Слаш аға, «Үсектің арғы жағындағы жалғыз ақын» Төреханның Әдепханы, бекзат болмысты ағамыз Жақыбайдың Базарханы анда-санда көрісе қалғанда «Слаш-ау, бізді ұмытып кеттің бе?» деп жатқанын естігенде атыңызды тура атамай, Слаш деуінің өзінде ағаның ініге деген ыстық ілтипатын, көзге көрінбейтін, бірақ жүрекпенен сезінетін нәзік сыйластықты көріп, сүйсінгенмін. Менің де бүгін сізді осылай атауымның өзіндік сыры бар…
Уақыт неткен ұшқыр десеңізші! Сіз де міне, жетпіске де толыпсыз. «70 деген не тәйірі» деп өздерін-өздері жұбататын ағаларымыздың сөздеріне сенсек, жетпіс деген түк еместей көрінеді. Шынтуайтына келсек, жетпіс жас деген аз жыл емес-ау? Сол жетпіске алқынбай сіз де келдіңіз. Менімен қатарлас іні-қарындастарыңыз сіздің шығармаларыңызбен сонау сексенінші жылдардан таныс. Сол кездегі жаңалықтың жаршысы болған «Жаңалық жаршысы» газеті талай жастың өнердегі тұсауын кесіп, шығармаларын шыңдады. Соның ішінде Сіз де барсыз. 1983 жылдың өзінде-ақ республикалық «Жігер» фестивалінің лауреаты атанып, марапаттауға ие болдыңыз. Өзіңіз айтқандай:
Үлкен жолға шықтым да үлкендерден бата алдым.
Қиынын да, қызығын көріп келем сапардың.
Ата-анамды мәз етіп, тұңғышым кеп өмірге
Дәл жиырма екі жасымда өзім «әке» атандым.
Сіз таңдаған үлкен жол – өнер жолы. Осы өнер жолына беліңізді бекем буып, нартәуекел еттіңіз. Сіздің алғашқы еңбек жолыңызды қасиетті мамандықтардың бірі – ұстаздықтан бастағаныңызды біреу білсе, біреу білмес. Тіпті сонау 1975 жылы Абай атындағы ҚазПИ-дің Көркемсурет-графика факультетін бітіріп, қыл қалам шебері болам деп, сурет өнерінің сырларын зерттедіңіз. Сондықтан болар:
Таңдағаным егіз қалам өмірден
Орын алған арманымның төрінен
Біреуімен ақ қағазға жыр жазам
Біреуімен ақ кенепке керілген, – деп жаздыңыз ең алғашқы «Жаркент баспасынан» шыққан «Егіз қалам» кітабындағы өлеңіңізде. Домбыраның қос ішегіндей болған сөз өнері мен сурет өнерін тел еміп, «қос қаламым – қос қанатым» деп жырладыңыз. Әлемге әйгілі Әбілхан ағамыздан тәлім алдыңыз. Алайда ананың сүтімен келген ақындық қасиет сізді жеңді. Жүрегіңізден жауһар жырлар төгілді. «Әдебиет – ардың ісі» десек, сол әдебиет айдынында емін-еркін жүзіп келесіз…
Сонау 90-шы жыл қай-қайсымыз үшін де алтыннан да бағалы. Ғасырлар бойы бабаларымыз аңсаған тәуелсіздіктің таңы атты. Еліміз егемендік алып, байрағымыз желбіреді. 70 жыл бойы теперіш көрген тіліміз қайта тірілді. Жер-жерде «Қазақ тілі» қоғамы құрылып, еліміз жасарып жатқан кезде Сіз ауданымыздағы «Қазақ тілі» қоғамының тізгінін ұстадыңыз. Аудандық «Қазақ тілі» қоғамы талай-талай істің бастамашысы болды, қаншама игілікті істер осы қоғамның қазанында қайнады. Желтоқсан құрбандары, қос боздағымыз Ләззат пен Ерболға көше аттарын да осы жылдары бердік емес пе? Кейбір ағаларымыз Ербол мен Ләззаттың атын атаудан қорыққан кезде, бір топ ауданымыздың атпал азаматтары, қос шынарымыздың тәуелсіздік үшін тайталасқа түскенін дәлелдеп, мақала да жазды. Үнемі сіз солардың қасынан табылып, жырыңызбен де, ісіңізбен демеуші болдыңыз. Сол жылдары «Қазақ тілі» қоғамының жанынан шыққан «Ұлағат» газеті (редакторы Н.Бегімбет) үркер жұлдыздай дараланып, оқырмандардың іздеп жүріп оқитын газетіне айналған-ды. Ғұмыры ұзақ болмаса да бұл газет ауданымыздағы талай саяси оқиғалардың бастамашысы болды. Сіздің осы газетке бір кісідей еңбегіңіз сіңгені анық.
