Ойламаған жерден бозбала күнімізде әскерде бірге болған достармен қаламыздағы «Олжа-Тамыр» кафесінде бас қостық. Сонау Украина жерінде небары 18 жастағы жанып тұрған шағымыздағы бастан өткерген небір қызықтарымызды еске түсіріп, арқа-жарқа болып қалдық. Сөз арасында Қайысбеков Бақыт деген қаруласым «Қақа, менде бір көне кітап бар еді, қазақша-қытайша жазылған. Өзіміздің арғы бабаларымыз үйсіндер жайлы. Сен анша-мұнша жеріміздің, еліміздің тарихын қозғап жүрсің ғой. Менде бекер тұр, бір кәдеңе жаратарсың», – деді. Бәкең өзі Алматыда тұрады, арада қарашаңыраққа (Пенжім ауылындағы) бір келгенінде беріп кетті. Бар алғысымды айтып мен қалдым.
Кітапты екі қайтара оқысам да дегендей түсіне қоймадым. Содан, шетінен қағазға жазып отырып қайта оқып шықтым. Себебі, жер-су атаулары қытайша жазылғандықтан түсініксіздеу болып, біршама қиындықтар тудырды.
Сонымен қолыма түскен бұл кітап – «Ежелгі үйсін елі» деп, аталады. ҚР Қытай Халық Республикасындағы Елшілігінің ғылыми тапсырмасымен Үрімжі қаласында 2005 жылы «Шыңжан халық баспасынан» басылыпты. Құрастырушы Ш.Ахметұлы.
Мұндағы ең бірінші көзге ілінгені – тарихи терминдер «Жұңго тарихнамаларындағы қазаққа қатысты деректер» жүйеленіп реттелуі бойынша алынған. Бұл кітаптағы тағы бір ерекшелік, бұған дейінгі басылымдарда жиі қайталанатын «еларалық шығыстануда қалыптасқан терминдер» деген ескі бағыттан арылып, қытайлық иероглифтердің көлеңкесінде қалып қойған ежелгі бөгде жұрттық терминдерді қытайдың қазіргі дыбыстап аталуымен емес, сол көне заманғы дыбысталуы арқылы оқу. Және де бұл кітапта әлемдік деңгейде есімдері белгілі оқымысты ғалымдардың жазып қалдырған деректемелері кеңінен пайдаланылыпты.
Мәселен, шет тілдерге тәржімаланған қытай шежірелеріндегі көршілерін мынадай-И (夷), ДИ (氏), МӘН (蛮) деген, яғни, бұратаналар, жатжұрттықтар, жабайылар т.б. мағынасында сиапттаған. Ал мынау «Рұң» (戎) сөзі қытай жазбаларында батысты мекен еткен халықтардың жалпы атауы ретінде «Ширұң» (西戎) деп таңбаланған. Біздің бұған дейінгі тарихи жазбаларда, көбіне Түрік қағанаты, Шыңғысхан туралы деректерде «Нирун – нұрдан жаралған» деп оқып жүргеніміз осы атау емес пе екен деген сауал туындады санамызда.
Бұндағы (戎) таңбасы қытай тілінде – «әскер, қару» мағынасын береді екен. Ал, ерте дәуіргі оқылуы бойынша бұл сөз — ȵíwəŋ деп оқылып, монғол тілінде «нум»-садақ сөзімен төркіндес. Бұндағы батыс нумдардың бір тармағы саналатын, біздің арғы бабаларымыз Сақтардың басқалардан ерекше қасиеті, ат үстінде шауып бара жатып садақ атуы болған. Соғыстың бұл әдісін Ғұндар өз кезінде осы Сақтардан үйренген еді. Демек, «ширұң» сөзін бұрмаламай-ақ, иероглиф көлеңкесінен алып шығып «қарулы әскер» деген мағынада ашық айтуымызға әбден болып тұр. Яғни, біздер әңгіме жасап отырған Үйсіндер осы батыстық «қарулы әскерлердің» бірі Юншиңнен тарайтындығы туралы жорамалдар бар.
