Панфилов ауданының аумағындағы асқақ таулар – табиғаттың көркем келбетін ғана емес, тұтас өңірдің экологиялық тепе-теңдігін сақтап тұрған баға жетпес байлық. Бұл өңірдің әрбір шатқалы, өзені мен жотасы – адамзатқа берілген ортақ аманат. Сол аманатты сақтау – бүгінгі буынның басты міндеті.
Соңғы жылдары табиғат аясында демалу, тауға шығу, серуендеу мәдениеті кеңінен дамып келеді. Алайда демалыстың мәдениеті тек табиғатқа барумен шектелмейді, керісінше, оның тазалығын сақтаумен өлшенеді. Өкінішке қарай, кейбір демалушылардың жауапсыз әрекеттері табиғатқа кері әсерін тигізіп отыр. Отырған орындарын тазаламай кету, пластик және тұрмыстық қалдықтарды қалдыру, отты дұрыс пайдаланбау сияқты жағдайлар жиі кездеседі.
Мұндай әрекеттер тек табиғаттың көркін бұзумен шектелмейді. Қоқыс қалдықтары топырақ пен су көздерін ластап, жан-жануарлар дүниесіне қауіп төндіреді. Ал отты бейберекет жағу немесе толық сөндірмеу орман өрттеріне себеп болып, орны толмас экологиялық зардаптарға әкелуі мүмкін.
Тау – тек демалыс орны емес, ол тіршілік көзі, экожүйенің маңызды бөлігі. Сондықтан әрбір келуші табиғатқа деген құрметін ісімен көрсетуі тиіс. «Өзің әкелген қоқысты өзіңмен алып кет» деген қарапайым қағида – өркениетті қоғамның басты мәдени өлшемі.
Панфилов ауданының таулары – тек жергілікті тұрғындардың ғана емес, барша елдің мақтанышы. Бұл өңірдің табиғи сұлулығын сақтау – бүгінгі ұрпақтың болашақ алдындағы жауапкершілігі. Табиғаттың тазалығы сақталса ғана, ол өз сұлулығын жоғалтпайды, ал сұлулық сақталса – туризм де, экологиялық тұрақтылық та дамиды.
Әсіресе жаз мезгілінде тауға шығушылар саны артатындықтан, қауіпсіздік пен тазалық талаптарын сақтау ерекше маңызды. От жағу кезінде барлық қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтау, демалыс орнын таза қалдыру және табиғатқа зиян келтірмеу – әрбір азаматтың міндеті.
Бүгінгі таңда экологиялық мәдениетті қалыптастыру – уақыт талабы. Мектептен бастап отбасына дейін табиғатты аялау, қоқыс тастамау, қоршаған ортаны қорғау құндылықтарын дәріптеу маңызды. Бұл – болашақ ұрпаққа жасалған ең үлкен қамқорлық.
Барша тұрғындар мен аудан қонақтарын табиғатқа жанашырлықпен қарап, Панфилов ауданының көркем тауларын таза күйінде сақтауға шақырамыз. Табиғатты аялау – өз болашағымызды аялау екенін ұмытпайық.
Толқын КӨШЕРБАЕВА