Су патшасы Сүлеймен бұл дүниеден баз кешіп, жаны жаралы кезде жүзігіндегі «Бәрі де өтеді» деген жазуды оқып, өзін-өзі жұбатады екен. Мен де жаным жабырқаған кезде сіздің «Бәрі де өтеді» атты өлеңіңізді оқимын.
Шыққанмын атақ – даңқым жаңғырып,
Жүрегіңмен дүниені таң қылып.
Айналаңды думандатып, ән қылып,
Бәрі өтеді – еш нәрсе жоқ мәңгілік.
Бірде үлкен тойда (Алматы қаласында) орта жастағы әйел адам сөз алып, іле-шала «Ислам-Ғали Үркімбайұлы. «Пенделіктен арылу» деп өлең оқи жөнелді. Мен елең ете қалдым, таныс өлең. Кейіннен жаңағы өлең оқыған әпкеміз – Талғар қаласындағы аграрлық колледжінің бұрынғы директоры Нәйла Бейсенбайқызы Үмбетова екенін білдім.
Өзіміздің Айнагүл Хайбуллаева осы өлеңіңізге ән шығарып, сонау Шымкентте шырқағанда талай адам әннің сөзін жазып алып, айтып жүрсе керек. Белгілі мәдениет қызметкері Сәуле Ахмадиева Сіздің өлеңіңізге «Келешегім» деген ән шығарса, сазгер, ауданымыздың, облысымыздың құрметті азаматы Базархан Жақыбаев «Көшпенділер» өлеңіне ән жазған. Жергілікті сазгер Ғалым Қожахметов бұлбұл әншіміз Д.Рақышевқа арнап жазған «Ән – кие», «Сағыныш», сондай-ақ қазақтың біртуар азаматы Мұстафа Өзтүрікке арналған «Ұлыңмын мен де тұлымды», «Барлығы да бағалы өз орнында» атты өлең мәтіндеріне терме жазылды.
Ия, Халықаралық «Қазақ тілі қоғамының» мардымсыз жарнасымен отбасыңызды асырап келе жатқаныңыз мына заманда күреп-күреп ақша табатын кейбіреулерге ерсілеу көрінуі мүмкін-ау. Алайда шындық сол. Өкіметтен бір тиын алмай-ақ өмір атты үлкен көштен қалмай келесіз. Қалай болғанда да қасиетті тілімізді атақ-мансапқа айырбастамадыңыз. Мұның өзі ерлік емес пе?
Сіз үшін соңғы он жыл өнімді болды, он жылда он кітап шығардыңыз. Сонау 1992 жылы шыққан «Егіз қалам» кейін жыр жинақтарына ғана өлеңдеріңіз еніп, кітап шығарудың ауылы алыс болып қалған. Алайда сол жылдардың орнын толтыру үшін болар, іркес-тіркес шыққан кітаптарыңыз өз оқырмандарына жол тартып жатты. 2008 жылы «Бір құсым бар…», 2009 жылы «Уақыт өрнектері», 2011 жылы «Ілтипат», 2012 жылы «Ойтолғақ», 2014 жылы «Дала жыры», 2017 жылы «Сыр сандық» атты жинақтарыңыз шықты. Кеш болса да Қазақстан Жазушылар одағының мүшелігіне қабылдандыңыз. Бұғанға дейін сіз баспасөз беттеріне ұтымды ойлар айтқан (көбі тіл туралы) мақалаларыңыз, өлеңдеріңіздің үнемі жарияланып тұрғандықтан сіз Журналистер одағына да мүше болдыңыз.
Дәл осы арада Тұрғанғазы Жапарқұлов, марқұм ақын Тоқбай Исабеков ағаларымыз бастамашы боп, інілері сіздер қоштап шығарған «Суан шежіресін» айтпай кетуге болмайды. Марқұм Қален ағамыз бастаған ауданымыздың ақындарының айтысын, Әдепхан аға бастаған жазба ақындардың жыр мүшайрасын өткізуде сіздің үлесіңіз жоқ дей алмаймын. Әрине, сіз атқарған жұмыстарды санай берсек, бір мақалада айтып тауысу мүмкін емес.