Сонымен, ежелгі Үйсіндер – қазіргі Қазақ жерімен шекаралас отырған Қырғызстан және ҚХР-ның Шыңжан аумағында ғұмыр кешкен айтулы ежелгі мемлекет. Ол сол кездің өзінде халықаралық деңгейдегі байланысқа шыққаны жайында көне жазба деректері сақталған көне ұлыс.
Бүгінгі таңда ескі қытай жылнамаларындағы мәліметтер мен табылған археологиялық заттар арқылы олардың жартылай көшпелі жүйеге негізделген толыққанды мемлекеттік құрылым болғандығын көреміз. Ал, бұл бағалы жәдігерлер әрқашанда өз кезегінде Қазақ жеріндегі мемлекеттіліктің құрылуы тарихының тым тереңде, кейінгі бұрмаланған тарихи жазбалардан тым әріде екендігімен аса құнды. Аталмыш ежелгі жазба мәліметтер бойынша Іле өзенінің жоғарғы аңғарын (Іле-Қазақ автономиялы аумағы) ежелгі Үйсін елінің кіндік ортасы болған деген жорамалымыз шындыққа жанасып-ақ тұр. Оған дәлел – 1988 жылдан бергі уақытта жүргізілген археологиялық барлау барысында он мыңнан астам Үйсін обалары есепке алыныпты. Олардың ішінде диаметрі 100-150 м болатын алып обалар да тіркелген. Сонымен қатар, аталған мағлұматтарды ойша жинақтай келе өткен ХХ ғасырдың 60-шы жылдардан бастау алған (қытайдағы) Үйсін ескерткіштерінің зерттелуі де тарих ғылымы саласында біршама жетістіктерге жеткендігін бағамдаймыз.
Арнайы жүргізілген ғылыми-зерттеу қазба жұмыстары барысында аса бағалы көптеген тарихи жәдігерлер табылған. Және Үйсіндерге қатысты топографиялық өзгешеліктері, хронологиялық жылдар аясы, антропологиялық кескін келбеттері мен өлген адамдарды жерлеу ғұрыптарындағы өзгешеліктері, тағы басқа да көптеген бізге беймәлім болып келген құпиялардың сырлары ашылып, хатқа түскен.
Нәтижесінде, зерттеуші ғалымдар ежелгі Үйсін елінің – мемлекеттік құрылымы, әлеуметтік қарым-қатынастары мен шаруашылығы, діни сенімдері мен қолөнері туралы нақтыланған ғылыми тұжырымдамаларды бекітті. Сонымен бірге, ҚХР-ның жерінен табылған Үйсіндерге тән тарихи ескерткіштердің Қазақ жерінің Жетісу өлкесінен табылған ежелгі Үйсіндерге қатысты жәдігерлермен біртұтас, яғни, біртекті мәдениет екендігі де ғылыми түрде айқындалып нақтыланғандығын білдік.
Тағы бір айта кететін құнды дерек, зерттелген көне жәдігерлер Үйсін елінің тек қана көшпелі емес, отырықшылықпен де айналысып егін еккенін және қолөнердің де тамаша туындыларын жасағаны мәлім болып отыр. Бұл дегеніңіз олардың жартылай көшпелі, жартылай отырықшы ел болғандығы да ғылыми түрде тұжырымдалып, бір ізділікке көшті десек еш қателеспейміз.
Хош, делік… Сөйтіп, ежелгі Үйсін елінің өткен тарихынан біраз хабардар болдық. Енді тағы бір назар аударарлық келелі мәселе, осы біздер сөз етіп отырған «Ежелгі Үйсін елі» кітабындағы кейбір мәліметтердің «Шыңғысхан тарихына да қатысы бар ма?» деген сауалдар тудырып, осы бағытта біраз еңбектенуімізді талап ететін сияқты.
