23 тамызда өтетін Құрылтай сайлауы – Қазақстанның саяси өміріндегі айрықша маңызы бар тарихи кезең. Өйткені тәуелсіздік жылдарында еліміз алғаш рет бір палаталы Құрылтайын қалыптастыру үшін халықтың дауысын таразыға салғалы отыр. Бұл – жай ғана кезекті сайлау емес, мемлекеттің алдағы саяси бағытын айқындайтын, елдің заң шығару жүйесіне жаңа мазмұн әкелетін маңызды саяси науқан.
Жаңа саяси институттың қалыптасуы қоғамның да, биліктің де жауапкершілігін арттырады. Себебі Құрылтай алдағы уақытта елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарына, мемлекеттік басқару жүйесіне қатысты маңызды шешімдер қабылдайтын негізгі алаңдардың біріне айналмақ. Демек, оның құрамының қандай болатыны, қандай саяси күштердің басымдыққа ие болатыны – ел болашағы үшін маңызды мәселе.
Сайлау науқанының ерекшелігі – саяси партияларға өз бағдарламаларын таныстырып, халықтың қолдауына ие болуға мүмкіндік беріліп отырғанында. Бәсекелі ортада әр партия өзінің ел дамуына қатысты ұстанымын, нақты ұсыныстарын және болашаққа арналған бағдарламасын таныстыруға тиіс. Бұл ретте биліктің қандай да бір партияға артықшылық бермей, сайлау үдерісінің әділ әрі демократиялық сипатта өтуіне жағдай жасауы да аса маңызды.
Өйткені демократияның басты өлшемдерінің бірі – халықтың өз таңдауын еркін жасауы. Ал таңдау жасау үшін азаматтың саяси сауаты, ақпаратты саралай білуі және партиялардың бағдарламаларына байыппен қарауы қажет.
Алдағы Құрылтайдың жұмысы елдің даму бағытына тікелей әсер ететіні анық. Қажетті заңдардың қабылдануы, қоғамдағы өзекті мәселелердің заңнамалық тұрғыдан шешілуі, азаматтардың талап-тілектерінің ескерілуі – Құрылтай құрамына байланысты болмақ. Сондықтан бұл сайлауға немқұрайлы қарауға болмайды.
Бүгінде сайлауға қатысатын жеті партияның әрқайсысы халықтың қолдауына ие болуға ұмтылып отыр. Әр партияның өзіндік бағдарламасы, көзқарасы мен ұстанымы бар. Алайда сайлау нәтижесінде қай саяси күштің елдің саяси өмірінде салмағы арта түсетіні оның тек сайлауалды уәделеріне емес, сол уәделерді жүзеге асыруға қабілетіне де байланысты болмақ.
Саяси тәжірибесі қалыптасқан, елдің зиялы қауымын, кәсіби мамандарды және түрлі әлеуметтік топтардың өкілдерін ортақ мақсатқа жұмылдыра алатын, нақты әрі салмақты бағдарламасы бар партиялардың мүмкіндігі жоғары екені сөзсіз. Өйткені халық бүгінгі ұраннан гөрі ертеңгі нәтижеге көбірек мән беретін кезеңге келді.
Бұл сайлаудың тағы бір ерекшелігі – оған алғаш рет дауыс беретін жастардың қатарының көп болуы. Олар үшін 23 тамыздағы саяси таңдау – азаматтық жауапкершіліктің алғашқы қадамдарының бірі.
Жаркент қаласының тұрғыны Айзере Нұрланқызы да биыл алғаш рет сайлауға қатыспақ. Жасы 18-ге енді толған жас өзінің болашақ мамандығын да саясаттану саласымен байланыстырып отыр.
«Бұл сайлауға бірінші рет қатысқалы отырмын. Жасым 18-ге енді толды. Оның үстіне таңдаған мамандығым да саясаттану саласы. Сондықтан 23 тамыздағы сайлауға қатысып, өз таңдауымды жасағым келеді. Партиялардың үгіт-насихат жұмыстарын қарап отырмын. Көңілден шығатыны да бар, көңіл толмайтын тұстары да жетерлік. Оның бәрі уақыт өте келе дұрысталар деп ойлаймын», – дейді ол.
Жас сайлаушының пікірінше, демократиялық қоғамда партияның халық алдында берген уәдесі оның кейінгі саяси тағдырын да айқындайды.
«Ең бастысы, Құрылтайға өтіп алған соң халыққа берген уәдесін орындамайтын партиялардың келесі сайлауда салмағы қалмайды. Халық та өз болашағы өз қолында тұрған соң қолынан іс келетін, өздерін көрсеткен партияларға дауыс береді деп ойлаймын. Өйткені халық алдағы уақытта халықтың мүддесіне қарсы заң қабылдайды, халықпен ақылдаспайды деп депутаттарды кінәлай алмайды. Себебі сол партияны таңдаған – халықтың өзі», – дейді Айзере Нұрланқызы.
Бұл – сайлаудың мәнін терең түсінуге үндейтін маңызды пікір. Шын мәнінде, сайлау аяқталғаннан кейін азаматтың саяси жауапкершілігі тоқтамайды. Керісінше, сайланған өкілдердің жұмысына баға беру, олардың берген уәдесін орындауын талап ету, қоғамдық мәселелерге қатысты ұстанымын бақылау – азаматтық қоғамның маңызды міндеті.
Құрылтайға сайланған партиялар халықтың сенімін ақтауға тиіс. Ал халық өз кезегінде олардың қызметін бақылап, нақты нәтижесіне баға береді. Бұл – билік пен қоғам арасындағы жауапкершіліктің табиғи тетігі.
Сондықтан 23 тамыздағы сайлау әр азамат үшін маңызды. Дауыс беру – тек сайлау жәшігіне бюллетень салу емес, елдің ертеңіне қатысты азаматтық ұстанымын білдіру. Әрбір дауыс белгілі бір саяси күшке сенім білдірумен қатар, сол партияның бағдарламасына, ұстанымына және болашақтағы жұмысына жауапкершілік жүктейді.
Құрылтайдың қандай болатыны оның құрамына байланысты болса, Құрылтайдың құрамы халықтың таңдауына байланысты қалыптасады. Демек, елдің ертеңін айқындайтын шешімнің бастауы – бүгінгі азаматтың қолында.
Сайлау – халықтың билікке берген бағасы ғана емес, халықтың өз болашағын таңдайтын мүмкіндігі. Сондықтан 23 тамыздағы тарихи науқанға әр азаматтың саналы түрде қатысуы – елдің саяси мәдениетін қалыптастыруға қосылған маңызды үлес.
Мырзағали НҰРСЕЙІТ,
«Жаркент айнасы»