Сіздің 60 жылдық мерейтойыңыз ауданда дүркіреп өтті. Аудандық мәдениет үйінде өткен салтанатты жиналыста жерлесіміз, белгілі жазушы Бексұлтан Нұржекеұлы ағамыздың сіз туралы айтқан кесек-кесек пікірі алдымызға алтын мен күмісті тастай салғандай болды. Әр өлеңіңізге тоқталып, талдағанда өлеңнің ғана емес, сіздің ақындық бет-бейнеңіз жарқырай түсті. Риза болған жұрт дүркін-дүркін қол соғып, қошеметтеп, құрмет көрсетіп отырды. Бар ғұмырыңызды өнер саласына арнап, тәуелсіз еліміздің тұғырын биік етуге, еліміздің аяғынан нық тұруына бір кісідей еңбек еттіңіз. Сіздің жазған өлеңдеріңіз кез-келген адамды бей-жай қалдырмайды, жігерге жігер, шабытқа шабыт қосады. Рухты, өршіл өлеңдеріңізді қаншама жастар жатқа оқиды. Мені қуантатыны – осы. Сіздің соңғы он жылда шығарған он кітаптабыңыз – тынымсыз еңбегіңіздің арқасы. «Менің қолымнан өлең жазудан басқа ештеңе келмейді» деп жиі айтасыз. Ал өлең жазудың өзі еңбек, өнер. Екінің бірі өлең жаза алмайды. Сондықтан сіз нағыз еңбекқор жансыз.
Ия, аға, «Өлең жазу оңай емес қарағым…» деп Төлеген ағамыз бекер айтты дейсіз бе?
Слаш аға! Өзіңіз айтқандай:
Сыбағамның дәмін кештеу тастағам
Жұрт алғанды кейін алып жатамын.
Менің атым бүгін жеткен межеге
Баяғыда жетіп алған қатарым.
Бәріне де кешігумен келемін
Кітап болып кештеу шықты өлеңім.
Өзім күткен бақытым да басыма
Кештеу келіп қонарына сенемін.
Слаш аға! 70-жылдық мерейтойыңыз құтты болсын! Қазекем «Аса байлық не керек, ден сау болса болғаны-ай» деп жырлағандай, құдайға шүкір, он саулығыңыз бар, ақ жаулығыңыз бар, енді бірінші байлық – денсаулығыңыз мықты болсын, қашан да жаныңыздан табылатын Тұрсынқан жеңгеміз, екеуіңіз тәрбиелеп өсірген төл перзенттеріңіз Құралай, Жандос, Гүлданадан тараған ұрпақтарыңыз аман болсын демекпін.
Роза ЫСТАЙ,
Қазақстан Журналистер
одағының мүшесі.
Өмірдерек
Исламғали ҮРКІМБАЙҰЛЫ 1953 жылы 15 наурызда дүниеге келген.
1975 жылы Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтының Көркемсурет-графика факультетін бітірді. 1992 жылдың 15 наурызында Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының Панфилов аудандық филиалының төрағасы болып сайланды. Бұл ұйым 2007 жылдан бастап Панфилов аудандық «Қазақ тілі» қоғамы, қоғамдық бірлестігі болып қайта құрылды.
Ол Қазақстан Жазушылар одағы мен Журналистер одағының мүшесі, шығармашыл жастардың Республикалық «Жігер» фестивалінің 1983 жылғы лауреаты, 1985 жылғы дипломанты. Жазба ақындардың облыстық байқауларында жүлдегер болып, әр деңгейдегі марапаттауларға ие болды. Оның көптеген ұжымдық жинақтарға өлеңдері мен әңгімелері енген.
Ақынның 1992 жылы «Егіз қалам», 2008 жылы «Бір құсым бар…», 2009 жылы «Уақыт өрнектері», 2011 жылы «Ілтипат», 2012 жылы «Ойтолғақ», 2014 жылы «Дала жыры», 2017 жылы «Сыр сандық» атты жеке жыр жинақтары жарық көрді. Оның өлеңдеріне жазылған бірқатар әсем әндер де бар.
Оның тұңғыш жыр жинағы «Егіз қалам» қаламгерлерден жақсы бағасын алды. Мысалы, қазақтың ардагер ақыны Бекен Әбдіразақов осы кітап туралы «Ауылда да ақын бар» атты мақаласын 1993 жылы «Қазақ әдебиеті» газетіне жариялады.
1992-ші жылдан бүгінге дейін Исламғали Үркімбайұлы Панфилов аудандық «Қазақ тілі» қоғамдық бірлестігінің төрағасы болып қызмет істейді, ол Дүниежүзі Қазақтарының І-ші, Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының ІІ – ІІІ – IV- ші және Қазақстан Жазушыларының ХІV-ші Құрылтайларының делегаты.
Ол басқарған бірлестік 2005 жылы облыс көлемінде І орын алып, «Үздік қоғамдық ұйым» болып танылып, облыстық Тіл басқармасының І-ші дәрежелі Дипломымен марапатталды.
Аудандық «Қазақ тілі» қоғамдық бірлестігінде ұзақ жылғы істеген еңбегі үшін және поэзия саласындағы жетістіктері үшін «Қазақстан Конституциясына 10 жыл», «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 25 жыл» мерекелік медальдарына ие болды. Сонымен бірге «Панфилов ауданының Құрметті азаматы» атағын алды.