші мақсат – «Салауатты өмір салтын қамтамасыз ету және барлық жастағы адамдардың әл-ауқатын арттыру» ерекше маңызға ие. Бұл бағыт тек медицина саласының емес, білім беру жүйесінің де басты назарында болуы тиіс. Себебі болашақ ұрпақтың денсаулығы мен саналы өмір салты бүгінгі студенттердің тәрбиесімен тығыз байланысты.
Осы міндетті жүзеге асыруда әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің рөлі айрықша. Университет білім беру мен ғылымды ұштастыра отырып, студенттердің жан-жақты дамуына, олардың физикалық және психологиялық әл-ауқатының нығаюына жағдай жасап келеді. Бұл тек білім беру сапасымен шектелмей, салауатты өмір салтын қалыптастыруға бағытталған жүйелі жұмыстар арқылы көрініс табуда.
Университет қабырғасында студенттердің денсаулығын сақтау мен нығайтуға арналған кешенді шаралар жүзеге асырылуда. Спорттық инфрақұрылымның дамуы, түрлі секциялар мен клубтардың жұмыс істеуі жастарды белсенді өмір салтына баулиды. Студенттер тек оқу процесімен шектелмей, дене шынықтыру, спорттық жарыстар, марафондар арқылы өз денсаулығына жауапкершілікпен қарауды үйренеді. Мұндай бастамалар олардың физикалық дайындығын ғана емес, ерік-жігерін де шыңдайды.Сонымен қатар университетте психологиялық қолдау жүйесі де жолға қойылған. Қазіргі заманда жастардың психологиялық тұрақтылығы мен эмоционалдық саулығы ерекше назарды қажет етеді. Осы бағытта арнайы орталықтар мен мамандар студенттерге кеңес беріп, олардың күйзеліс жағдайларын еңсеруіне көмектеседі
ҚазҰУ-дағы ТДМ 3 жүзеге асуы тек дене және психологиялық денсаулықпен шектелмейді. Университетте зиянды әдеттердің алдын алу, салауатты өмір салтын насихаттау бағытында да тұрақты жұмыстар жүргізіледі. Әртүрлі дәрістер, кездесулер, пікірталастар арқылы студенттерге дұрыс тамақтану, зиянды әдеттерден бас тарту, қауіпсіз өмір салтын ұстану туралы ақпараттар беріледі. Ғылыми зерттеулер де бұл бағытта маңызды орын алады. Университет ғалымдары қоғамдық денсаулық сақтау, экология, медицина, биология салаларында зерттеулер жүргізіп, халықтың өмір сапасын арттыруға бағытталған ғылыми жаңалықтар ұсынады. Білім беру мазмұны да ТДМ қағидаттарына сәйкес жетілдірілуде. Студенттер тек кәсіби білім алып қана қоймай, денсаулыққа жауапкершілікпен қарау мәдениетін меңгереді. Әртүрлі пәндер мен оқу бағдарламалары арқылы олар салауатты өмір салтының маңызын түсініп, оны күнделікті өмірде қолдануға дағдыланады.Университеттің әлеуметтік жауапкершілігі де осы бағытпен сабақтас. Қоғаммен байланыс орнату арқылы түрлі ағартушылық іс-шаралар ұйымдастырылып, халық арасында денсаулық мәдениетін қалыптастыруға үлес қосылады. Студенттер волонтерлік жобаларға қатысып, өз білімдерін қоғам игілігіне бағыттайды.
Университетте білім кеңістігінде ТДМ 3 жүзеге асуы кешенді әрі жүйелі сипатқа ие. Бұл бағыттағы жұмыстар тек бір реттік шаралармен шектелмей, университеттің стратегиялық дамуының маңызды бөлігіне айналған.Дәл осы аталған тәсіл студенттердің денсаулығын сақтауға ғана емес, олардың өмірге деген көзқарасын қалыптастыруға ықпал етеді. Салауатты қоғам қалыптастыру – әрбір білім ордасының маңызды міндеті. Осы тұрғыдан алғанда ҚазҰУ ТДМ 3 қағидаттарын жүзеге асыру арқылы тек білім беріп қана қоймай, дені сау, саналы, жауапкершілігі жоғары тұлғаларды тәрбиелеуге үлес қосып келеді.Осы бағыттағы жұмыстардың нәтижесі болашақта қоғамның әл-ауқаты мен тұрақты дамуына оң әсерін тигізетіні сөзсіз.
Усеинова К.Р,
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Заң факультетінің
мемлекет және құқық теориясы мен тарихы,
конституциялық және әкімшілік құқық
кафедрасының меңгерушісі, з.ғ.к.
Жусупова Аида,
Заң факультетінің 1 курс магистранты










