Ел экономикасының бір тірегі деп жұртшылық қуана жар салған «Достық – Мойынты» теміржол желісінің құрылысы биыл аяқталмақ. Жоба аяқталса көлік-логистикалық жүйесі жаңа деңгейге көтеріледі деп күтілуде. Жалпы аудан бойынша өнеркәсіп секторы оң динамика көрсетуде. Алты айдың қорытындысы бойынша өндіріс көлемі 7,6 млрд. теңгені құрап, 54,4%-ға өсіпті. Жыл соңына өнеркәсіп өнімінің көлемін 16,7 млрд. теңгеге дейін жеткізу жоспарлануда. Жыл басынан бері ауданға 43,2 млрд. теңге инвестиция тартылыпты. Инвестицияның 73,1%-ы жеке инвестициялар есебінен. 2025-2028 жылдары жалпы құны 48 млрд. теңгеге 459 жұмыс орнын құрумен 5 инвестициялық жобаны жүзеге асыру жоспарлануда. Олардың ішіндегі ірі жобалар Достық стансысында «Достық Транс Терминал» серіктестігінің көпфункционалды жүк тиеу терминалының және «Депо қызметі» серіктестігінің вагон жөндеу стансысының құрылысы.
Ауданда 4,8 мыңнан астам жұмыс істеп тұрған бизнес субъектісі бар. Онда 10 мыңдай адам жұмыспен қамтылған. Биыл кәсіпкерлікті қолдау аясында 648 млн. теңгеге 9 жоба қаржыландырылыпты.