Ендеше басталық:
Ежелгі қытай шежірелерінің бірі «Ханнама. Жаң Чянның ғұмырнамасында» мынадай тарихи жазбалар кездеседі:
«…Күнбидің әкесі Нәнду би тегінде Келентау мен Дахатаның арасын мекен еткен Ұлы Нүкістермен қанаттас отырған шағын ұлыстың билеушісі екен. (Бұндағы Келентау қытайдың Таң дәуірінен келе жатқан Батыс өңірдегі аймақтың атауы. Демек, «Ханнамадағы» жазылған Үйсіндер мен Ұлы Нүкістердің мекендеген «Келентауы» қазіргі Шығыс Тәңіртау (Тянь-Шань. 82-бет). Содан, Ұлы Нүкістер шапқыншылық жасап, Нәнду биді өлтіріп, олардың жерін тартып алыпты. Халқы босып Ғұндарды паналапты…» (13 бет). «Хандық» тақ иесіз қалды (оның баласы Лапкөк күнби бұл кезде жаңа туған нәресте еді) (39-бет). «…Лапкөк күнби азамат болғаннан кейін, Ғұндар күнбиге әкесінің бұрынғы ел-жұртына ие етті».
Ендігі кезекте бұндағы «Үйсіндерді қырғыншылыққа ұшыратқан Ұлы Нүкістер» кімдер еді?» деген сұраққа жуап іздеп көрелік. Ұлы Нүкістердің екінші атауы «Ұлы Йүзілер» яғни, Ұлы Жүз дегенге саяды. Ал, Ұлы Жүз құрамына кірген – қаңлы, дулат, шанышқылы, жалайырлар, тағы біршама тегі бір түркі рулары екендігін бәріміз де білеміз. Қытайдың көне шежіресі «Дад-Уан баянында» «Ұлы Нүкісте 100 мың түтін, 400 мың жан, соғысқа жарамды 100 мың оқшысы бар» делінген. Тағы сол «Тарихи жазбалар. Дад-уан баянында» «Ұлы Нүкістер көшпелі ел. Ғұндармен тұрмыс салты ұқсас. Алғашқыда Ғұндарды бойына тоғытпаған ел еді» дейді.
Кейіндері жұмылған жұдырықтай күш алған Ғұндардың дәуірлеген тұсында бұлар да шапқыншылыққа ұшырайды. Дәлірек айтсақ:
«…Леузаң тәңірқұт өз тұсында Нүкістердің ханын өлтіріп, бас сүйегінен тостаған жасаған екен. Ғұндардан ойсырай жеңілген соң алыс көшіп кеткен. Дад-Уаннан өтіп Батыста Бактрияға шабуыл жасап, оларды бағындырған. Сонымен Оксустың (Әмудария) солтүстік жағасына астана салып, орда тіккен. Ұзап көше алмаған шағын бөлігі оңтүстік тау Нәншәндағы қияндарды паналаған. Бұлар кейін Кіші Нүкіс аталды».
Бұндағы біздің назарымызды өзіне аударатын екі жағдай бар:
Біріншісі – Оңтүстік тау Нәншәндағы қияндар.
Екіншісі – ұзап көше алмаған Кіші Нүкістер.
Енді біріншісі түсінікті болу үшін Әбілғазы Баһадүрдің «Түрік шежіресіне» кезек беріп көрелік:
«…Елханның көп ұлдары болды, бәрі соғыста қаза болады. Кіші ұлы Қиян мен інісінің ұлы Нүкүз ғана аман қалады, екеуі әйелдермен бірге тұтқыннан қашып шығып Ергенеқон (Алтай, кейбір деректерде Орал тауы дейді) тауына барып қоныстанады».
