Жаркент аймағы 19 ғасырдың соңындағы орыс империясының басқыншылық жаулап алуына ұшыраған қазақ жерінің ең соңғы территориясы әрі шығыстағы алып мемлекеттің шекарасы болып белгіленген жер. Етек жеңін жимай созыла барып отырған қазақтардың ен жайлаған ежелгі қонысы саналатын. Қазақ жерінің шығысындағы Тоқсанбай жотасынан шығып Іле өзеніне қарай жөңкіліп жатқан ағынды Қорғас өзені шартты түрде шекара сызығы болып қалды. Тұрғылықты қазақтар басқыншы елдердің кесірінен еріксіз екіге бөлініп қалды. Қызылдардың қысымына шыдамай шекара асып барған қазақ жүртына, бірінен кейін екіншісіне ауысқан Қытай билігі қол астында қалған ұсақ ұлттардың өкілдеріне күшейген сайын зорлық-зомбылық көрсете бастады. Қытай қорғанынан шығып қазақ ұлты жайлап отырған жерлерге елді мекендер, қамалдар салып, өзінің сөзін сөйлейтін қытай тектес аз ұлттарды ішкертіннен жылжытып қоныстандыра бастады.
Қазақтар Шығыс Түркістанды ежелден ата қонысы санайтын. Осы аймақтың басқарушысы Шыңшысай Кеңес өкіметінің қудалау саясатын пайдаланып бұл жерде де жергілікті қазақтарды әртүрлі себепсіз жала жабу тәсілдерін қолданып халық арасындағы беделді, бас көтерер азаматтарды опатқа ұшыратты. Осы жүгенсіз санқилы жазалаудың кесірінен 60 мыңнан астам адам нақақтан жазаға тартылды деген деректер бар. Дәл осы тұста жергілікті қазақтарға көрсетілген осындай зорлық-зомбылыққа төзбеген Оспан батыр бастаған қозғалыс бірте-бірте үш аймаққа – Алтай, Тарбағатай, Ілеге тарап, ірі қарулы күреске ұласты. Бұның нәтижесінде 1944 жылы Алтай, Табағатай, Іленің аймақтары Гоминдан құрығынан құтылып азат жерге айналды. Бірақ тәуелсіз қазақ мемлекетің құрмақ болған Оспан батырдың ойын Кеңес өкіметінің шылауына айналған гоминданшылардың араласуымен болған өзгерістер орындатпады. Оспан батырды қолдаушының бірі – ұлты үшін қылыш ұстап жауға қарсы шыққан Қалибек еді. Қытай үкіметімен өздерінің теңдігі үшін күресіп жүрген Қалибекке Манас, Сауан ауданының Албан, Суаннан шыққан қазақтары іш тартатын. Астыртын хабарласып керек-жарақтарды апарып беріп, малдай да көмек көрсетіп тұратын. 1949 жылы Қытайда коммунистік партияның жеңісі орнап, олардың әскерлері 1950 жылы Шыңжанға басып кіріп өз биліктерін орнатты. Қарсылық көрсеткендердің бәрін түгелдей жайпап келе жатқан әскери құрылымдар Оспан батырды қоршауға алып тұтқынға алды. Қолға түскен батырды Үрімжі түрмесінде сан рет сұраққа алып тергеп, жұрт алдында әшкерелеу шараларын жүргізген. 1952 жылы сәуір айында атылған. Ұлтының тәуелсіздігі үшін күреске түсіп, азаттық жолында жанын пида еткен Оспан Ісләмұлының артында қалған қолдаушылары да жазасыз қалмаған сияқты. Мына төмендегі Алтыүй ауылында тұратын Әбілмәжін қарияның әңгімесі сол көтерілістен кейін Қытайдағы Дәуір деген қонысындағы туыс-туғандарының жазықсыз жазалауға ұшырағаны туралы.
