Сонымен, ауылымыздан (Лесновка) шыға салып кер жолмен жота үстіне шыққан соң, кілт солтүстікке бұрылып тауға қарай тура тарттық. Таныстыруды бастадым: «Ата, мына балаңыздың аты – Дархан. Жазушы, журналист, Алматыдан келіп отыр. Негізі осы Нағарашыда туып-өскен. Елі – Солтанғұл. Ал қасындағы Ұлан деген жігіт, Керімағаш-Арасанда мұғалім. Өзі Үлкен Шыған ауылынан, елі қошқар», – дедім. Атамыз артына бұрылып, «Онда менің балдызым екен ғой, – деп жылы жымиды. – Бүгінге баратын жерлерің қандай? Қайда бастап апарайын?», – деді. Мен, «Ата, анау есіңізде болар, қариялар бұрын айтатын, ХХ ғасырдың бас кезіндегі аласапыранда Бұрханда отырып жергілікті қазақтарға күн көрсетпеген орыс келімсектерін біздің аталарымыз атқа қонып, бір түнде қырып жіберген екен ғой. Енді мүмкін болса сол жердің орнын, одан әрі Сарытаудағы Сақ обаларын суретке түсірсек», – деп едім қария басын изеп «келістік» ишарасын білдірді. Ал, көлік тізгініндегі өзі бала күнінен білетін Нұрахмет атаның немересі Рауанға қарап Бабелян каналынан өте қалған жердегі жолайырыққа келгенде «турасынан тарт» деді де, қысқа қайырым таныстықтан кейін-ақ, атамыз Суан баба ұрпақтары Бәйтүгей мен Тоғарыстанның қоныс бөлуі жайындағы әңгімесін бастап кетті.
«…Бәйтүгей ұрпақтарының өсіп-өнгені сонша шығыстағы Қорғас пен Тышқан өзені арасына сыймай, жер дауы белең алған. Жаз жайлау, қыс қыстаулық қонысқа таласқан ағайын арасында туындаған үлкен дау қалың жұртты тығырыққа тірейді. Содан, ру ақсақалдары жиылып «орыс оязға жүгінеді» яғни, уезд бастығына. Ол біраз уақыт сұрап «Қорғас пен Алтынемел арасын аралап шығып, ендігі орталық Үсек өзені болсын!» деп шешім шығарады. Содан бергі кезеңдерден бастап Үсектен батысқа қарай Тоғарыстан, ал, шығысқа қарай Бәйтүгей ұрпақтары қоныстанған екен, тағы бір айтатын нәрсе, Ақша Қожбанбет би бұл оқиғадан бұрын жерленген Талдыкесікке», – деп әңгімесін аяқтады. Демек, Патшалық Ресей кезіндегі шамамен ХІХ ғасырдың соңы — ХХ ғасырың басы болды ғой және де Суанның Бәйтүгей атасының бұрынғы жері Тышқан өзенінен арғы аралықта болған екен ғой деп, өзімше ой түйіп қойдым. Ендігі жүйіткіген жеңіл көлік қойсын ба, көзді ашып-жұмғанша Талдыкесіктегі бейітке де жетіп келдік. Тоқтаған көліктен түскен біздерге атамыз «жүріңдер балалар, ата – бабамыздың басына тәу етіп, құран оқып шығайық» деп алға түсті. Жалпы аруақтарға бағыштап құран оқыған соң, күмбезі алтындай жарқыраған, қызғылт кірпіштен әсемделіп өрілген исі Суанның дара биі Қожбанбет бабаның басына келіп тоқтадық. Тізе бүгіп тағы құран бағышталды, суретке түстік. Кері бұрылып қайтуға бет алғанда Тұрғанбек қария шығыс жағымызда тұрған шикі кірпіштен қаланған, бірақ төбесі ішіне құлаған еңселі бейітті көрсетіп, бізді таң қалдырған әңгімесін бастады:
…Есімін ұмытып тұрмын, бұнда Суанның Молақ руының бір жақсысы жерленген, кейін туған-туыстары осы кесенені тұрғызғанда, солардың бірі мақтанып, «Қожбанбет бабанікінен де биік, әдемі болды» дегенінде, ішінде бір жөн білетін ағасы, «…қап неге өйтіп астамшылық айтасың, Қожбанбет баба әулие кісі еді, тартып алып жүрмесін» депті өкініп. Содан бұлар жиналып, жаңа салынған кесенеден 10-15 қадам аттамай жатып-ақ, кесененің күмбезі ортасына құлап түсіпті. Сонда жаңағы ағасы «Айттым ғой сендерге, аруақтарға астам сөйлемеңдер деп. Әне, тартып алды! Құдай сақтап әйтеуір бәріміз аманбыз. Енді бабаға кешірім рәсімін жасап, жөнімізге тарасайық», – деген екен. Міне, «осылай балалар» деп, атамыз машинаға отырып жатып, сөзін аяқтады.