Зерттеуімізді әрмен қарай жалғастыру үшін т.ғ.д. Т.Омарбеков, т.ғ.д. Г.Хабижанова сынды Отандық зерттеуші ғалымдарымыздың «Қоңыраттардың ортағасырлардағы тарихи тамырлары» атты мақаласына жүгінейік, бұнда:
«Қиян» этнонимнің пайда болу уақыты Шыңғыс қаған заманынан бұрынғы V-VІІ ғасырларға барып тіреледі. Бұндағы Қиян – деп отырғанымыз қазіргі Орта Жүз құрамындағы Қоңыраттар. Байқап қарасаңыз бұл жазбаларда Орта Жүз Қоңыраттардың арғы бабалары бірде «Қият», екіншісінде «Кыян» болып жазылған» деген мәліметтер бар.
Енді аталмыш деректерді Әбілғазы Баһадүрдің «Түрік шежіресімен» салыстырар болсақ: «… У одного человека из поколения Кыян было три сына. Старший сын назывался Чурлық – Меркан… У Чурлық – Меркана был сын по имени Конкират…». Міне, осы шежіре бойынша Шыңғысханды хан көтерген 15 бидің бірі, Қоңыраттың ұрпағы Сеңке биіміз – Қияннан тарайды. Ал, Шыңғысхан Ұлы Жүздің жалайырының Қиятынан.
Бұл жерде – Қиян мен Қият екі басқа адам. Оған дәлел ретінде ұсынарым: Қиян туралы тарихи деректер, жоғарыдағы «Қоңыраттардың орта ғасырлардағы тарихи тамырлары» атты мақалада «Қиян» этнонимінің пайда болу уақыты б.з. V-VІІ ғасырлары деп жазылса, бүгінгі «Ежелгі үйсін елі» кітабындағы қытай деректері Үйсін дәуірінде Қияндардың Нәншән тауын (Қоңыраттардың) б.з.б. ІІ-ІІІ ғ.ғ. мекен еткенін баяндап отыр.
Ал, Қияттар туралы мәліметтер қытай жылнамаларында б.з. ХІІ ғасырынан бері қарай ғана жазылған. Салыстырып көрсеңіз арада 1000 жыл, яғни, он ғасыр уақыт айырмашылық бар. Және де Шыңғысханның басқамен емес жалайыр Жамұқамен «анда» болуы да, қазақтың «Қанына тартпағанның қары сынсын» деген ғибратты аталы сөзіне сай болып тұр ғой. Теміршынның (Шыңғыс хан) Бөртені меркіттер алып кеткенде Жалайыр ішінде Тәйжігіттен, оның ішінде Сыр-Манақтың Шорасынан тарайтын Жамұқа шешенге:
– Сіз бен біз бір атаның баласы едік қой. Мына кекті қайтсең де қайтарыс!, – дегені арғы шыққан тегі Нүкізден тарайтын туыстығын ортаға салып тұр емес пе? Тәйжігіт жалайырдың бір руы екендігі «Шыңғыс қағанның қузауырында анық жазылған. (492-бет, 2010 ж)
Ендігі кезекте жоғарыдағы айтылғандарды ретімен жүйелеп көрелік:
…Елханның кіші ұлы Қиян мен інісінің ұлы Нүкүз аман қалды. Демек, Әбілғазының шежіресіндегі «…Ергенеқоннан Жалайырлардың атасы Нүкүзбен бірге шыққан тегі бір түркі, Қоңыраттың атасы – Қиян» деген түсінік көңілге әбден қонымды болып тұр. Бұл жердегі Қиянымыз – Қоңыраттардың арғы бабалары, ал, Жалайырдың негізгі түбі дәрлікін руынан болатын. Дәрлікін елі Елханның Нүкүзінен тарайды, яғни, Ұлы Жүздің (Ұлы Нүкістің) белді руы, ноқта ағасы – Жалайыр.
Дегенмен, бұл жердегі біздің айтпақшы ойымыздың негізі мынада. Неге десеңіз осынау келтірілген деректерге сәл де болса толықтыру енгізуімізге тура келіп тұр. Себебі, жоғарыдағы Ғұндардың шапқыншылығынан Бактрияға қоныс аударған Ұлы Нүкістер мен «Қияндарды паналаған» Кіші Нүкістер уақиғасы б.з.б. ІІ-ІІІ ғ.ғ. жататын Үйсіндер уақытында болған жағдай.