«Біздің аталарымыз ақ патшаның тұсындағы үркіншілікте – 1916 жылдары Қытай жеріне өтіп, сол жерде тұрақтап қалыпты. Арғы бетке өткен Самылтыр, Жолдас, Нұрымбай, Аманжол, Тоқсаба (Қаракерей) деген ағайындар «Бір шұңқырда, бір төбеде болайық» деп баталасып, не көрсекте бірге көрейік деп іргелес отырыпты. Мен 1935 жылы маусым айында туылдым. Іле өзеніне жақын жердегі Мұқыр деген жерде тұратынбыз. Молдалығы бар Әмірақын деген кісіден екі сыныптық білім алдым. Шағын шаруасын жүргізетін, бала оқытудан бос кезінде атпен сейілдеп, қақпан құрып аң аулайтын аңшылығы бар адам еді. Жеке меншігінде жері бар, жалшы ұстайтын бай-шаруа деп ұстады. Сол кездерде 1952-1953 жылдары Қытайда жаңа орнаған өкімет үлкен науқан «Ашылып сайрау» деген саясат жүргізді. Ел ішіндегі коммунистік үкіметке қарсы элементтерді әшкерелеу, аяқ астынан жау табу, оның дереу көзін жою шараларын жүзеге асыру қолға алынды. Әкесіне баласын үгіттеп қарсы қою, әкесін баласына қарсы айдап салу жүрді. Көрші отырғандар бірімен бірі жау болды. Бұл бір жағынан үркіп барған елді қорқытып ұстау үшін жасап жатқан саясат еді.
Оспанқұл Суан руының Дуан атасынан тараған, жұртқа сөзі өтетін, сыйлы, өзгелерге бас көтеріп сөйлейтін батыл адамның бірі еді. Бір жылдан астам түрмеде тергеуде жатқан Оспанқұлды саяси қылмыскер деп атуға ұйғарыпты. Оспанқұл түрмеде жатқан кезінде інісі болып келетін Нүсіпжан әкемізге «Сендердің қылмыстарың маған қарағанда жеңілдеу, осыдан тірі шықсаңдар саясат жұмсарса елге қайтыңдар» деген екен. Бұл әңгімені түрмеден босап келгеннен кейін көпке дейін қорқып, тісінен шығармай жүрген әкеміз менің інім Әбілғазыға (көп ел Қазтай дейтін) ғана айтыпты. Бұл Дәуір ауылында болды. Жау деп Оспанқұлды ұстап әкеліп, кеудесіне ақ бәтеске жазу жазып іліп қойыпты. Қасында Жапар да (Құдайберді руынан) бар. Бұл кісі де аты ел аузына ілінген, малы, жері бар, оның үстіне көпке сөзі жүретін адам. Мен сол кездерде 18 жаста едім. Халықты жинады. Оспанқұл мен Жапарды, тағы да бір қытайды қосып мылтық көтерген қытайдың төрт-бес шеріктері мен жергілікті әкім-қаралар алып келіп үкім оқыды. Ағаларымызға тағылған айыптарын оқыды. Бұлардың айтуынша Оспанқұл мен Жапар қауіпті қылмыскерлер – «Кеңес үкіметінің тыңшысы. Өкіметке қарсы көтерілген Оспан бандымен байланысты адам». Сөз алған қытайдың қызметкер адамы сөйлеп, тілмашы қазақшаға аударып тұрды. Халыққа, үкіметке жау адам, зомагерлер жойылу керек деген сөздер айтылды. Жергілікті әкімдер қытайлардың күштеуімен қорқытып-үркітіп ел-жұртты, оқып жүрген шәкірттерді әкеліп сөз үйретіп, қолдарына кішкентай ту ұстатып, шуылдатып «Өлсін! Көзі құрысын, жоғалсын!» деп қолдарымен нұсқатып айғайлатып қойды. Кейін естідік, ел-жұрт дүрлігіп кетпесін деп қылмысты болған бір қытайды қосып сүйреп әкеліпті. Ескі там үйдің қабырғасына түрғызып қойып оншақты қадам жерден атты. Оспанқұл өзгелердей көп сөз сөйлеген жоқ, еңкеймеді де, кешірім де сұрамады. Қасқайып мылтыққа қарсы қарап тұрды. Алғашқы оққа құламай, үш рет атқан соң ғана екі-үш аттап барып құлады. Әкібай екеуміз ауылға барып атарба әкелдік. Соған мәйіттерді салдық. Әкібайдың баласы Дүйсен мен Тұрғанбай төртеуіміз бейіт қазып, екі ақым жасап, өз қолымызбен Оспанқұл мен Жапарды екеуін бір жерге жерледік.