Иә, біздің санамыздан тыс, біз біле де, түсіне де алмайтын тылсым күштің бар екенін мойындамасқа шара жоқ. Ой – санамызды таңданыс билегені сонша бәрімізде үн жоқ, құпиясын қойнына бүккен кесенелерге ойша «ойпырмай, сенейік пе, сенбейік бе» дегендей, сұраулы жүзбен тағы бір қарап алып, шығыс тараптағы Дамбыкесікке апаратын жолға түстік. Көпірден өте салып, Бұрхан каналын жағалап тауға қарай зулатып келеміз. Құрашының жазығын көктей тіліп, Шолақтұмсық асып, Боқтыбұлақтың сайын басып өтіп, Молақмешітке ат басын тіредік. Атамыз, жолдың шығыс жағындағы төбешікті нұсқап Рауанға «осы жерге тоқта!» деп ишарат жасады. Бәріміз көліктен түсіп, төбешікке көтерілдік, аяғымыздың астында ат шаптырым сай. Қария сай табанындағы теп-тегіс егістіктегі көлденең арықтың сұлбасы бар жерді нұсқап, «әне, анау жер 1930 жылдарға дейінгі Молақ руының үлкен мешітінің орны, одан сәл өрге тұрған шөбі мен топырағы қарақошқыл тартып өзгешеленген жерді көрсетіп, ол жер түгелімен зират болған» деді. Құдайсыздар билік еткен Кеңес өкіметі заманындағы солақай саясаттың пәрменімен сол бір ұлтарақтай жер телімінен басқа аумақтың бәрі, мешіттің орны да трактор табанында тегістеліп, егістікке айналған екен. Өкінішті-ақ…
Одан әрі Оңғарбай қорғаны деген жерді артқа тастап, Бұрхан аумағына қарасты, бұрынғы аталарымыздан бала күнімізде көп естіген, аты ғана ел жадында сақталған, өзі сол өткен ғасырдың 1967 – 1968 жылдары жермен — жексен болып қиратылып, халқы жан-жаққа таратылып, ендігі жұрнағы ғана қалған Жамбыл ауылына да келіп жеттік. Қиратылған үйлердің қарайып-қарайып орындары ғана тұр, анадайдан үйінді топырақты көзіміз шалды. Біздің емеурінді сезе қойған атамыз «ол жер мектептің орны» деді, мен фотоаппартымды алып түсіруге кеттім. Тұрғанбек ата, Дархан, Ұлан және Рауан төртеуі сәл жоғарыда тұрған малшының үйіне барып көліктен бірақ түсті. Кешеуілдетіп, жаяулап мен де жеттім, амандастым, мал бағып отырған ауылдағы өзіміздің Өмірхан ағамыз екен.
Амандық сұрасып, жүрген шаруамызды айтып жөн біліскен соң, көп аялдамай қоштасып, көлігімізге жайғастық. Одан әрі қираған ауыл жұртының жоғарғы жағындағы бұрынғы Кеңес заманында қой қырқу орны болған жердегі қаңырап тұрған қора қабырғаларының қасына келіп тоқтадық.
«Жүр, бала сенің сұрағаның шамамен осы жер болуы мүмкін. Дегенмен, тап осы жер деп кесіп айтып күнәһар болар шамам жоқ, бірақ оның себебі мынада: Сонау, 1975 – 1976 жылдары осы жерде қой қырқу науқаны кезінде осында жұмыс істеп жүрген бір жас қыз шошынып ауырып, аяқ астынан ел дүрліккен жайсыздау жағдай болып еді. Сонда көпшілік сол бір «қанды оқиғаны» естеріне алып, үрейленгені сонша содан бергі уақыттарда, білетіндердің бәрі әлі күнге дейін осы аумақты алыстан айналып өтеді… Атамыз қолымен нұсқап көрсетіп тұрған жаққа қараған біздердің бойымызды лезде белгісіз қорқыныш сезімі билеп, үдірейе қарап біраз тұрып қалдық. Сонан соң барып, өзімізге келген біздер фотоаппаратты алып суретке түсірдік. «Сұмдық-ай, осыншама қатігездікке қалай барды екен?» деген сұрағымызға, «ол келімсектердің де істемегені қалмаған ғой… Біздің аталарымыз ашынғаннан кейін сондай іске барды. Әйтпесе, үйге кірген жыланға да ақ құйып шығарып салатын қазақтың ұрпағымыз ғой» деген жауап алдық.
