Таяу жылдары «Қорғас – Шығыс қақпасы» арнайы экономикалық аймағында шетелдік инвесторлардың өндірістік бағдарламаларының ықпалымен жазиралы Жаркент өңірінде жұмыс орындары көбейетіні анық болып отыр. Болашақта «Қазақстан – Қытай халықаралық өнеркәсіп қаласындағы» жобалар толық жүзеге асқанда 2000 адам тұрақты жұмыс орынын табады деген болжам бар.
Жобаны жүзеге асыру 2017 жылдан бастау алып, «Қорғас – Шығыс қақпасы» АЭА, «Hubei United Investment Group», «Yichang Kelison Industry Co.Ltd» арасындағы үш жақты келісім шарты бойынша «Қазақстан – Қытай халықаралық өнеркәсіп қаласы» аумағында түсті металл, жабдықтар өндірісі, электронды, газ мұнай және азық-түлік өнеркәсібі, тағы басқа да өнімдер өндіріліп, еркін сауда айналымын қалыптастыруға уәделескен. Арнайы экономикалық аймаққа 330 миллиард теңгеге инновациялық технопарк жабдықтары орнатылмақшы.
Жоба басталысымен «Қорғас – Шығыс қақпасы» АЭА және «Қазақстан – Қытай халықаралық өнеркәсіп қаласы» арнайы экономикалық аймақ жоба бойынша «Тауарлы бетон өндірісі құрылысын» салуды қолға алып, 4 миллиард теңге көлемінде инвестиция тартқан болатын. Алайда пандемияға байланысты құрылыс-монтаж жұмыстарын тоқтата туруға тура келді. «Қазақстан – Қытай халықаралық өнеркәсіп қаласы» басқарма төрағасы И.Фацзю және «Fujian Dazhuo Group» компаниясының басқарма төрағасы Линь Сяовудің жақында аймаққа келіп, халықаралық маңызы бар жобаны жүзеге асыру жолдарын келісуімен байланысты бұл іс қайта жанданды.
Шетелдік әріптестердің айтуынша, арнайы экономикалық аймақта жобалаушылар тобы жасақталып, қызыметшілердің штаты құрылып, шекаралық құжат рәсімдеу аяқталуда. Жақында арнайы экономикалық аймақта құрылыс жұмыстары қайта қыза түспекші.
Мырзағали НҰРСЕЙІТ