«Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігі Панфилов аудандық филиалының төрағасы Тоқтарбай Әкімұлы Қерімқұлов Жаркент қаласының А. Түркебаев көшесі №41 мекен-жайындағы Х. Хамраев атындағы орта мектептің ғимаратына орналасқан №328 учаскеге келіп, дауыс берді.
Қашан да аудандағы саяси-бұқаралық істердің қайнаған ортасында жүретін ардагерлер көшбасшысы учаскеде алғашқылардың бірі болып өз таңдауын жасады.
— Бүгін «Жаңа, әділетті Қазақстанымыздағы» ерекше тарихи күн. Өйткені, референдум — мемлекетіміздің демократиялық дамуындағы маңызды қадам, елімізде жаңа саяси мәдениетті қалыптастыруға бағышталған шара.. Біз бұл арқылы Президенттің «халық үніне құлақ асатын үкімет» тұжырымдамасының нақты өмірде жүзеге асырылып жатқанының куәсі болып отырмыз. Алдағы уақытта да осылайша халықтың пікірін ескеріп мемлекеттік шешімдер қабылданса, Қазақстанды дамыған демократиялық мемлекет ретінде қалыптастыратынымыз сөзсіз, — дейді ол.