Бұл қазақ cол ХІХ ғасыр соңы мен ХХ ғасыр (1917 ж. дейін) басындағы Патшалық Ресейдің отарлау шаралары мезгілінде қаншама қасіретті басынан өткерді. Аталмыш кезеңде Қазақ жерінің жалпы көлемі 45 млн. десятина құнарлы, егістікке қолайлы жерлерінің бәрі күшпен тартылып алынып келімсек казактардың, орыстардың және басқа да еуропалық қоныс аударушылар мен мемлекеттің пайдасына өткен болатын. «Жұмақ мекен, шұрайлы қоныс» іздеген ішкі Ресей мен Сібірден ауып келген «кержақтар» өткен өмірін ұмытып, отаршыл биліктің қолындағы бишікке айналды. Пейіл берекесімен отырған қазақ жұртын шұрайлы жерінен, атақонысынан айырды. Ғасырлар бойы қалыптасқан жайылым жолдарында келімсектердің, орыс селоларының пайда болуының салдары – дәстүрлі қазақ шаруашылығын үлкен күйзеліске ұшыратты. Осынау ел басына күн туған дүрбелең заманда атажұрт үшін ажалға қарсы шапқан ел азаматтары мен келімсектердің арасында болған «Бұрхандағы қанды оқиға» орын алған еді. Сөйтіп, жел үрлеген жалындай өршіген жер дауы кезінде атақоныс үшін қаншама қазақ ажал құшты, кейбірі жан сауғалап шекара асты. Бұл үрдіс 1917 жылғы төңкерістен кейінгі билік ауысқан соң «қызылдар» қырғынына ұласты. Биылғы 2018 жылдың наурызында Алматы қаласында өткен Қазақстан Жазушылар Одағының ХV құрылтайына делегат болып барғанымда көптеген қазақтың атақты тұлғаларымен кездесіп сұхбаттасқан едім. Соның бірі ұлтымыздың абыз ақсақалы Мекемтас Мырзахметов ағамыздан: «Аға, осы біз, қазақтар осыншама қасіреттен қалай аман қалдық? Қалай ойлайсыз?» дегенімде, «Балам біз – руды, ру – бізді сақтап қалды ғой» деген аталы сөзі жадымда мәңгі сақталып қалды. Иә, қай жағынан алып қарасаң да ақиқат сөз. Тектің асылдығы мен қан тазалығы кез-келген ұлт үшін баға жетпес құндылық екен ғой. Соның бәрін елеп – екшеп, санаға қондырып, іс жүзінде өмірлік қолданысқа енгізіп, жеті атаға дейін қыз алыстырмай, қан тазалығын ұрпағына аманат еткен қайран біздің данышпан бабаларымыз-ай! Сіздерге мың тағзым!
