Күнделікті өмір ағысындағы айтулы мәселеге жататын қоғамға жат құбылыстың қатарында сыбайлас жемқорлық та бар. Аталмыш қоғам дертінің көрсеткіш өлшемі де уақыт өткен сайын артып бара жатқандығының өзі желкілдеп өсіп келе жатқан жас буын үшін өте қауіпті екендігі бәрімізге аян дүние. Жемқорлықтың ұрпақ тәрбиесіне кері әсер етуімен бірге мемлекетіміздің қауіпсіздігіне, дербестігіне тигізер зияны орасан. Ұлтқа, елге, болашақ ұрпаққа қасірет әкелер бұндай қоғамдық дерттен айығу үшін бәріміз жемқорлыққа жаппай қарсы тұрып күресуіміз қажет.
Мәселен, сыбайлас жемқорлық – қоғамдасқан адамдар ортасындағы өзара қарым-қатынаста пайда болып, уақыт өткен сайын шешуі қиын мәселеге айналуда. Ал біздің бұндай зиянды дертке қарсы күрестегі басты қаруымыз – әділеттілікті сақтау. Әр саналы азамат ерікті түрде ақиқатқа жүгініп, өміріміздің барлық саласында таза еңбек етіп, адалдықпен табыс тапса, айналасына өнеге болса, сол кезде сыбайластықты да, жемқорлықты да қоғамнан біржолата аластар едік. Сондықтан да «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» деп аталарымыз айтқан ғибратты сөзіндей, халық болып қарсы болғанда ғана осы бір келеңсіз құбылыстан айығарымыз анық. Мәселен, құқық, білім саласындағы сыбайлас жемқорлық немесе қарапайым жұмысқа тұру, лауазымды қызметке көтерілу сияқты қоғамдағы адамдар аралық қарым-қатынаста жиі кездеседі. Алғаш сыйластық пен туыстықтан бастау алған бұл дерт асқына келе осындай жемқорлық сипатқа ауысады.
Сол үшін де ақпарат құралдары арқылы, күнделікті өмірімізде барынша, жан-жақты аталмыш сыбайластық жемқорлық ауруынан ада болып, әділетті қоғамда өмір сүруге үндейік. Осынау адам өмірін тас-талқан ететін кесірлі кесапатқа жақындамай, сақтанып жүруге ел болып шақырайық. Осындай лас тірлігімен қоғамды былғап жүрген кінәлілердің қылмысын әшкере етудің өзі де жемқорлықтың алдын алу болып табылады. Себебі, жойқын зияндық әкелер індеттің алдын алып, көзін жою кез-келген елінің, жерінің болашағын ойлаған әр азаматтың қасиетті борышы. Өйткені осынау ауыр індет әлемдегі дамушы елдермен қатар біздің де қазба-байлыққа бай, ұлан-ғайыр жеріміздегі жас мемлекетіміздің қарыштап дамуына экономикалық тұрғыда орасан зор нұқсан келтіріп отыр.
Жас өскін балаларымызды адалдыққа, еңбекқорлыққа мектеп қабырғасынан тәрбиелеп, ерінбей ата-анамен бірлесе әрекет жасағанымыз абзал. Сондықтан да, қоғамдық қатынастағы кез-келген сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мәдениетін қалыптастыра отырып, барлық ортада пара беру мен пара алудың жолын кесуде қоғам болып белсенділік танытуымыз қажет. «Жаңа Қазақстанды» жемқорлықсыз құрайық.
Қ. ТҰРДЫҒАЗЫҰЛЫ