Демек, сонау Ғұн, Үйсін дәуірінен бері – Қияндар (Қоңыраттар), Ұлы Нүкістер (Ұлы Йүзі), Үйсіндер, Қаңлылар тағы басқа түркі рулары бір-бірімен қатарлас иық тіресіп тіршілік еткен. Сол замандарда-ақ мемлекеттік құрылым құрғандығы осы ежелгі жылнамалар мәліметінің астарына үңіліп, санасымен зерделеген жанға байқалып тұр емес, пе?! Сонымен қатар бірде тату болса, енді бірде жер үшін сол бір жаугершілік заманда өзара жауласып бірін-бірі қырғыншылыққа ұшыратып отырған.
Сондай бір Ғұндардың кезекті шапқыншылығынан Батысқа ауған Ұлы Нүкістерден қалып қойған Кіші Нүкістер өз мемлекеттілігінен айрылған соң ұзақ уақыт Үйсін елінің құрамында болып, бірақ Ұлы Жүз атауын сақтап қалған. Міне, «Ұлы жүз, Үйсін» атауының пайда болуы осындай екі ұлыстың сан ғасырлық өткен тарихынан хабар беретіндігі енді бәрімізге түсінікті болғандай.
Ұлы Жүздің жеке мемлекет болғандығына осынау «Ежелгі Үйсін елі» кітабындағы қытай шежірешісі жазып қалдырған мына бір деректі қайта назарларыңызға ұсынамыз:
«…Леузаң тәңірқұт өз тұсында Нүкістердің ханын өлтіріп, бас сүйегінен тостаған жасаған екен. Ғұндардан ойсырай жеңілген соң алыс көшіп кеткен».
Міне, хан болған жерде оның қарашасы, яғни, халқы бар деген сөз. Және де олардың Ғұндарды мойындамай, Үйсіндердің жерін тартып алуының өзі, Ұлы Жүз мемлекетінің іргелі, айбарлы болғандығының дәлелі іспетті. Демек, ханы бар халықты мемлекет деп айтуымызға не кедергі. Ал, Батыс Түрік қағанаты кезеңінде бұл рулар бес дулу, бес нушибилермен бірге араласып ғұмыр кешті.
Одан беріге келсек Шыңғысхан заманында да (б.з. ХІІІ ғ.) Қияндар (Қоңыраттар) мен Ұлы Йүзінің көрші отырғандығына, шешесі Өленнің Қоңырат руынан екендігі дәлел. Оған қоса әкесі Есукейдің Шыңғысханды 9 жасында апарып Қоңыратттың қызы Бөртеге атастыруы және бар.
Одан бергі кезеңдерде, яғни, орта ғасырлардағы – Керей хандығы (ХІ ғ. аяғы мен ХІІ ғ. басындағы), Найман мемлекеттілігі (ХІІ ғ. екінші жартысы) және Жалайырлардың тарих сахнасына шығуы әрине бабалар салған дәстүрлі жол, заңды құбылыс. Бұндағы Жалайырлар сол көне Үйсін дәуіріндегі Ұлы Йүзінің тікелей ұрпақтары екендігіне шүбә жоқ. Дәл сол тарихи кезең, Еуразияны дүр сілкінткен ұлы дауылдың алдындағы үрейлі тыныштық кезеңді бастан кешіп жатқан өліара шаққа ұқсайды.
Нәтижесінде ХІІІ ғасырдағы бүкіл киіз туырлықты түркілерді бір тудың астына жиған Шыңғыс хан империясы адамзат тарихында мәңгілікке өшпестей айшықты із қалдырғаны баршаңызға аян.