Одан әрі жалғасын тапқан сапарымыз әп-сәтте біздерді Күрілдекке әкелді. Бұрхан каналының көпірі үстіне біраз аялдап, айналаға дүрбі салдық – Ақкүмбез, Қарамола, Мойынши және солтүстігіміздегі өркеш – өркеш болып жатқан Жетісу Алатауы жақты да шолып шықтық. Керемет көрініс, табиғаттың ғажайыбын сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Жолбасшымыздың нұсқауымен көлікке мініп көз көрім жердегі Құдайберді ұрпақтарын сонау, 1930 жылдарға дейін діни руханиятпен сусындатқан көне мешітінің орнына келіп тоқтадық. Сөз бастаған қариямыздың айтуы бойынша: сол кезеңде осы аумақты мекендеген Суан баба үрім – бұтақтары аталмыш «Құдайберді мешітінде» жұма намазын оқыпты, имамы Мәтрисса, мәзімі Әбіштің әкесі Қали деген кісі болыпты (кейінгі ұрпақтары Нағарашы ауылында тұрады). Мешіт орнынан сәл төменіректегі төбені нұсқап, «Қали мәзім осы төбеде азан шақыратын» деді. Фотоаппарат пен ұялы телефондарымыз кезекпен сартылдап өз жұмысын атқарып жатты. Сұрақтар қойылып, түрлі пікірлер айтылды, іс бітті, кері бұрылып көлікке бет түзедік. Тап осы сәтте Тұрғанбек қария оқыс қимыл жасап бізді таң қалдырды. Ойда дәнеңе жоқ келе жатқан біздерге бұрылып, «Әй, балалар! Атажұртыма бір аунап алайыншы» деген атамыз көкке шалқасынан жата қалып, жерге бір-екі аунап қайта тұрды. Бұндайды күтпеген біздің бәріміз де аңырып тұрып қалдық. Міне, әр қазақ үшін туған жерден артық қасиетті мекен жоқ! Демек, бұл сексеннің сеңгіріне шыққан ақжүрек қариямыздың атамекенге деген жүрек түкпіріндегі сағынышының сыртқа шығуы. Көңілімізді толқытып, жандүниемізді тебіренткен бір ұлы көрініс, қазақтың еңбектеген баласынан, еңкейген кәрісіне дейін қаннан – қанға беріліп келе жатқан ұлттық ерекшелігіміздің бірі. Атамыздың атамекенге деген құрметі, шексіз сүйіспеншілігі біз үшін баға жетпес тәрбие. Біздің арамыздан тез ес жиған Дархан атаға қарай бағыттап телефонның нүктесін бір – екі рет басып үлгерді.
Ұлан мен Рауан түскі астың қамына кірісті, сүт пісірім уақытта дастархан да дайын болды. Әсіресе, осыншама тау-тасты жеке көлігімен (Джип) бізді аралатып алып жүрген Рауан інімізге мың алғыс! Сөз арасында оның дүниетаным көкжиегінің кең және адамгершілігі мол, қазақы тәрбиені бойына сіңіріп өскен жан екендігінен хабардар болып отырдым. Және де тарих, аңшылық пен дін жайлы, т.б. тақырыптардағы әңгімемізге араласып өзіндік пікір мен көзқарасын нақты білдіріп отырды. Атамыз мұсылманның бес парызының бірі намазын оқуға кірісті.
Түскі асымызды ішіп алған соң, көлігімізге мініп солтүстігіміздегі Сарытауға бет түзедік. Өткендегі «Бұрханға сапар кезінде…» өзіміз түстенген құрдас Қанат Баясыловтың үйінің тұсындағы төбеге келіп тағы да аялдадық. Төменде сарқыраған Бұрхан өзені, тамағын бір кенеп алып атамыз әңгімесін бастады:
«Мынау Қанаттың үйінің жоғарғы жағындағы шамамен 20 – 30 метр жердегі там-тұм жұрнағы ғана қалған үйдің жұртын нұсқап, бұл Құдайбердінің Тәсібек атасынан тарайтын Несіпбек болыстың, ал, әнебір одан жоғарыдағы көне жұрт біздің атамыз Жүністің үйлерінің орны» деді. Содан, төменде қалған Жамбыл (Бұрхан) ауылы жаққа бір қарап алып қариямыз сөзін одан әрі жалғастырды: «жаңағы өздерің орнын суретке түсірген «Қанды оқиғаны» қызылдар осы Несіпбек болыстан көріп, ауылымен Қытайға өтіп бара жатқан жерінен болысты Ойжайлаудың асуында қуып жеткен қызылдардың «комотряды» жас-кәрі, бала-шаға демей бәрін қырып тастаған екен. Соның ішінен құдайдың құдіретімен қабырғасының етін жырып өткен оқтан Күнболат деген бала ғана жалғыз тірі қалған. Өзі арып-ашқан, киімі алба-жұлба еңіреп жылап келе жатқан Күнболатты таудан теке атып келе жатқан Сыдық атамыз көріп үрейленгені сонша «мынау не жын, не шайтан болар» деп атып тастауға мылтығын кезенгенде, «ой, ата мен Күнболатпын!» деп айғайлап жатып әрең аман қалыпты. Оның келген жағы анау» деп қария өзеннің шығыс беткейіндегі мал тұяғымен неше түрлі жол болып айғыздалған қарсы беттегі жотаны көрсетті.
