Бала үшін оған ең жақын әрі жанашыр адам оның ата-анасы болып табылады. Тіпті, халқымызда «бала – ата-анасының айнасы» деген сөз де бар. Сіздің жасаған әрбір әрекетіңіз, балаға айтқан әрбір сөзіңіз оның жадында сақталып қалады. Ол соны қайталайды. Сондықтан да ата-аналарға осы мәселеде аса сақ болу керек.
Біріншіден, бала тәрбиелеу үшін қандай да бір әдіс-тәсіл қолданатын болсаңыз, бұл тәсілдің балаға қалай әсер етіп жатқанын байқаңыз. Егер сіз қалыптастырып отырған тәрбие балаңызға кері әсер ететін болса, әдіс-тәсілді өзгертуге тура келеді. Екіншіден, баланың дені сау әрі әдемі болып өсуі ғана маңызды емес, оның рухани жағынан да тәрбиелі болғаны жақсы. Үлкенге құрмет көрсетіп, кішіге ізет білдіру, жақсы мен жаманды ажырату, мейірімділік танытуы маңызды. Мұның бәрі баланың толыққанды тәрбиелі адам болып қалыптасуына әсер етеді. Үшіншіден, баланы мектеп жасына дейін тәрбиелеу керек.
Бала тәрбиесінде ата ананың алар орны ерекше. Өйткені «ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің». Яғни, отбасындағы тәлім-тәрбие, ата-ананың баламен қарым-қатынасы ұядан басталады. Тәрбиесі жақсы баланың өмірі де жақсы болатыны анық. Ендеше бала тәрбиесі ата-ананың міндеті, мектеп білім берумен шектеледі деу қате ұғым. Дана халқымызда «Ұстаз мейірі мен ана мейірі егіз» деген сөз бар. Бала мектеп табалдырығын аттап, білім ұясынан қанат қағып үлкен өмірге қадам басқанға дейін ұстаздың да тәрбиесін алады. Мектеп барынша оқушылардың білім алуын, тәрбиесін қадағалайды. Теріс әрекеттерін байқасақ әрдайым оны түзетуге, ақылымызды айтуға тырысамыз.
Керімағаш – Арасан ауылындағы орта мектебінің ұстаздарының негізгі мақсаты ата-аналармен бірлесе отырып бала денсаулығына қамқорлық жасау, баланың үздіксіз дамуын қадағалау, тәрбиесі мен мамандық таңдауына көмектесу, баланы өзін-өзі тәрбиелеуге, өзін-өзі дамытуға баулу. Баланың қызығушылығын, бейімділігін шығармашылығын дамыту. Баланың жан-жақты дамуына жағдай жасау.
Ата-ана мен мектеп жалпы күш-жігерді біріктіру арқылы ғана балаға адамдық бақыт бере аламыз. Осы орайда айта кететін жайт, мектебімізде 2022-2023 оқу жылындағы жалпы ата-аналар жұмысының жылдық жұмыс жоспары құрылып, аналар мектебі, әкелер мектебі құрылды.
Жоспар бойынша ата-аналармен директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Ұ.Жанұзақ және мектеп психологы Г.Рахымберлина және сынып жетекшілер бірлесе жұмыстар жүргізілуде. Атап айтқанда «Отбасы – бақыт мекені» тақырыбының іс-шаралар жоспары құрылып жұмыстар жүргізілді. Жоспардың негізгі мақсаты қоғамда отбасылық құндылықтарды насихаттау, отбасын, ата-анасын, туыстарын жақындарын бағалау, құрметтеу сезімін кеңейту, отбасындағы қарым-қатынастың беріктігін нығайту және ұрпақтар сабақтастығын дамыту жөніндегі жұмыстарды жүргізу.
Сонымен қатар «Бала тәрбиесі баршаға ортақ» тақырыбында жалпы ата-аналар жиналысы өткізілді. Жиналысқа аудандық оқу әдістемелік кабинетінің әдіскері Роза Тоқтанбердіқызы қатысып, ата-аналарға құқық бұзушылықтың алдын алу жолдары туралы ескертпе және ата-аналардың бала алдындағы жауапкершілігі жайлы кең көлемде түсіндіру жұмыстарын жүргізіп өтті.
Сонымен қатар мектеп психологы Г.С.Рахымберлина «Отбасы – өмірдің мәні» тақырыбында ата-аналарға психалогиялық кеңес берсе, Е.Рыскулов және Л. Бекбаева 10-11 сынып оқушылар арасында «Берік отбасы – адамның сенімді тірегі» дебат сабағын өткізді, Ал бастауыш сыныптың ата-аналары арасында «Өнерлі отбасы» тақырыбында тәрбиелік сайыс сабағы өтті. Міне осылай ата-аналарды мектеп өміріне тарта отырып тәрбиелі, білімді ұрпақты тәрбиелеуге болады.
Ұлан ЖАНҰЗАҚ,
директордың тәрбие ісі
жөніндегі орынбасары.