2026 жылғы 1 шілде – Қазақстанның конституциялық тарихындағы жаңа белес. Бүгіннен бастап республикалық референдумда қабылданған Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясы заңды күшіне енді. Бұл – жай ғана жаңа құқықтық құжаттың қолданысқа енгізілуі емес. Бұл – мемлекет пен қоғам өміріндегі жаңа кезеңнің басталғанын білдіретін тарихи оқиға.
Еліміздің конституциялық дамуының жаңа парағы дәл осы күннен басталады. Жаңа Ата Заң мемлекеттік құрылыстың негізгі қағидаттарын жаңаша айқындап қана қоймай, Қазақстанның алдағы ондаған жылдардағы даму бағытын белгілейтін стратегиялық құжатқа айналды.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Конституцияның күшіне енуіне орай жасаған үндеуінде: «Бүгін тәуелсіз Қазақстан тарихының жаңа дәуірі басталады» деп атап өтті. Бұл сөздің астарында үлкен саяси әрі тарихи мән жатыр. Өйткені кез келген мемлекеттің болашағы оның Конституциясында бекітілген қағидаттарға сүйеніп қалыптасады.
Жаңа Конституция ең алдымен адамның құқықтары мен бостандықтарын мемлекеттің ең жоғары құндылығы ретінде бекітеді. Конституция үстемдігі бұрынғыдан да күшейтіліп, барлық заңдар мен мемлекеттік шешімдердің басты өлшеміне айналады. Бұл құқықтық мемлекет қағидаттарын нығайтуға бағытталған маңызды қадам.
Ата Заңда Қазақстан Республикасының егемендігі, тәуелсіздігі, унитарлық сипаты және аумақтық тұтастығы өзгермейтін конституциялық құндылықтар ретінде нақты айқындалды. Бұл еліміздің мемлекеттілігінің берік негізі сақталатынын білдіреді.
Сонымен бірге Конституцияда алғаш рет мемлекет дамуының басты басымдықтары ретінде адам капиталы, білім, ғылым және инновация ерекше көрсетілді. Бұл Қазақстанның болашағы табиғи ресурстармен ғана емес, ең алдымен білімді, білікті әрі шығармашыл азаматтармен байланысты екенін айқын аңғартады.
Жаңа Конституция қоғамдағы құндылықтар жүйесін де жаңа деңгейге көтереді. Егемендік пен тәуелсіздікті қорғау, заң мен тәртіпті сақтау, еңбексүйгіштік, қоғамдық келісім, жалпыұлттық бірлік, экологиялық мәдениет, тарихи-мәдени мұраны сақтау және жауапты отаншылдық мемлекеттік саясаттың негізгі бағдарларына айналып отыр.
Бұл өзгерістердің барлығы азаматтардың күнделікті өмірімен тығыз байланысты. Ендігі жерде адам құқықтарын қорғаудың конституциялық кепілдіктері кеңейіп, мемлекеттік органдардың жауапкершілігі арта түседі. Сонымен қатар цифрлық құқықтарды қорғау, дербес мәліметтердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету және азаматтардың мемлекет ісіне қатысу мүмкіндігін кеңейту секілді жаңа бағыттар конституциялық деңгейде бекітілді.
Жаңа Конституция билік тармақтары арасындағы тепе-теңдікті жетілдіруге де ерекше мән береді. Қазақстан Халық Кеңесінің құрылуы, Конституциялық Соттың қызметін жалғастыруы және мемлекеттік институттардың өкілеттіктерін қайта бөлу мемлекеттік басқару жүйесінің тиімділігін арттыруға бағытталған.
Бұл өзгерістердің түпкі мақсаты – әділетті, ашық әрі жауапты мемлекет қалыптастыру. Мемлекеттік институттар қоғам алдында бұрынғыдан да есеп беретін болады, ал азаматтардың пікірін ескеру мемлекеттік саясаттың маңызды тетігіне айналады.
2026 жылғы 1 шілде – Қазақстанның жаңа тарихи кезеңінің бастауы. Бүгіннен бастап еліміз жаңа Конституциямен өмір сүре бастады. Бұл – тек заңнамалық өзгеріс емес, қоғамдық сананың жаңаруы мен мемлекет дамуының жаңа бағытын білдіретін маңызды белес.
Алдағы уақытта жаңа Конституцияның әрбір қағидасы нақты заңдар арқылы жүзеге асып, мемлекеттік басқару тәжірибесіне енгізіледі. Оның нәтижесі азаматтардың құқықтарының қорғалуынан, әділ сот төрелігінен, мемлекеттік органдар жұмысының ашықтығынан және қоғамдағы заң үстемдігінің нығаюынан көрініс табуы тиіс.
Тарихта кейбір күндер жаңа дәуірдің бастауы ретінде есте қалады. 2026 жылғы 1 шілде де сондай күндердің бірі. Бұл күн – Қазақстанның жаңа конституциялық кезеңге аяқ басқан күні. Ендігі міндет – жаңа Ата Заңда бекітілген қағидаттарды өмірде толық жүзеге асырып, құқық үстемдігіне негізделген, әділетті әрі қуатты Қазақстанды бірге құру.
Молот СОЛТАНАЕВ,
«Жаркент айнасы» газетінің Бас редакторы