«Кейін белгілі болғандай ойрандалған атақоныс пен қорланған ел-жұрттың көз жасына шыдамай, ашынғаннан сол бір қырғынды ұйымдастырған Сатайдан шыққан әйгілі Мұқа болыс екен», – деді атамыз атажұртына қарап ойланған қалпында. Иә, бодандықта ғұмыр кешкен ғасырларда сен көрмеген қасірет жоқ, қайран қазағым! Сол зұлмат аласапыраннан да аман шығып, жапырақ жайып, ұрпақ өрбітіп отырсың-ау! Жаратушының құдіретінде шек жоқ, оған дәлел қазір міне әлем мойындаған дербес қазақ елі, тәуелсіз мемлекетпіз.
Содан зуылдаған қалпы Сарытауға да жетіп, солтүстіктен оңтүстікке қарай созыла орналасқан, байырғы бабаларымыздың көзіндей болған көне заман ескерткіші «Үш обаға» (мен солай атадым) таяу барып тоқтадық. Біз бергі төмен жақтан барғандықтан, ең төменгісін «№1 оба» деп алдым.
- Биіктігі – 7 – 8 метр
- Төбесінің ені мен ұзындығы – 18 х 12
- Обаның етегінің ені мен ұзындығы – 42 х 36
Обаның етегінен 15 м аралықтан кейін аталмыш обаны айналдыра екі қатар тіктелген тастармен шеңбер болып тас бағандар (менгирлер) орнатылған, екі шеңбердің аралығы 2 м. Ішкі сопақша шеңбердің ені 55 м, ал, ұзындығы 57 м. Обаның төбесіне қалыңдығы 2 м болатын түрлі тастар үйілген.
Енді осы «№1 обадан» кейін солтүстікке қарай бір сызық бойымен 30 м қашықтықта одан көлемі жағынан кішірек «№2 оба» орналасыпты.
1.Биіктігі — 2 – 3 м
2.Төбесінің ені мен ұзындығы – 19 х 20
3.Обаның етегінің ені мен ұзындығы – 23 х 23
Обаның етегінен 3 м аралықтан кейін аталмыш обаны айналдыра екі қатар тіктелген тастармен шеңбер болып тас бағандар (менгирлер) қаланған, екі шеңбердің аралығы 50 см. Төбеде үйілген сансыз тастар.
Аталмыш «№2 обадан» кейін солтүстікке қарай бір сызық бойымен 39 м қашықтықта одан көлемі жағынан үлкендеу «№ 3 оба» орналасыпты.
1.Биіктігі — 7 – 8 м
2.Төбесінің ені мен ұзындығы – 16 х 16 (шеңбер тәріздес)
3.Обаның етегінің ені мен ұзындығы – 28 х 28 (шеңбер тәріздес)
Басқа обаларға қарағанда бұл обаның бір ерекшелігі төбесінің батыс жағы тағы да 6х6 м бүйірленіп шығып тұр. Соған қарағанда бұнда бірнеше адам жерленген болуы керек. Бұнда да айнала тас бағандармен (менгирлер) қоршалған.
Тағы бір назар аударарлық жағдай көлемі жағынан ең үлкені болып келетін «№1 обаның» батыс жағында қатарласа 2 м арақашықтықтан кейін (суретте) мынадай тізіліп орналасқан тас бейнелерді көрдік. Яғни, бұл да «көне заманғы жерлеу орыны болар» (мүмкін Қола дәуірі) деген тұжырым жасадым. Себебі, осы үш обаның осы жерге орналасуына осы бір тас қорымдардың да өзіндік әсері болған-ау. Ал, мына орналасқан аталмыш «Үш оба» менің жорамалым бойынша – Сақ-Сармат дәуіріне жататын сияқты. Өкінішке қарай сағанаға кіретін арнайы жер асты жолы – дромостың белгісін таба алмадым, бірақ бар екеніне еш күмәнім жоқ.
