Құқықтық мемлекет қалыптастыру жолында заң саласының маңызы ерекше. Қоғамдағы тұрақтылық, әділдік пен заң үстемдігі кәсіби тұрғыда даярланған мамандарға тікелей байланысты. Осы тұрғыдан алғанда, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіндегі заң факультеті құқық бағытындағы білім беру жүйесі жоғары сапасымен ерекшеленіп, білікті заңгерлер даярлаудың тиімді үлгісін қалыптастырып келеді. Оқу үдерісі заманауи талаптарға сай ұйымдастырылып, теориялық білім мен тәжірибелік дағдылардың үйлесімділігіне негізделген.
Білім алушылар құқықтың негізгі салалары бойынша терең білім алып, оны нақты жағдайларда қолдану қабілетін қалыптастырады. Азаматтық, қылмыстық, әкімшілік және басқа да құқық салалары бойынша пәндер студенттердің кәсіби ойлауын дамытып, құқықтық мәселелерді кешенді түрде талдауға үйретеді. Оқу ордамызда білім алушылардың тәжірибелік даярлығына ерекше мән беріледі. Осы мақсатта студенттік заң клиникасы жұмыс істейді. Мұнда білім алушылар халыққа тегін құқықтық көмек көрсетіп, өз білімдерін іс жүзінде қолдану мүмкіндігіне ие болады. Мұндай тәжірибе кәсіби жауапкершілікті қалыптастырып, болашақ қызметке дайындықты нығайтады. Оқу процесіне тәжірибелі оқытушылар мен практик мамандар тартылған. Олар білім алушыларға тек теориялық білім беріп қана қоймай, құқық саласындағы нақты тәжірибелерімен бөліседі. Сабақ барысында істерді талдау, пікірталас форматындағы дәрістер және тәжірибелік тапсырмалар кеңінен қолданылады. Бұл білім алушылардың сыни ойлау қабілетін арттырып, өз пікірін дәлелді түрде жеткізу дағдыларын қалыптастырады.
Халықаралық ынтымақтастыққа да ерекше көңіл бөлінеді. Білім алушылар шетелдік оқу орындарымен жүзеге асырылатын академиялық алмасу бағдарламаларына қатысып, халықаралық тәжірибе жинақтайды. Қазіргі кезеңде құқық саласының цифрландырумен тығыз байланыста дамуы білім беру мазмұнына жаңа талаптар қояды. Осыған байланысты оқу орнында цифрлық құқық, ақпараттық қауіпсіздік және электронды қызметтерді құқықтық реттеу бағыттары бойынша білім беру күшейтілген. Білім алушылар жаңа технологияларды құқық саласында қолданудың ерекшеліктерін меңгеріп, заманауи талаптарға бейімделеді. Ғылыми зерттеулер де маңызды орын алады. Білім алушылар ғылыми жобаларға қатысып, құқық саласындағы өзекті мәселелерді зерттеуге мүмкіндік алады. Факультетте өткізілетін конференциялар, дөңгелек үстелдер және ғылыми пікірталастар олардың зерттеушілік қабілетін дамытып, кәсіби қызығушылығын арттырады.Сонымен қатар, білім алушылардың тұлғалық дамуына ерекше мән беріледі. Оларға адалдық, әділдік, жауапкершілік және құқықтық мәдениет қағидаттары жүйелі түрде түсіндіріледі. Болашақ заңгер қоғам алдындағы жауапкершілігін терең сезінетін, әділ шешім қабылдай алатын тұлға ретінде қалыптасуы маңызды.
Оқу ордасының қабырғасында білім алушылардың қоғамдық белсенділігі де жоғары деңгейде қалыптасады. Олар түрлі құқықтық ағартушылық шараларға, әлеуметтік жобаларға және қайырымдылық акцияларға қатысып, қоғам өміріне белсенді араласады. Білім беру процесінде заманауи технологиялар кеңінен қолданылады. Электронды ресурстар, интерактивті құралдар және онлайн платформалар оқу үдерісін тиімді ұйымдастыруға мүмкіндік береді.
Тәжірибелік даярлықтың тағы бір маңызды бағыты – өндірістік тәжірибе. Білім алушылар түрлі ұйымдарда, мемлекеттік органдарда және құқық қорғау құрылымдарында тәжірибеден өтіп, кәсіби ортада жұмыс істеу дағдыларын қалыптастырады. Факультетте жүзеге асырылып жатқан білім беру жүйесі кәсіби, бәсекеге қабілетті және жауапты заң мамандарын даярлауға бағытталған. Сапалы білім мен тәжірибелік дағдылардың үйлесімі жоғары нәтижеге жеткізетінін көрсетеді. Осындай кешенді даярлық нәтижесінде білім алушылар қоғамның құқықтық дамуына үлес қосатын білікті маман ретінде қалыптасады.
Турсынкулова Динара Ахановна,
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ
Заң факультетінің Мемлекет және
құқық теориясы мен тарихы,
конституциялық және әкімшілік құқық
кафедрасының ассистент профессоры,
заң ғылымдарының кандидаты
Амангелді Нұрсауле,
Заң факультетінің 1 курс магистранты










