Қазақстан – демократиялық мемлекет. Ал, мемлекет болса, тәуелсіз биіктің саяси ұйымы, қоғамды ортақ мүддеге біріктіре отырып, біртұтас етуші институт. Біз тәуелсіз, реформалары орныққан дамушы елміз. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың жаңа Жолдауында айтып өткендей «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» атты басты формуланы ұстанатын боламыз.
Саяси-экономикалық, әлеуметтік жағдайды бірқалыпты ұстау оңайға түспейді, оны айтпасада белгілі. Ел болашағы – мықты басшы, тату халық, білімді ұрпақ, жалынды жас, орныққан реформа арқылы көрінеді. Дамыған, дамушы елдер қатарында болу үшін, мемлекет әлеуметтік-саяси жүйесін бірқалыпта ұстап отыруы қажет. Ел ішінде жүргізілетін жаңа бағыт мемлекетке қаншама өзгешілік алып келеді.
Қазақстан Тәуелсіздігіне 31 жыл, осы жылдар аралығында халыққа Президент Жолдауында ел ертеңі үшін қаншама жаңа реформалар қабылданды. Жаңа реформа «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» – экономикалық-саяси салаларды, қоғам мен мемлекетті реттеуші, жаңа бастама көтеруші. Саяси тұрғыда мемлекетімізге көз тастасақ, қаншама іс жүзеге асырылып жатыр. Саясат – қоғамдық істерді жеке адамның мүддесіне қарай басқару тәсілі екенін ескерсек, басшы реформасына қарай, іс жүргізуіне байланысты ел экономикасы қалыптасады. Еліміз демократиялық мемлекет, қоғам мен мемлекет арасында байланыс қалыптасқан. Қазақстан Республикасы өз тәуелсіздігін алғаннан бері, жеке-дара билік жүйесін қалыптастырып, саяси реформаларын жүзеге асыруда. Саяси реформалары – ел экономикасы мен жағдайына қарай өзгеріске түсіп, қадағаланады. Сол себепті, саяси реформаларды жүзеге асыру кепілі – сайлау жүйесі екенін айтқан жөн.
Конституциялық реформаның жалғасы ретінде, мəжілістің жəне мəслихаттардың кезектен тыс сайлауы өткелі жатыр. Бұл туралы жыл басында мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2023 жылғы 19 қаңтардағы Жарлығымен VII сайланған ҚР Парламентінің мәжілісін таратып, ҚР Парламенті Мәжілісі депутаттарының кезектен тыс сайлауын 2023 жылғы 19 наурызға тағайындады. Сол сәттен, Қазақстан Республикасының Орталық сайлау комиссиясы Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі депутаттарының кезектен тыс сайлауына дайындықты және оны өткізуді ұйымдастыруды бастаған болатын. Қазіргі таңда, Қазақстан Республикасының Үкіметі, Астана, Алматы, Шымкент қалалары мен өзге де облыстардың әкімдері Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі депутаттарының кезектен тыс сайлауын ұйымдастыру, материалдық-техникалық және қаржылық қамтамасыз ету және барлық қажетті шараларды кідіріссіз қабылдауды жүзеге асыруда.
Алдағы сайлау, бұл реформа несімен ерекше?
— Әділ әрі ашық бәсекеге жол ашылды;
— Депутаттардың 70 пайызы партиялық тізім, 30 пайызы бір мандат округтарынан болмақ;
— Конституциялық рефора аясында саяси партия тіркеу, партия мүшелерінің саны (төменгі шегі) 4 есе төмендетілді;
— Жаңа саяси партиялар тіркеу;
— Партиялар әр аймақтарғы өкілдер саны 200 адамға дейін төмендеді;
— Сайлау бюллетеніне «Бәріне қарсымын» деген бағалау енгізілді;
— Партиялар Мәжіліске өтуі, қажетті дауыстың төменгі шегі 7-ден 5 пайызға азайды;
— Депутаттық мандаттың 30 пайызын әйелдер, жастар, ерекше қажеттілігі бар азаматтарға бөлу;
— Сайлаудың заңға сәйкес өтуі әділ, ашық болуы, қатаң бақылануы.
Мәжіліс пен мәслихат депутаттары еліміздегі ауқымды реформаларды іске асыруға барынша бірінші болып атсалысатын саяси билік. Еліміздің жан-жақты жаңғыруына Президент ұсынған реформаларды қолдап, жұртты толғандыратын мәселелерді көтеріп, қоғамның жан-жақты жаңғыруына ерекше үлес қосады. Міндет: халықпен, қоғаммен, әр азаматпен мейлінше ашық, тығыз қарым-қатынас орнату, қоғамдық мәселелерде конструктивті және белсенді жұмыс атқару. Біз, бір ел, бір халық болып, әділетті Қазақстанды құруға міндеттіміз.
Елде қандай өзгерістер болмасын бір мемлекетте өмір сүріп жатқаннан кейін бірлік туын бірге көтеріп, бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығаруға тиіспіз. Біз дамудың жаңа кезеңіне қадам бастық, қарқынды, жан-жақты жаңару үдерісіне бірге ат салысып, билік институттарының бастаған жетілдіруін қолдап, заңдылық пен құқық тәртібін нығайту, халықпен жұмыс істеу, мемлекеттік, партиялық және қоғамдық ұйымдардың қызметтерін және өкілдіктерінің атқару істерін айқындап беру, саяси жүйе құрылымын жаңартудың тиімді тетіктерін қалыптастыруды жүзеге асыруға бір кісідей ат салысуымыз парыз. Халық дұрыс таңдау жасап, саяси реформаларды жүзеге асыруды жүргізетін сайлауды жоғары деңгейде өткізейік.
Азаматтар сайлауға қатысып, өз таңдауларын жасау арқылы еліміздің саяси жаңғыруына, жаңа демократиялық модельге көшуіне қолдау білдіреді. Сол себептен, мемлекетіміз бойынша барлық сайлауға қатысуға құқылы азаматтарды дұрыс таңдау жасауға, саяси жүйенің жаңару процессін таңдау жасап тұрған сәттен басталуынан сенім білдіруге шақырамын.
Диана МЕЛІС,
жас маман, қоғам белсендісі.