Иә, өз хал-қадірімізше обаларды суретке түсіріп, керек-ау деген мәліметтерді қағазға жазатынын жазып алып, ат басын кері бұрдық. Ақ қарлы тау шыңдары, сай-сала, найзадай болған қарағайлар, қыраттар, төбелер, бәрі-бәрі артымызда қалып барады. Бойымызды табиғатқа деген таңданыс пен туған жерге арналған сүйіспеншілік, мақтаныш сезімі биледі. Керемет тәтті күй, бұны естігеннен гөрі көзбен көріп, жүректен өткізіп сезіну керек. Іштегі бұла сезім сыртқа теуіп, өлең айтқым келіп кетті. «…Қазақ болып тумағанда қайтер ем» әні өз-өзінен тіліме оралуда. Тәтті күй, тамаша сезім…
Көлігіміз Үлкен Күрілдекпен жүйіткіп келеді. Есіме түсе кетті, осы жер атауын мен өткен мақаламда «Күркілдек» деп жазып едім. Анығын біле алмай «неге олай аталады?» деген сұрағыма, осы маңайда тұратын үлкен-кішіден ешкім мандытып жауап бере алмады. Енді соны атадан сұрауға ыңғайландым. «Ата, бұл жер неге Күрілдек деп аталған, білмейсіз бе?» деген сөзіме «Ой, балам, мына Бұрханның өзені тасығанда күрілдеп осы аумақтың бәріне естіліп жатады, содан солай аталған» демесі бар ма. Міне, қазақ қалай ат қойғыш, әрі қарапайым, әрі айтуға да оңай және бұл жердің табиғатына сай келіп тұр. Керемет емес пе?!
Жол бойы құлаған үй орындары көптеп кездесті, соған қарағанда үлкен ауыл болғандығы байқалады. Кезекті төбесі құлап қабырғасы ғана қалған, көлемі ұзынша үй жанынан өте бергенімізде Тұрғанбек қария «тоқта» деген белгі берді. Көліктен түсіп батыс жақтағы сайды қолымен нұсқап, шығыс жағындағы іргетасының орны әрең көрінетін үй орнын нұсқап «таптым» деп балаша қуанды. Мен аузымды ашып үлгергенше «Өткенде айтып едім ғой, Суандағы Бұқа молда атты білімді, атақты кісінің мешіті болған деп, міне мынау соның орны», – деді жаңағы қабырғасы ғана тұрған үй орнын нұсқап. Батыс жағындағы михрап пен ортада орналастырып қыс мезгілінде от жаққан пеш пен мұржаның орнын көрсетті. Ұлан үшеуіміз іші – сыртын айнала аралап суретке түсірдік.
Жолай Қарамолаға сәл аялдап, Ақкүмбез жанындағы үлкен зиратқа да келіп жеттік, әруақтарға бағыштап құран оқылды. Зиратты айналып биігірек тепсеңдегі Ақкүмбездің жанына жақындаған атамыз қатты кейіген қалпымен «Атаңа нәлет Совет-ай, зеңбірекпен атып күмбезін құлатты ғой! Жер құрып қалғандай әскерін осында әкеліп ойнатты. Оңбағандар!» деп, назаланып кетті. Бәріміз үнсіз қалдық, сәлден соң атамыздың ашуы басылып тағы құран бағышталды. Өткен сапарымызда кесене сыртындағы арабша жазуды оқи алмай кетіп едік, атамыз арабшаны мүдірместен судыратып оқып берді. «Бұл нені білдіреді?» деген сұрағымызға қария «Бұл Құранның Бахара сүресіндегі Аятүл күрсі, қасиетті дұға» деп жауап қатты. Дархан, Рауан, Ұландар әр-әр жерден кірпішке тиген оқтардан қалған ойықтар орнын көріп, таңданыстарын жасыра алмады. «Не деген құдайсыздар, кесенені зеңбірекпен, мылтықпен атқылаған?! Әй, атаңа нәлет коммунистік Кеңес үкіметі, тірі қазақ түгілі, өлі әруаққа да маза бермеген екен ғой. Қайтіп налымайсың?!». Қарияның кейіп, назалануы да бекер емес қой.
Мен ғой күмбезді айнала қарап қыш кірпіштердің көлемін, түр-түсін, қалыңдығын, т.б. керек-ау деген дүниелерді қағазыма түртіп алдым. Біраз демімізді алған соң, жиналып көлігімізге мініп, ауылға бет түзедік. Шаршағанымыз енді білінді, жүйіткіген көлік ішінде әркім өз ойымен отыр. Бірақ, бәрінің де жүзінде ризалық нышан бар. Әрине, мынадай сәтті сапарға бәрімізде қуаныштымыз. «Туған жер – алтын бесік» деген осы екен ғой…
Қали ИБРАЙЫМЖАНОВ,
Қазақстан Журналистер
Одағының мүшесі.
Жаркент қаласы.