Жетісу облысының Сырымбет ауылында газдандыру жобасын іске асыру басталып кетті. Жұмыстарды газ желілерінің құрылысы мен қызмет көрсетуіне маманданған «KBS GAS» инвестициялық компаниясы жүргізіп жатыр.
Қазіргі уақытта газ құбыры Ескелді би және Балпық би көшелерінде тартылуда. Жоба аясында табиғи газ тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандарға жеткізіледі.
Атқарылып жатқан жұмыстардың барысын аудан әкімі Елдос Ахметов жеке өзі тексеріп, жобаның уақтылы әрі сапалы орындалуының маңыздылығын атап өтті:
«Сырымбетті газдандыру — ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған маңызды қадам. Бұл — жайлылық пен жылу ғана емес, сонымен қатар экологиялық тазалық пен ауылдың дамуына жаңа мүмкіндіктер береді».
Жоспар бойынша жобаның алғашқы кезеңі алдағы айларда аяқталады. Бұдан кейін тұрғын үйлерді қосу жұмыстары басталады. Газдандыру елді мекенді кезең-кезеңімен толық қамтиды.
Ауыл тұрғындары жобаның белгіленген мерзімде аяқталып, осы қыста көптеген отбасы табиғи газға көшетініне үміт артып отыр.