Енді жазған-тергенімізді жинақтап, жүйелейік: Жоғарыда келтірілген көне тарихи мәліметтер бойынша бастауын сонау б.з.б. Ғұн, Үйсін, одан бергі Түркі замандарында іргелес отырған – Ғұн, Үйсін, Қиян (Қоңыраттар), Ұлы Нүкістер (Ұлы Жүз), Қаңлылар тағы біршама тайпалар өз дербестігі өзінде болған жеке-жеке ұлыстар болған. Оны түтін саны мен жан саны және қанша сайлауыт әскер шығаратындығы туралы мәліметтеріне қарап бағамдауымызға әбден болады. Арада қаншама дәуірлер өтсе де сол түркі рулары қазірдің өзінде ішінара болмаса, басым көпшілігі «көненің көзіндей болып» байырғы атамекенінде отыр екен. Біріншіден таң қалмасқа шара жоқ, екіншіден көңіл қуанып, жаның сүйсінеді.
Сөйтіп, жоғарыдағы келтірілген дәлелдер мен дәйектерге жүгіне отырып, Үйсіннің құрамында болған Ұлы Йүзінің «Кіші Нүкісінің» жалайырынан тараған ұрпақтары өкілінің бірі атақты Шыңғысхан болар деген түйсік, санамыздың көкжиегінде жұлдыздай жарқырайды.
Бұл дегеніңіз әйгілі Шыңғысханның Ұлы жүзден шыққандығына меңзейтін тағы бір айтулы жаңалық екендігі көңілге үлкен қуаныш сыйлайды. Неге десеңіз, жоғарыда келтірілген, дүниенің әр қиырында өмір сүріп, әр заманның өзіне сай көзі ашық, көкірегі ояу оқымыстылары жазып қалдырған деректердің біздер үшін құндылығы өлшеусіз. Енді сол көнеден жеткен мәліметтерді ой-түйсігіміз арқылы сараптама жасай отырып, есімі әлемге мәшһүр, адамзаттың асылы аталған, әлем мойындаған Шыңғысхан – Ұлы Жүздің оғланы деп топшылауға хақымыз бар-ау деген тоқтамға келдік.
Әрине, бұл тақырып осымен тәмәм деген ойдан аулақпыз, әлі де болса жан-жақты зерттеліп, зерделенуі тиіс екендігі өз алдына бір төбе. Біз өз тарапымыздан шағын зерттеуімізді ортаға салып отырмыз. Келесі ұсыныс, пікірлер сіздерден болсын.
P.S. Ұлы Нүкістерге қатысты тағы бір жорамалымыз, астанасы «Нүкіс» аталатын Қарақалпақ бауырларымыздың да сонау өткен дәуірлерде «Ұлы Нүкістің (Ұлы Йүзінің) құрамындағы белді тайпаның бірі болған-ау» деген ой-пікірлеріміз де жоқ емес. Сонымен қатар бізге іргелес Кербұлақ ауданының аумағында ықылым заманнан ғұмыр кешіп келе жатқан Қарақалпақ руының ұрпақтары баршылық. Олар ешқашан еш жерден көшіп келмеген. Демек, сол Үйсін елі кезеңіндегі Жетісуды мекен еткен Ұлы Йүзілердің (Ұлы Жүз мемлекетінің) тікелей ұрпақтары болуы бек мүмкін. Сол ағайындарымыз сонау ғасырлар қойнауындағы өткен тарихтың бүгінгі тірі куәгерлері болар деген тағы бір жорамалымыздың көкейде тұрғандығын айтпасқа болмас. Алайда, бұл жеке тақырып, ол үшін келешекте біраз тер төгіп зерттеу жұмыстарын жүргізу керек…
Қали ИБРАЙЫМЖАНОВ
Ассалаумалейкум досым Қали! Мақалаңды бастан-аяқ қызыға оқып шықтым. Ана жылдары жұмыс бабымен Кербұлақ ауданында 2 жылдай болдым. Сол кезде жергілікті жігіттермен көп араластым. Сондағы қарақалпақ жігіттер біздің аталарымызды Тезек төре егін егіп, жер өңдеу үшін сонау оңтүстіктен алдырған екен деп айтып отырушы еді. Қазір он екі ата жалайырдың он үшінші атасы болып кеттік қой деп қалжыңдайтын.