Жаңағы екі кісіні атқаннан кейін ана жаулардың жақтасы деп Мұқанның баласы Нұрғалиды да (Дуан руының жігіті) қуғындап, ұстады. Сонда оған таққан айыптары «Оспанның құйыршығы» дегені. Шипанзыға апарып жиырма күндей тергеп, атып тастаған. Оларды атқан соң халықты жинап, «мыналар да елге жау болған» деген айыппен менің әкемді, Нүсіп пен Әкімді – үшеуін байлап, оларға Жұмағұлды қосып – бәрін түрмеге қамады. Әкім ағамызды ұстап түрмеге қамаған себебі адамдарды атқалы жатқан кезінде қарсылықты сөз айтыпты. «Бұлары дұрыс емес, мына кісілердің жазығы жоқ» деген сияқты. Қытай түрмесіндегі тергеушілер Әкімді, Нүсіпті, Жұмағұлды түрмеде әбден қинауға салады. Қамалғандарды тергегендер «Шындарыңды айтыңдар, Текеске мал айдап апарғанда оны Оспан бандыға бергесіңдер» деп кінәлапты. Үшеуі бір жылдай абақтыда жатып, әзер босады. Әкелеріміз ұсталған соң қытайлар бізге де тыныштық бермеді. Егіс айдауға кедергі келтіріп, мүмкіндік бермейтін. Соқа айдасаң атыңды шығарып алып, шөп тасысаң арбаңды шығарып алып кетіп, адам жіберіп қазған тоғанымызды жауып тастап біраз жыл әбден қорлық көрсетті. Кейін қойды. 1959 жылы мамыр айында бер жаққа өткенде 1955 жылдары өтіп келген туысымыз Жүнісұлы Әкім шекарадағы Қорғастан күтіп алып, осы ауылға әкеліп орналастырды. Содан жанымыз тыныштық тапты», – деді Әбілмәжін ақсақал терең күрсініп.
P.S. Әбілмәжін Нүсіпжанұлы ұзақ жылдар бойы осы аудандағы атағы өрлеп тұрған «Киров» атындағы колхозда зейнетке шыққанша малшы болып жұмыс істеді. Он шақты бала тәрбиелеп өсіріп, оқытып, жоғары білім әперді. Әбілмәжін ағамыз мал бағып жүріп бапкер ретінде атағы алысқа кетті. Өзі баптап аламанға қосып жүрген «Ақтабан торысы» көп жыл аудан, облыста бәйгенің алдын бермей, тігілген «Нива», «Жигули» көліктеріне ие болып жүрді. Орбұлақ шайқасының үш жүз елу жылдығына арналып өткізілген жүзге жуық ат қосылған республикалық аламан бәйгеде екінші орынның жүлдесін алды. Ел-жұртының, ағайынның алғысына бөленіп жүрген қария 2014 жылдың күзінде мұсылмандық парызын өтеп қажылыққа барып келді. Бұл естелік Әбілмәжін Нүсіпжанұлының өз аузынан 2016 жылдың 9-желтоқсанында жазылып алынды.
Молот СОЛТАНАЕВ,
«Жаркент айнасы»
газетінің Бас редакторы.
Алмалы ауылы.