Батыс Қазақстан облысы Шыңғырлау ауданында Атомвек Жайықұлы атты тұрғын бар. Есімі ерекше кейіпкер өз атының сырын айтып берді.
«Менің есімім Нұрғалиев Атомвек Жайықұлы. Батыс Қазақстан облысы Шыңғырлау ауданы Ақшыт ауылының тумасы боламын. 1962 жылы 9 шілдеде дүниеге келгенмін. «Атомвек» деп есімімді әке-шешем өткен ғасырдың «атом ғасыры» болуына байланысты қойған. Бүгін референдум болды. «Елімізде АЭС саламыз ба, салмаймыз ба?!» деп халық пікірін анықтап жатқан жайымыз бар. Мен өз басым барып дауыс бердім. Менің есімімнің тарихы осындай», — деді кейіпкер.
Айта кетейік, АЭС бойынша республикалық референдумда 7,8 млн адам өз таңдауын жасады. Бұл жалпы сайлаушылардың 63,87 пайызын құрайды.
Сондай-ақ, ҚР Бас прокуратурасы мен ҚР ІІМ референдум өткізу барысында заңдылық пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету шараларын қорытындылады. ҚР ІІМ ресми өкілі Шыңғыс Әлекешев өз есебінде референдумның 10 мың учаскесінің ешқайсысында қоғамдық тәртіп бұзылмағанын атап өтті.
kaz.inform.kz