Қазақстан халқы үшін 2026 жыл тарихи жыл болды. 15 наурызда республикалық референдум өтіп, ел жаңа Конституцияны қабылдады. Ал 1 шілдеден бастап жаңа Ата заң күшіне енді. Осы күннен бастап 1995 жылғы Конституцияның қолданысы тоқтады.
Жаңа Конституцияның қабылдануы – мемлекетті басқару жүйесіне, азаматтардың құқықтарын қорғау тетіктеріне және қоғам мен биліктің өзара байланысына қатысты жаңа кезеңнің басталуы. Ең бастысы жаңа Ата заңның өзегінде адам тұр.
Конституцияның бірінші бабында Қазақстанның демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет екені бекітіліп, мемлекеттің ең жоғары құндылығы адам, оның өмірі, құқықтары мен бостандықтары деп нақты көрсетілген. Бұл – жай ғана әдемі сөз емес. Өйткені жаңа Конституцияда адамның күнделікті өміріне тікелей қатысты бірқатар құқықтар нақтырақ бекітілді.
Мәселен, адамның жеке өміріне қол сұқпау, жеке және отбасы құпиясын сақтау, дербес мәліметтерін заңсыз жинаудан, өңдеуден және пайдаланудан қорғану құқығы конституциялық деңгейде бекітілді. Қазіргі цифрлық заманда бұл аса маңызды. Себебі адамның өмірі интернетпен, әлеуметтік желімен, электронды қызметтермен тығыз байланысты. Жеке адамның телефон нөмірі, банк деректері, құжаттары немесе басқа мәліметтері бөтеннің қолына түссе, оның салдары ауыр болуы мүмкін. Енді мұндай құқықтарды қорғау Ата заң деңгейінде айқын көрсетілген.
Жаңа Конституция азаматтың тұрғын үйіне де ерекше қорғаныс береді. Сот шешімінсіз адамды тұрғын үйінен айыруға немесе шығарып жіберуге жол берілмейді. Жеке меншікке де сот кепілдігі күшейтілген: сот шешімінсіз ешкімді өз мүлкінен айыруға болмайды.
Заң алдында адамның бәрі тең деген қағида да нақты сақталған. Тегіне, әлеуметтік немесе мүліктік жағдайына, жынысына, ұлтына, тіліне, дініне, тұрғылықты жеріне және басқа да себептерге байланысты кемсітуге жол берілмейді.
Құқық қорғау саласында да маңызды өзгерістер бар. Адам ұсталған сәттен бастап оның құқықтары түсіндірілуге тиіс. Адвокат көмегін пайдалану құқығы нақты бекітілген. Заңды күшіне енген сот үкімімен кінәлі деп танылмайынша, адам кінәсіз деп есептеледі. Сонымен бірге ешкім өзіне, жұбайына және заңда көрсетілген жақын туыстарына қарсы айғақ беруге міндетті емес.
Бұқаралық ақпарат құралдары мен журналистер үшін де маңызды норма бар. Конституцияда сөз еркіндігіне кепілдік беріліп, цензураға тыйым салынған. Ақпаратты заңмен тыйым салынбаған кез келген тәсілмен алу және тарату құқығы бекітілген. Бірақ еркіндік жауапкершіліктен бөлек қаралмайды. Сөз бостандығы басқа адамның ар-намысы мен қадір-қасиетіне зиян келтірмеуге, қоғамдық тәртіпті бұзбауға тиіс. Яғни жаңа Конституция еркіндікті де, сол еркіндікті пайдаланудағы жауапкершілікті де қатар қарастырады.
Ата заңдағы үлкен өзгерістің бірі – мемлекеттік билік жүйесіне қатысты. Қазақстан бұрынғыдай президенттік республика болып қала береді. Елдің егемендігі, тәуелсіздігі, унитарлық сипаты мен аумақтық тұтастығы өзгермейді. Бұл құндылықтар Конституцияда өзгермейтін негіздер ретінде бекітілді. Ал Парламенттің орнына бір палаталы Құрылтай келді. Оның құрамында 145 депутат бар. Құрылтай депутаттары бес жыл мерзімге сайланады. Осылайша Қазақстан заң шығару билігінің жаңа моделіне көшті.
Жаңа Конституцияда Қазақстанның Халық Кеңесі де қарастырылған. Оның негізгі міндеті – қоғам мен мемлекет арасындағы жалпыұлттық диалогты дамыту. Халық Кеңесіне заң шығару бастамасы құқығы берілген. Бұл азаматтық қоғамның мемлекеттік шешімдерге ықпал ету мүмкіндігін арттыратын тетік ретінде қарастырылады.
Ата Заңымызда адам капиталы, білім, ғылым мен инновация мемлекеттің стратегиялық бағыттары ретінде айқындалды. Тарихи-мәдени мұраны сақтау, төл мәдениетті қолдау, еңбексүйгіштік, қоғамдық диалог, экологиялық мәдениет сияқты ұғымдар да Конституция деңгейінде бекітілді. Бұл – уақыт талабынан туған өзгеріс.
Бүгінгі Қазақстанға тек экономикасы дамыған ел болу жеткіліксіз. Білімді, дені сау, құқығы қорғалған, өз ойын еркін айта алатын, цифрлық ортада қауіпсіздігі қамтамасыз етілген азамат керек. Ғылым мен технология дамымай, елдің бәсекеге қабілеті де артпайды. Сондықтан жаңа Конституцияда білім, ғылым, инновация мен адам капиталының стратегиялық маңызының арнайы көрсетілуі кездейсоқ емес.
Әлеуметтік мәселелер де назардан тыс қалған жоқ. Конституцияда азаматтардың денсаулық сақтауға, заңда белгіленген медициналық көмекті тегін алуға құқығы бекітілген. Мемлекеттік оқу орындарында тегін орта білім алуға кепілдік беріледі. Зейнетақының және жалақының ең төмен мөлшеріне кепілдік, сондай-ақ мүгедектік, жасына байланысты және басқа да жағдайларда әлеуметтік қамсыздандыру құқығы қарастырылған.
Отбасы мәселесіне де ерекше мән берілген. Неке ер мен әйелдің ерікті әрі тең құқықты одағы ретінде айқындалған. Неке мен отбасы, ана, әке және бала мемлекет қорғауында болады.
Жаңа Ата заңның тағы бір маңызды қыры – табиғатқа деген жауапкершіліктің күшеюі. Табиғи ресурстар халыққа тиесілі екені көрсетілген. Жер, оның қойнауы, су, өсімдіктер мен жануарлар дүниесі халық игілігі ретінде танылады. Сонымен бірге меншік иесі өз мүлкін пайдаланғанда қоршаған ортаны қорғау талаптарын сақтауға тиіс.
Жаңа Конституция ел өмірін бір күнде өмірді өзгертіп жібермейді. Бірақ ол мемлекетіміздің қай бағытта жүретінін анықтайды. Қазір әлемде мемлекет адам үшін қызмет етуі керек деген қағида алдыға шықты. Алайда әр азамат өз мемлекетінің болашағына жауапкершілікпен қарауы қажет. Сондықтан да қасиетті Ата азңымыз — Конституциямыз – тек мемлекетке арналған құжат емес. Ол – әр азаматтың құқығын, еркіндігін және ел алдындағы жауапкершілігін айқындайтын ортақ Ата заң.










